Жарнама
Қоғам

«Өмірімді өзгерткен ұстаным»

Қазақтың қара домалақ баласы әлемді бағындырып жүр. Атыраулық Азат Ержан әлемдегі ең бай елдердің бірі Катардың «Катар энерджи» деп аталатын ұлттық мұнай-газ компаниясында табысты еңбек етуде. Ол бұған дейін республикамыздың  беткеұстар іргелі кәсіпорындарында жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған екен. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Англияның Манчестер университетінен білім алған жерлесіміз бүгінде әлеуметтік желіде белсенділік танытып, мансаптық өсу,  жақсы қызметке орналасу жөнінде пайдалы ақпараттармен үнемі бөліседі. «Белгілі саясаткер немесе экономист болмасам да, қазақ жастарының білім-ғылымға, шетел тілін меңгеруге деген құштарлығын оятып, ынтасын арттырсам, дұрыс бағыт берсем, соның өзі менің туған елімнің өркендеуіне қосқан аз да болса үлесім болар еді» дейді Азат. 

Кемел келешектің көлеңкелі тұстары

Алғашқы еңбек жолын Атыраудан бастаған Азаттың арманы асқақ, мақсаты биік. Ол пайдалы қазбаның «үстінде отырған» туған жерінің болашағы жарқын болса екен деп тілейді.

25c0a789 77c7 47b7 a89a 5970334cdeb0

– Алысқа бармай-ақ қоялық, бізге Катар елінен үлгі алуға болатын сияқты. Мұнай өндіретін елдің қандай болатынын Дубай, Катарға келіп біле аласыз. Атырау – қазақ мұнайының астанасы саналғанымен, айырмашылық жер мен көктей, — деген Азат осындай көлеңкелі тұстарға қарамастан туған елінің келешегіне үлкен үмітпен қарайды.

Оның пікірінше, бүгінде тәуелсіз мемлекетімізде өзі еңбек ететін ІТ-саласы қарқынды дамып келеді. Салықтық жеңілдіктер арқылы шетелдік инвесторларға да жақсы жағдай жасалған. Дегенмен, әзірге мұнайдың бағасына тікелей тәуелдіміз. Егер елімізде өңдеу өнеркәсібі секілді өзге салаларды дамытсақ «алынбайтын қамал жоқ». 

Ұлттық компанияның мүмкіндіктері

Азаттың Катар елінде жұмыс істеуі кездейсоқтық емес көрінеді. Өйткені, оның туған ағасы осы елде еңбек етіп жүр екен. Сондықтан, Катар туралы бұған дейін де жақсы таныс болып шықты. Оншақты жыл бойы бауырының қызметі жайындағы фото, видеоларына қанық Азат ол елдегі кәсіпорын, мекемелердің жалақысы жоғары екенінен хабардар болатын.

Әрине, бастапқыда шетелде жұмыс істеу туралы мүлдем жоспарламаған ол тек жергілікті компанияларда қызмет еткен.

– «Мен «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқып келдім. Сондықтан, туған елімде жұмыс істеу мен үшін парыз еді. «Бәріміз кетіп қалсақ, туған жерімізде кім еңбек етеді?» деген ой болды. Алайда, уақыт өте келе бізде девальвация басталды. Теңге құнсызданғандықтан, қымбатшылық белең алды. Мен «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істедім. Жалақым жақсы болатын. Бірақ, бұл елде айлықтың екі есе көп екенін білгенде отбасым үшін осындай қадамға бару керектігін ұқтым. Оның үстіне табиғаты да қолайлы, қауіпсіздігі жоғары. Отбасыма жақсы мүмкіндіктер ашылды. Ал, Атырау өңірінің экологиясын бәріміз де жақсы білеміз ғой, — дей келе, Азат бір кездері осы қоршаған ортамыздың ахуалынан Алматы жаққа көшуге тура келгенін де жасырмады.

