Құтқарушылар атыраулық баланың арманын орындады (+ФОТО)

img 20220421 wa0047 ФОТОГАЛЕРЕЯ

Мемлекет басшысының Қазақстанда 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы аясында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Кадр саясаты басқармасының ұйымдастыруымен үш жасар бала Альтаир Бақытұлының арманы орындалды.

Үсенхан Альтаир Бақытұлы кішкентай кезінен өрт сөндіру көліктерін жинап, өрт сөндірушілер туралы мультфильмдер көргенді ұнатады және оның арманы нағыз құтқарушыларды көру, өрт сөндіру көлігіне отыру екен.
Әзірге коллекциясында автоцистерна, иінді өрт сөндіру автокөлігі, автосаты және т.с.с барлығы 15 көлік бар, өрт сөндіру көліктерін көргенде ол қатты қуанып, «өрт сөндіруші, өрт сөндіруші!» деп бала тілімен былдырлайды.
Үш жасар баланың арманын жүзеге асырумен Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері айналысты.
«Ұлым екі жасынан бастап өрт сөндіру көліктеріне қызығушылық таныта бастады: ойыншықтар дүкенінде тек соларды таңдайтын», – дейді баланың әкесі.

Сценарий бойынша: өрт сөндіру көлігі бала тұратын аулаға келді. №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау капитаны А.Закраилов екінші қабаттың терезесіне автосаты арқылы көтерілген болатын, ол кезде Альтаир ештеңеден күдіктенбеді, бірақ терезеден өрт сөндірушіні көргенде қуаныштан төбесі көкке жетті.

Автосаты арқылы Альтаир мен әкесін аулаға түсірді. Содан кейін Альтаир мен оның әпкесі өрт сөндіру көлігінде мініп, Атырау қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне экскурсияға кетті.
Кішкентай Альтаирді Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қарсы алды. Алдымен өрт сөндірушілер автокөліктегі шартты өртті сөндірді. Альтаир мұның бәрін өз көзімен көргенде ерекше жігерлене түсті. Оның эмоцияларынан бойындағы жауынгерлік рухы, батыл мінезі бар екендігі айқын болды.

Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Есполов Мақсот Еркебұланұлы кішкентай қонақтарды қолданыстағы өрт сөндіру техникасымен таныстырып, олардың артықшылықтары туралы айтып берді. Альтаир олардың әрқайсысын қуана қарады. Содан кейін ол АС-50-де отырып, оның не үшін қолданылатыны туралы білді.

«Үш жасар баланың өрт сөндіру көлігіне отыруды армандайтынын білген соң, біз бірден оның арманын орындауға шешім қабылдадық. Өрт сөндірушілермен өткізілген бірнеше сағат Альтаирге қуаныш сыйлады деп сенеміз. Балалар өртті қалай сөндіру керектігін көрді, өрт сөндіру көлігіне мінді. Баланы кішкентай кезінен өрт қауіпсіздігіне үйрету қажет. Альтаирдің ата-анасы баланың өрт сөндіруші болуды армандайтынын айтты. Бұл-қайсарлық пен батылдықты талап ететін игі іс. Мамандықпен танысқаннан кейін, Альтаир өзінің арманын мақсатқа жеткізе алады деп үміттенеміз. Болашақта Альтаирді біздің қызметімізден көргіміз келеді», – деді М.Есполов.

№1 МӨСБ өткізілген экскурсия қонақтарға ұнады. Сондай-ақ, қонақтарға әрқашан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігі айтылды. Соңында қызмет бастығы азаматтық қорғау подполковнигі М. Есполов жеке құрамның атынан Альтаирге оның коллекциясы үшін өрт сөндіру көліктерінің жинағын сыйға тартты.

«Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз