Жарнама
Қоғам

Нұрлығайын НҰҒМАНОВ: «КӨҢІЛДІҢ ШАҢ БАСҚАН БА ТЕРЕЗЕСІН?»

 

Қаламға оралмай бір мөлдір өлең,
Ой – шашу, сезім — селкеу селдіреген.
Көңілдің шаң басқан ба терезесін,
Туы да жығылғандай желбіреген?

Күн мынау сұры қашқан тұманданып,
Көрінбей көз көрім жер мұнарланып.
Отырмын қалың ойлар орманында,
Адасқан жолаушыдай сыңар қалып.

Алаңмын әлденеге түртініп құр,
Жыр-шабыт бүгін неге іркіліп тұр?
Жанымды тұмшалаған мұң баспасын,
Қанеки, алайыншы сілкініп бір!

Күн шығар мұнар кетіп, шуақ шашып,
Аршылар көңіл көзі бұлақты ашып.
Сейілер сезімім де құлазыған,
Бойыма жігер берер, қуат тасып.

Жабырқау бұлдыр ойға берілмейін,
Тағдырдан жасық жандай жеңілмейін.
Жүректе сезім барда, шабыт барда,
Мен қалай ағыл-тегіл төгілмейін?

* * *

Аңсаған елесіңді сағымда ұшқан,
Сағынған шақтарымда жалын құшқан.
Өзіңсің ай дидарлы ақ періштем,
Кез болып бақытыма бағымды ашқан.

Сыздаған жүрек дерті меңдегенде,
Сен болдың жан сырқатын емдеген де.
Бұл күнге жұп жазбастан жетер ме едік,
Ғашықтық бойды билеп жеңбегенде?

Өзің боп сағынғанда айтар әнім,
Атыңды талай мәрте қайталадым.
Білмедім сені ойлаған кездерімде,
Жанымның қалай ғана жай табарын?

Сезімнің шоқтай ыстық ырқына еріп,
Жүректің қалауы мен сертін берік,
Сақтап біз өмір бойы бір келеміз,
Жалғанның қызығы мен дертін көріп.

Сөнбеген жүректерде алау, жалын,
Басқаша түсінбеймін қалау барын.
Аялап кіршіксіз ақ махаббатты,
Өтермін ғашық болып саған, жаным!

* * *
Күз жетіпті-ау, сездім мен тоңғанымды,
Көктем кетіп, жаз өтіп, оңғанымды.
Бәрі тозған, жұлынған жапырақтар,
Басып қапты соңымда жолдарымды.

Сонау қырлар, көлбеген белестері,
Кеше ғана гүлді алқап емес пе еді?
Қалай жылдам өзгерткен қайран уақыт,
Ойда тек сол шақтардың елестері.

Жел ұшырған қаңбақтай сырғанатып,
Әр пендеге үстемдік қылған уақыт.
Жер бетінде шарлаған жолдарымды,
Кейде мен де ойлаймын мұңға батып.
Басқа салған тағдырға бағынумен,
Көктем, жазды сарғайып сағынумен.
Күз де жетті, қаһарлы қыс та келер,
Жаратқанға өтерміз табынумен.

* * *
Тербетіп құшағында құндақтаған,
Отансыз таң атпаған, күн батпаған.
Отбасы – жылы ұяң, кіші Отаның,
Сондықтан, ол ерекше қымбат саған.

Отбасың – алтың ұяң түлеп ұшқан,
Талап пен қанат берген күнді құшқан.
Ол сенің бауырларың, тілеулесің,
Отырар саулығыңды тілеп тыстан.

Не жетер отбасының жылуына,
Сәбидің шат күлкісі, қылығына.
Аналық мейіріммен аялаған,
Айнымас сезімдердің тұнығына.

Аласың шалғай кетсең жиі есіңе,
Сағынып жылы ұяңды сүйесің де.
Қадірін отбасының білмегендер,
Өкініп, ұшырап жүр киесіне.

Дүниенің тартқан сыйы тәуіріне,
Разы бол соны берген Тәңіріңе.
Барыңа қанағат қыл, ей, азамат,
Жете біл отбасының қадіріне!

* * *

Көк кептерім!
Аялап, сылап ұшырғанымда,
Қолымнан жемді ұсынғанымда,
Дүр сілкініп ап аспанға беттеп,
Қайырылмай кеттің құсым маңыма.
Жердегі лас тірліктен безіп,
Біржола сенің ұшынғаның ба?

Қайдасың, құсым?
Аяздан суық қорғалағанда,
Нөсерлі жауын сорғалағанда.
Пана боп саған, ықтасын болып,
Ши менен бұта қорғай ала ма?
Шырқаған құсым, еркіндік аңсап,
Аңшылар құрған тордан аман ба?

Аман бол, құсым!
Дүниенің шалқар айдынында да,
Жолықпай бейнет, қайғы, мұңға да.
Өмірдің өзі кез келтіретін,
Тағдырдың талай ауыр сынында.
Қырғидан әркез аман бол, құсым,
Оқ тимей мамық қауырсыныңа.

Самғай бер, құсым!
Туған жер төсін ерінбей шарлап,
Қалықтап ұшып көгімде парлап.
Өмірдің бейбіт белгісі болған,
Жыр жаздым бүгін өзіңе арнап.
Көгілдір көкте самғай бер, құсым,
Жақсылық жырын еліме арнап!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button