Жақын арада Азаттың ата-анасы да еліміздің мегаполисіне көшпек. «Катар да Атырау сияқты. Қауіпсіздігі жағынан өзіміздің туған жерімізге ұқсайды. Түнде қалада ешқандай қылмыс болмайды. Сол жағынан маған ұнады. Оның үстіне, мұнда да барлық компаниялардың басын біріктіретін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» сияқты «Катар Энерджи» деген компания бар. Мен қазір тұрақты әрі тікелей келісім-шартпен осы компанияда еңбек етемін, — дейді  Азат. 

Үлкен тәжірибе мектебі

Атыраудағы қазақ-түрік лицейін (қазіргі Білім-инновация лицейі) тәмамдаған Азат Ержан Сүлеймен Демирел атындағы университетте ІТ мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шығады. Содан кейін оқуын Англияның Манчестер университетінде жалғастырып, еңбек жолын бұрынғы «Аджип» компаниясының мердігер мекемесінен бастайды. Сол жерде екі жыл жұмыс істеп, «Теңізшевройлға» маман іздеп жатқанын естіп, тесттен өту арқылы сол кәсіпорынның ІТ бөліміне жұмысқа орналасады.

 – Сол жылдарды сағына еске аламын. Ұжымым да жақсы болды. Бірлескен кәсіпорында үлкен тәжірибе жинақтадым. Кейін белгілі бір себептермен жұмыстан шығып, Алматыға көштім. Өйткені, жұбайым дәрігер болғандықтан, оның оқуы Алматыда аяқталмаған еді. Сондықтан біраз жыл сол жақта жұмыс істеуге тура келді. Содан соң Атырауға келіп, қайтадан «Теңізшевройлға» жұмысқа тұрдым. Бірақ, бұл жолы мұнай бағасы түскендіктен, тек мердігер арқылы қызметке орналастым. Сөйтіп, «қара алтын» бағасы өскеннен кейін тағы да тікелей келісім-шартпен қызметімді жалғастырдым. Осылайша, 2022 жылы Катардағы компания қызметке шақырып, жұмысымды ауыстырған жайым бар, — дейді Азат.

Бір қызығы, кейіпкеріміздің ІТ-саласына деген қызығушылығы бала кезінен басталыпты. Оның ағасы да информатика пәні бойынша олимпиадаларға қатысатын. «Ол кезде ешкімнің үйінде компьютер болмайтын. Ал, ағам олимпиадаға қатысатындығы себепті мектеп бір компьютерді үйімізге берген еді. Сөйтіп, менің де осы салаға қызығушылығым басталды» дейді ол.

Қамқорлық – ізгі қасиет

Өмірде бір нәрсенің екінші нәрсеге себепші болатыны секілді Азаттың әлеуметтік желіде белсенді болып блог жүргізуіне оның білім алған ордасы «қазақ-түрік лицейі» себепші болыпты.

Біздің лицейде коммуникация жақсы дамыған. Үлкендер жастарға жол көрсетеді, қамқорлайды. Үнемі өзінен кейінгілерге білгенін үйретуден жалықпайды. Басқа оқу орындарынан осындай жақсы дәстүрді байқамаймын. Сондықтан, мен де өзімнен кейінгі жастарға тәжірибеммен бөліспек ниетте әлеуметтік желіде кеңестерімді айтып жүремін. Бар білгенімді айтып, кейінгілерге жол көрсетуді өзімнің парызым деп санадым. Өйткені, оның да басқаларға көмегі тиюі мүмкін. Шынымен, өзім ойлағандай жұртшылықтан жақсы тілек естіп, алғыс ала бастадым. Олар ағылшын тілін оқуға, жұмысын жақсартуға мотивация алғандарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.

Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік әлеуметтік желі арқылы дүйімжұртты аузына қаратып отыр. Оның ішінде біздің қоғамға жат нәрселер де бар. Сол себепті, мен қазақстандықтардың білім алып, өздерін дамытқанын қалаймын, осы ойымның жүзеге асқанына қуаныштымын. Ол да бір елімнің дамуына қосқан аз да болса үлесім деп білемін, — дейді кейіпкеріміз.

