Құнды аудармалар – қазынамыз
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының алға қойған міндеттерінің нәтижесінде қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасының жүзеге аса бастағаны игілікті іс, оң бастама деп есептеймін.
Барша қазақстандықтар үшін қолжетімді болып отырған әлемдегі ең үздік университеттердің таңдаулы оқулықтары – ел болашағы үшін аса маңызды. Биыл аударылған 18 жаңа оқулық экономика, тарих, тіл білімі, жалпы әлеуметтік және гуманитарлық салаларды қамтыды. Осы әлемдік білімнің інжу-маржандарын мемлекеттік тілде оқып-білу жастардың ана тілінде ойлап, қағазға түсіруде жетіле түсуіне себін тигізеді деп санаймын.
Осы аударылған кітаптардың арасындағы Греегори Мэнкьюдің «Экономикс» деп аталатын кітабын Гарвард университетінің студенттерін оқытуда пайдаланады екен. Бұл оқу орыны әлемнің ең үздік университеттерінің бірі десек, қазақстандықтардың осы кітапты оқуы олардың экономика туралы білімін одан әрі жетілдіруіне үлкен мүмкіндік туғызады.
Сонымен қоса, Томас Гриффиннің «Менеджмент» оқулығының қазақ тіліне аударылуы – қазіргі кездегі жасалған маңызды қадамдардың бірі. Бұған дейін біз менеджмент саласында түрлі оқулықтарды қолданып келеміз. Атап айтқанда, Майкл Мэсконның «Менеджмент негіздерін» және Стивен Робинс пен Мэри Коултердің «Менеджментін», Ричард Дафтың оқулығын орыс тілінде оқып келдік. Ал, мына кітаптың басты ерекшелігі – орыс тілінде жарық көрмегені. Бұл оқулықтың ең үлкен артықшылығы – теориядан бөлек, шет мемлекеттердегі орта, шағын, ірі кәсіпорындардағы басқару тәсілдерінің нақты компанияларда қалай қолданылғаны, сол арқылы қандай жетістіктерге қол жеткізілгені нақты кейстар түрінде келтірілген. Әр тараудың соңында талқылау сұрақтары, тапсырмалар беріледі және ол тапсырмаларды орындау үшін қандай материалдарға жүгіну керек екені сілтемемен көрсетіледі. Сонымен қоса, менеджменттің дәстүрлі, қазіргі заманғы тәсілдері мен амалдары көрсетілген. Жаңа технологиялардағы өзгерістерді қалай пайдалану керек екені де айтылады. Ең қызығы, оқулықта компаниялардың және табысты адамдардың қол жеткен табыстары ғана емес, қалай қателескені туралы да айтылады. Бұл кітап сонысымен де тартымды, қолайлы. Алғашқы тарауының өзі «Адаса жүріп жол табу» деп басталады, яғни, салған жерден басқару, менеджмент – өрлеу мен құлаудың алма-кезек ауысып отыруы екенін терең түсіндіреді.
Өзім, бұған қоса, Карен Армстронгтың «Құдайтану баяны» кітабымен танысып шықтым. Аударылу тілі түсінікті, тақырыптары қызықты. Осы кітаптан көптеген маңызды деректермен танысуға болады. Бұл – ғылыми-танымдық тұрғыда жазылған әлемдік деңгейдегі іргелі еңбек. Алдағы уақытта осы кітап еліміздің жоғарғы білім ордаларының оқу бағдарламасына енгізіледі деп күтілуде.
Орынтай БИМАНОВА,
Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру»
жобалық кеңсесінің бас менеджері.