ОЛ МҰНАЙДЫ, МҰНАЙ ЕЛДІ КӨТЕРДІ
— Нұрлан Өтепұлы туралы айтқанда, алдымен, оның мұнайшы екендігі тілге оралады.
— Шындығында солай. Еңбек жолын қатардағы оператордан бастағандықтан, ол осы саланың қыры мен сырын жақсы білетін-ді. Ел экономикасында мұнай мен газдың маңызын, оның сыртқы байланыстағы рөлін жоғары бағалаған Елбасы 1994 жылдың шілдесінде Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігін құру турлы Жарлық шығарды. Араға төрт ай ғана өткенде министр ауысып, басшылық тізгіні Нұрлан Өтепұлына берілді.
Сол кездегі қазақстандық жоғары ортада ол белгісіз адам еді. Атырауда туған, Маңғыстауда еңбек жолын бастаған жігіт. Осында ірі бірлестіктің бас инженері лауазымына дейін көтерілген. Ал, 39 жасында Мәскеуге КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігіне жұмысқа шақырылған. Тоқсаныншы жылдардың басында кеңестік жүйе күйреп, кейбіреулер ескексіз қайықтай күй кешкенде, ол өзімен пікірлес мамандардан топ құрып, Америка Құрама Штаттарының Массачусет университетінде нарықтық экономиканың құпиясымен танысты. Кейін тағы да өзі бастап, қазақстандық мамандардың АҚШ пен Канадада мұнай компанияларында тәжірибеден өтуін қамтамасыз етті. Соңынан бұл шара жалғасын тапты. Бүгінде Бостонда бірін-бірі ауыстырып тұратын қазақстандық инженерлердің тұрақты тобы қалыптасты. Ал, министрлік қызметіне дейін Нұрлан Өтепұлы «Шеврон» компаниясының бас кеңсесінде жұмыс жасады.
Ал, басқару тетігін қолына алған министрді нендей іс күтіп тұр еді? Бұрынғы КСРО экономикасына әбден кірігіп кеткен Қазақстанның мұнай-газ саласы одақ тарағаннан кейінгі ауыр салмақты бірден сезінді. Алдымен, тапсырылған мұнайдың төлемі тоқтатылды. Кеңестік кезде мұнайшылар өнімін шартты бағамен тасымалдаушыларға тапсыратын. Түпкілікті тұтынушымен ешқандай байланыс болмады. Өйткені, кәсіпорынды қолдауға қажетті қаржыны одақтық салалас министрлік бөлетін. Одақ тараған соң бұл жүйе мүлдем бұзылды. Мұнайшылар бұрғышыларға, кен орындарына сервистік қызмет көрсететін құрылымдарға берешектерін қайтара алмады. Соның салдарынан мұнайшылар тоғыз айға, ал бұрғышылар мен құрылысшылар жылға жуық жалақыларын алмады. Бюджетке түсім түспеді. Бұл өз кезегінде мұғалімдер мен дәрігерлердің, өзге де бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысы төленбеуіне соқтырды. Жалақының орнына сол кезде күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік беріле бастады. Мұнай өндіруші кәсіпорындардың қарызы миллиардтаған теңгемен өлшенді.
Оның үстіне, мұнай өнімдері ауыл шаруашылығы құрылымдарына қайтарымсыз жөнелтілді. Өйткені, соңғыларының төлейтін ақшасы жоқтығы белгілі еді. Соған қарамастан мыңдаған тонна жанармай аттандырылды. Оның үстіне, сол кездегі үкімет басшысының нұсқауымен «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігінің 40 млн. доллары сол жақта мұнай өңдеу зауытын салуға алынды. Ақыры жоба жүзеге аспады, қыруар қаражат желге ұшты. Тағы да жоғарының нұсқауымен 100 мың тонна мұнай наубайханалар, шұжық шығаратын шағын зауыттар, өзге де осындай нысандар тұрғызуға жұмсалды. Мұнайшылар еңбегіне Алматыда батыстың үлгісімен сыраханалар мен барлар қаптап кетті. Жаңадан құрылған «КазахстанКаспийшельф» компаниясынан 20 млн. доллар алынды. Міне, сол кездегі үкімет басшылығы осы қомақты қаражатты орнымен жұмсағанда, мұнай-газ саласы соншалықты күйзелмес те еді.
Қаржы дағдарысы негізгі қорды қолдауды, өндірістік және әлеуметтік салада инвестициялық белсенділікті әлсіретуге соқтырды. Өнімсіз текке тұрған ұңғымалар саны көбейді.
— Осындай жағдайда жаңа министр нендей қарекет істеді?