Ата-анама қарыздармын

«Қарлығаш ұясында не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» секілді Азаттың да үнемі ізденіс үстінде жүріп, білімін жетілдіріп отыруы балалық шақтан сақталып қалған игі дәстүр секілді. Мәселен, көп реттерде әкесі отбасы қамымен жұмыс істесе, анасы балалардың біліміне ерекше көңіл бөліпті.

«Сол үшін ата-анама қарыздармын. Анам үнемі сабағыма ерекше назар аударатын. Қазақ-түрік лицейі өмірімді өзгертті. Сол оқу орнындағы ұстаздарға алғысым шексіз. Нағашы жұртым да балаға өте ерекше көзқараспен қарайтын. Балалық шағымда еске түсіретін жылы естеліктер өте көп. Лицейге келгенде ағылшын тілінен қиналдым. Басында қиын болғанымен, ұстазымыздың арқасында сабақ өте қызықты өтетін. Сөйтіп, әр сабақта жаңа сөздер жаттауға кеңес беретін. Соның арқасында ағылшын тіліне деген қызығушылығым оянып, осы пәнді тез меңгеріп кеттім. Ол әрбір оқушыға, шәкіртке ерекше көңіл бөлетін деп ойымен бөлісті» әңгімелесушіміз.

Мақсатым – халыққа пайдалы болу

Бүгінде Азат шетелдік әріптестерінен, әлемді таң қалдырып жүрген қазақ жігіттерінен шағын сұхбаттар алып, подкаст түсірумен айналысады.

 – Мен өмір бойы жалдамалы жұмыс істегім келмейді. Рас, лауазымның өсуі, жақсы қызметке ауысу, оның барлығы да жөн екенін білемін. Алайда, мен өзімнің кәсіпкерлік қабілетімді шыңдап, бизнес иесі болғанды қалаймын. Сондықтан, қазіргі жалдамалы жұмысыма әсер етпейтін кәсіп түрін меңгергім келді. Осылайша, блог жүргізе бастадым. Бұл салада ақша бар екенін бәріміз білеміз. Сөйтіп, пайдалы ақпараттармен бөлісіп, подкасттар түсіре бастадым. Мысалы, газет те солай ғой. Жақсы жаңалықтармен, пайдалы мәліметтермен бөлісіп, халықты ақпараттандырып отырасыздар. Яғни, газеттің де, блогтың да бизнес моделі бір-біріне ұқсайды. Оқырманға қажетті оқиғалармен бөлісе отырып, монетизация жасауға болады. Газетке жарнама жариялап, табыс таба аласыз. Менің арманым да сол.

Бірінші мақсатым – қоғамға пайдамды тигізу болса, екіншісі – табыс табу. Блогты неше түрлі тақырыпта жүргізуге болады. Мәселен, әлеуметтік желіде «өтетін» жақсы тақырыптар бар. Сол арқылы миллиондап аудитория жинап, үлкен пайдаға кенеле аласыз. Бірақ, менің басты мақсатым – халыққа пайдалы болу болғандықтан, осы саланы таңдадым, — дейді Азат.

Ол әзірге блогты хобби ретінде жүргізіп жүргенін де жасырмады. Егер ол дамып кетсе, табыс көзі ретінде қарауы әбден  мүмкін. Ең бастысы, бұл процестен Азат ләззат алады екен.

Р.S: Туған жерінен жырақта жүрсе де, өзінің кіндік қаны тамған Атырау өлкесіне ұдайы жанашырлық танытып жүрген Азат Ержан енді елімізге «жасанды интеллект» дәуірі келіп жатқанын атап өтті. Бұл бағытта жұмыстанып жүрген атыраулықтар да аз еместігін айтады. Мысалы, Техаста тұратын жерлесіміз «жасанды интеллект» бойынша компания ашып, 3 миллион АҚШ доллары көлемінде таза инвестициялық табыс тауып отырған көрінеді. Оның компаниясы шығаратын өнімнің тіпті АҚШ-та теңдесі жоқ екен. Міне, осындай қазақ білімді жігіттерінің арқасында тәуелсіз Қазақстанның келешегі нық болары хақ.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button