— Нұрлан Өтепұлы, әрине, маман ретінде алдымен шикізат базасын жан-жақты зерттеді. Бұл кезде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны жұмыс жасап жатқан. Қарашығанақ кеніші «Аджип-Бритиш Гэс» альянсына тапсырылмақ. Өзгелері мұнай өндірудің соңғы сатысында еді, олардан көп қайтарым күтуге болмайтын. Әйтсе де, министрдің пікірінше, солардың жиынтығы ел экономикасын мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге, сыртқа сату арқылы валюталық түсім түсіруге жеткілікті еді. Әрине, шикізат базасын дамыту үшін кең көлемде іздестіру шараларын жүргізу керек. Алайда, бұл қомақты қаражатты қажет етті.
Бастапқы екі-үш аптада Нұрлан Өтепұлы іс барысымен танысты. Ал, қарашаның басында барлық мамандарға саланы дамыту бағдарламасын дайындауды жүктеді. Қысқа мерзімде саланы зерттеген министр қай бағытқа басымдық берілуі керектігін нұсқады. Шетелдік капиталдың келуімен мемлекеттік кәсіпорындардың минералдық-шикізаттық базасы азайды. Алайда, көмірсутегі қорының мөлшері мен өнім өндіру көлемі мұнай өнімдерімен өзімізді ұзақ мерзімге қамтамасыз етуге жеткілікті. Мұнай-газ саласының қаржылық жағдайы оның өнімдерін экономиканың басқа бағытына қайтарымсыз алу салдарынан нашарлаған. Отандық инвесторлардың белсенділігі соңғы жылдары 4-5 есе кеміпті. Мұның сыртында салада нарықтық қатынастарды қалыптастыру, халықаралық деңгейдегі мамандарды дайындау, ұлттық техникалық нормативтерді енгізу, сервистік инфрақұрылым мен машина жасауды дамыту, т.б. толып жатқан міндеттер тұрды. Осы үлкен жұмысты министрлік мамандары мен компаниялар өкілдері атқарып шықты. Солардың кейбірі қазір де арамызда, бәрін атап шығу мүмкін емес.
Сол 1994 жылдың 10 қарашасында еліміздің мұнай-газ саласын дамыту жобасы дайын болды. Бір аптадан соң ол Үкімет отырысында қорғалды. Ол кезде Үкіметтің 40 шақты мүшесі болатын. Кеңеске шақырылғандарды қосқанда жүзге жететін. Міне, осыншама адам сол тарихи құжаттың қалай қабылданғанына куә. Нұрлан Өтепұлы солардың алдында мұнай-газ саласын қалай сауықтырып, одан әрі дамыту қажеттігін баяндап берді. Ешкім қарсы шықпады, ешқандай ескертпе де жасамады. Тек Премьер-министрдің бірінші орынбасары Виталий Метте ғана жобаның өзімен келісілмегенін айтып қалды. Алайда, уақыт күтпейтін еді. Сөйтіп, Үкіметтің бағдарламалық құжаттарында Нұрлан Өтепұлының барлық ұсынысы көрініс тапты. Міне, еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға бағытталған тұңғыш бағдарламасы осылай пайда болды. Кейінгі жылдар оның дұрыстығын дәлелдеді.
Министр дайын өнімді тұтынушыға жеткізер жолдағы аралық буындардың жойылуына жұмыстанды, мұнайшылардың жалақысы берілуін қамтамасыз етті, жаңа кеніштерді қатарға қосты, «қара алтын» тасымалын қалыптастырды, шикізатты өңдеуді жақсартты. Осының бәрін Нұрлан Өтепұлы Мұнай және газ өнеркәсібі саласын басқарған бір жылдың ішінде жүзеге асырды. Ол ет пен сүйектен жаралған адамнан қаншама күш-қуатты қажет етеді десеңізші…
— Елімізге алғашқы инвесторлардың келуі де сол жылдары емес пе?
— Шетелде білім алып, білігін жетілдірген Нұрлан Өтепұлы инвесторлар күшімен көп іс тындыруға болатындығын бірден ұқты. Сондықтан, мұнай жобаларына байланысты көптеген халықаралық форумдарға қатысты. Солардың қатарында Венадағы, Давостағы ірі басқосуларды атауға болады. Өз сөзінде Нұрлан Өтепұлы Қазақстанды шетелдіктер алдында қомақты инвестиция салуға тұрарлық, келешекте ірі мұнай өндіруші және тасымалдаушы ел ретінде таныта сөйлейтін. Сонысымен-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен танылған. Әйтсе де, алдымен мемлекет мүддесін ойлап, өз халқының патриоты екенін де білдірді. «Нью-Йорк Таймс» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның мұнай-газ саласының кемел келешегі, инвестициялық тартымдылығы жөнінде кеңінен әңгімелейді. Сол қиын кездің өзінде 1995 жылы Калифорнияның Сан-Диего қаласында қазақстандық кәсіпорындардың көрмесін ұйымдастырды.
Әрине, инвестиция тарту да оңай емес. Сондықтан, шетелдіктерге ұсынылатын жобалар сан мәрте сүзгіден өтті. Егер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында 60 шақты жоба болса, әбден сұрыпталған соң солардың жетеуі ғана қалды. Олар – Теңіз, Қарашығанақ және Өзен кеніштерін одан әрі игеру, Солтүстік-Каспий кеңістігінде геология іздестіру жұмыстарын жүргізу, Теңіз-Новороссийск және Кеңқияқ-Құмкөл тасымалдау жүйесін салу, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобалары. Қазір көріп отырғанымыздай, осылардың бәрі жүзеге асты. Солардың бәрі о баста Нұрлан Өтепұлының ұшқыр қиялынан туған бастамалар болатын. Әр жоба бойынша жан-жақты сараптама жүргізілді. Шетелдіктермен жұмыс барысында оларда қалыптасқан жүйені қазақстандық тәжірибемен ұштастыруға тура келді. Осындай үлкен ұйымдастыру шараларының нәтижесінде 1995 жылдың соңында салада 18 бірлескен кәсіпорын құрылды. Осы жылы ғана 1 млрд. 880 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл – сол кездің өлшемімен өте зор қаражат.
Осы жобалардың әрқайсысын кеңінен таратып айтуға да болады. Бірақ, мен қысқаша ғана шолып өтейін. Мәселен, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының 1994 жылғы қорытындысы сараланды. Оның нәтижесі ойдағыдай емес екен. Мұнай өндіру көлемі кеміген. Бірлескен кәсіпорынды құру барысында оған қатысушылар енгізген 1 млрд. 640 млн. доллар жұмсалып біткен. Компания одан әрі жұмыс жасауы үшін Қазақстан тарапынан қосымша қаржы қажет. ТШО-ның өндірістік шығыны өте көп. Демек, оны жергілікті материалдар есебінен кеміту керек. Сырттан шақырылған мамандардың бірқатарын, мәселен, еден сыпырушылар мен асхана қызметкерін, осы жақтан да табуға болады. Жұмысшылардың жалақысы да азайған. Міне, осының бәрі Нұрлан Өтепұлы құрған комиссияға біраз тер төгуіне тура келді. Ал, Үкімет басшысы оның қорытындысын соңына дейін жеткізді. Тіпті, бірлескен кәсіпорынның бас директорын ауыстыру шарасы жүзеге асырылды.
Нұрлан Өтепұлының табандылығы Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтандыру кезінде көрінді. Соған дейін екі жыл бойы Ұлыбританияның «Ронар Сервисес» пен Францияның «Гидрокарбон Инжиниринг» компанияларымен нәтижесіз келіссөздер жүріп жатқан. Олардың ұсынған бағасы да қымбат және аванс ретінде мұнай сұрады. Мұндағы жағдайды көрген соң министр тізгінін қолына алған Нұрлан Өтепұлы жапон инвесторларын ойластырды. Күншығыс еліне сапар шекті. Жапондықтармен бұрын да азды-көпті байланысымыз бар болатын. Олар әдетте бірнеше жобаны сұрап, солардың ішінен тартымдысын таңдайтын. Ал, Нұрлан Өтепұлы оларға мұндай мүмкіндік бермеді, тек Атырау мұнай өңдеу зауыты туралы ғана айтты. Кейін бірлескен жоба іске асырылды.
Үкімет басшысы ретінде Теңіз кенішінің мұнайын Қара теңіз арқылы әлем нарығына шығаруға қаншама тер төкті. Алдымен, 1992 жылғы 17 маусымда Қазақстан және Оман Сұлтандығы арасында Каспий құбыр консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды. Сол жылғы 23 шілдеде Ресей қосылды. Мұнда да жобаны қаржыландыруға қатысты біраз бас ауыртуға тура келді. Ақыры Қазақстан жағы ұсынған басқару құрылымы қолданды. Нұрлан Өтепұлының айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселе төңірегінде ресейлік басшылармен 1995 жылдың өзінде 13 мәрте кездесіпті. Мәскеуде жобаға қатысуға тілек білдірген отандық және шетелдік іргелі компаниялар жетекшілерінің отырысы өтті. Үкімет басшысы ретінде Нұрлан Өтепұлы Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путинге хат жазды. Осындай ірі ұйымдастыру шаралары нәтижесінде Каспий құбыр консорциумы өмірге келіп, бүгінде толыққанды жұмыс жасауда.
Өзен кенішінде мұнай өндіру көлемі күрт кеміп кетті. Ол Теңіз бен Қарашығанақтан кейінгі үлкен кен орны саналатын. Инвестиция керек болды. Тіпті, турасын айтқанда, сол кезде 60 мыңдай халқы бар Жаңаөзен қаласының өмір сүруіне қауіп төнді. Нұрлан Өтепұлы Бүкіләлемдік банктен 109 млн. АҚШ долларын алуға қол жеткізді. Сайып келгенде, бұл – нақты жобаға халықаралық ұйымнан алынған бірінші қарыз. Соның нәтижесінде әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асты, халықтың әл-ауқаты артты.
— Әңгіме өзегін әлеуметтік ахуалға ауыстырсақ. Нұрлан Өтепұлының бұл бағытта да сіңірген еңбегі зор емес пе?
— Сол кезде Мұнай өнеркәсібі министрлігіне Жаңаөзен мен Ақсайдың, Құлсары мен Кеңқияқтың – барлығы 23 кенттің, екі село мен бес вахталық қалашықтың әлеуметтік инфрақұрылымы түгел қарайтын. Сонымен қатар, Атырауда, Ақтауда, Оралда, Ақтөбеде, Павлодарда, Шымкентте, Қызылорда мен Октябрскіде біраз нысандар мен тұрғын үйлер болды. Міне, 1995 жылы өндірістік бағдарламамен бірге мүлдем ұмыт қалған әлеуметтік құрылысты да жаңғыртуға тура келді. Осы бағытта 6 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді.
Атап айтқанда, Жаңаөзенде бесінші ықшам аудан мен Вокзал көшесінде тұрғын үй, Теңге кентінде мектеп, Кендірліде демалыс аймағы, кен орындарында медициналық-сауықтыру кешендері, 50 орындық мейманхана құрылыстары жоспарланды. Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» бен Атырау мұнай өңдеу зауытының мәдениет үйлері, стадионның футбол алаңы күрделі жөнделіп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Әр мұнайшылар кентінде халықтың тұрмысына қажетті жағдайлар жасалды. Ал, Теңіз кенішінің санитарлық аймағына кіріп кеткен Қаратон мен Сарықамыс кенттерінің тұрғындары өзге орынға көшірілді.
Осы орайда атап айтар жай – мұндай үлкен жұмыстарды жүзеге асыруда сол кезде министрдің кеңесшісі қызметін атқарған Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаев еңбегінің зорлығы. Үкімет мүшелері мен мұнайшылар арасында бай кәсіби және жоғары жеке беделі бар ол барлық әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық нысандарды есепке алды. Оның назарынан бірде-бір тұрғын үй, клуб немесе аурухана, наубайхана мен бу қазандығы қағыс қалмады. Ақырында, соның құрған жоспары министрдің өзі мен кәсіпорындардың бас директорлары қатысқан кеңейтілген мәжілісте талқыланды. Сөйтіп, 1995 жылы қаржылық жағдайдың ауырлығына қарамастан, мұнайшылар мекендерін сауықтыру үшін алты миллиард теңге жұмсалды.
Бұдан басқа Нұрлан Өтепұлы «қара алтын» өндірушілер арасында ұжымдық бірлікті, әріптестік қарым-қатынасты қалыптастырды. Үкіметтегі жұмысынан «Қазақойл» компаниясына оралған соң еңбек ұжымдары арасында кәсіби шеберлік, спорт спартакиадасы мен көркемөнерпаздар байқауын өткізуді қолға алды. Мәселен, 2000 жылы үздіктерді марапаттауға жеңіл көліктер берілді. Бұл шара келесі жылы да ұйымдастырылды. Қазір осы дәстүрді «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы жалғастырып келеді. Жергілікті кәсіпорындардың 100 үздік қызметкерін жұбайларымен бірге Астанаға шақырып, салтанатты шараға қатыстыруы – айта қаларлықтай оқиға. Турасын айтқанда, Нұрлан Өтепұлы бастаған көп шара бүгінде дәстүрге айналған. Әрі, әр шара барысында халыққа қажетті игілікті іс атқарылуда. Мәселен, Доссордың 90 жылдығында сондағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, кент газдендірілді.
Жалпы, Нұрлан Балғымбаевтың еліміздің мұнай-газ саласының дамуына сіңірген еңбегі зор. Көмірсутегі шикізатының қорын көбейту, инвесторлар алдында отандық мұнайшылардың мүддесін қорғау, т.б. мемлекеттік маңызы бар шараларда ешкімнен тайсалмай, өз ойын ашық айтатын. Қорыта айтқанда, ол мұнайды, ал мұнай елді көтерді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.