ҰМЫТЫЛМАС ЕСТЕЛІКТЕР

Өз өмірімнің отыз жылға жуық уақытын партия, кеңес органдарына арнаған екенмін. Сол отыз жылдың ішінде облыстық комитеттің хатшысы болған төрт азаматпен жұмыстас болыппын. Олардың әрқайсысының да аймаққа қосқан үлесі зор еді. Солардың ішінде еңбек жолын қарапайым малшыдан бастап, облыстың бірінші хатшысына дейінгі ұзақ та, абыройлы жолдан өткен Оңайбай Көшековтің жолы да, орны да ерекше еді.

Оңекең өзінің жастық шағынан-ақ еңбекқор, қағылез, өте энтузиаст қасиеттерімен танылған тұлға еді. Онысын Оңекеңнің облысты басқарған жылдарында жиі-жиі көріп жүрдік. Оның біліктілігі, ең қиын жағдайларда жол тауып кететін ерекше тапқырлығы, шешім қабылдаған кездегі әр уақытта да елден ерекшеленіп тұратын ерек қабілеті мүлдем бөлек еді. Және бір атап өтерлігі, қауырт та, қарбалас шақтарда Оңекең кәсіпорындар мен шаруашылықтардың жұмысшыларымен кездесуге уақыт тауып, олар қойған қандай қиын мәселелерді де орайын тауып, білгірлікпен шешіп отыратын. Олардың ең шалғай аудандардағы, әсіресе, селолық елді мекендердегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайларын сұрап біліп, облыс аумағындағы барлық жағдай жөнінде  әр уақытта да жеткілікті деңгейде хабардар болып отырушы еді. Және осындай тәртіпті өз қарамағындағы барлық қызметкерлерден де қатаң талап етіп отырды. Ал, мұндай мықты тәртіп қалыптасқан жерде жұмыстың да жоғары нәтижелі болатыны белгілі. Демек, 1970-85 жылдардағы облыстың экономикалық көрсеткіштерінің айтарлықтай жоғары болуы осы сөзіміздің бірден-бір дәлелі бола алады.

Оңайбай Көшекұлы, әсіресе, облыстың ауыл шаруашылығын дамыту ісіне ерекше көңіл бөліп отырды. Сол кездері облыстың картасында жаңа елді мекендер пайда болды. Шөптің аса жоғары сапалы тұқымын өндіретін  «Ақ Жайық» өндірістік кооперативі жемдік азық дайындады. «Ақтоғай» мен картоп өсіретін «Жалғансай» кешендері, сондай-ақ, сүт және бақша өнімдерімен айналысатын «ХХ партия съезі», «Көптоғай» кеңестік шаруашылықтары құрылды. Қалада «Береке» жылыжайы салынды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыстың мемлекетке өткізетін ет, сүт, жүн, қаракөл және бау-бақша өнімдерінің көлемі едәуір артты.

1983 жылдың бас кезінде Оңайбай Көшекұлының Бәйкен Әшімовті облысымызға шақырғаны есімде. Министрлер Кеңесінің Төрағасы келген күннің ертесінде-ақ Құрманғазы ауданында болып, Қиғаш пен Шарон өзендерінің бойында 20 мың гектар жерді суландыратын құрылыс салуға рұқсат алынды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін Ганюшкин селосында арнайы құрылыс ұжымдары құрылды. Суландыратын жердің көлемі 35 мың гектарға жетті. Осының арқасында жоғары сапалы малазықтық қор жасақтау қамтамасыз етілді. Нәтижесінде мал басы да өсіп, оның өнімдерінің көлемі де артты.

Сол бір жылдарда табиғат қуаң болып, кейбір шақтарда бүкіл шабындық алқаптарының түгелімен күйіп кеткен кездері де орын алғаны белгілі. Мал шаруашылығын жеткілікті жемшөп қорымен дер кезінде қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бұл қиындықтардан шығудың бір амалы ретінде бір жыл ішінде 24 шақырымға созылатын арнайы жол салынды, «Новинск» аралдарына дейін бірнеше көпір   тұрғызылды. Бұл істің бәрі де тікелей Оңайбай Көшекұлының өз бақылауымен жүзеге асып отырды.

Осындай үлкен қиыншылықтарға қарамастан, облыс жыл сайын дерлік Одақ пен республиканың ауыспалы Қызыл туларын иемденіп, ауыл шаруашылығы өнімдері Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталып отырды. Осымен қатар, экономиканың басқа салалары бойынша да үлкен жетістіктерге қол жетті. Әсіресе, балық шаруашылығын, балық өнімдерін өңдеу мен өндіруді дамыту елеулі қарқын алды. Тіпті, барлық балық ұжымдық шаруашылықтары да рентабельді жұмыс істеуге көшті.

Оңекеңнің облыс ішінде автокөлік  жолдарын салудағы өлшеусіз еңбегін де атап өтпеске болмайды. Сол кезде облыстағы ең үлкен өзекті жайлардың бірі де осы жол мәселесі болатын. Сондықтан да, облыс басшысы бұл жайды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың алдына қойып, республикалық ведомстволық органдардың, солардың ішінде республика автокөлік жолдары  министрі Л.Б.Гончаровтың, ал кейінірек Ш.Х.Бекболатовтың араласуымен алматылық жол құрылысшыларының біздің облысқа жіберілуіне қол жеткізді. Сөйтіп, айналдырған екі жылдың ішінде Атырау-Ганюшкин тас жолы салынып бітті. Ал, одан соң Атырау-Мақат-Құлсары, содан кейін Индер-Сағыз-Миялы жолдарының табаны төселді. Облыстың теміржол желісін жақсарту бағытында да үлкен жұмыстар атқарылды. Ганюшкино, Мақат, Гурьев және Құлсары станциялары қайта жаңғыртылып, Мақат-Индер темір жолы салынды.

Оңекең кадрларды дайындау ісіне де айрықша көңіл бөліп отырды. Ол Мәскеудің, Алматының, сондай-ақ, Қарағандының жоғары оқу орындары басшыларымен өзі арнайы кездесіп, біздің облыс мектептері оқушыларының аталған оқу орындарына түсулеріне үнемі жағдайлар туғызып отырды.

Оңекең туралы айтқанда, оның жеке басы туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Ол – үлкен дарын иесі. Ақыл-ойы терең, дана азамат еді. Қазақтың мақал-мәтелін жетік меңгерген және оны қажетті жерде өз орнымен пайдалана білетін Оңекең  сөзге де шешен-тұғын. Ол алпыстың абыройлы белесіне шығып, құрметті зейнет жасына жеткеннен соң да отыз жылға жуық уақыт өз ортамызда, туған жерінде өмір сүрді.

Кезінде Оңекең зейнет жасына шығып жатқан уақытта оған «Алматыдан үй алып берейік. Орталықта тұрыңыз» деген ұсыныс қайта-қайта айтылды. Сол кезде Оңекең барлық ұсыныстардан бас тартып, өзінің туған өлкесінде қалды. Бұл,  ең алдымен, Оңекеңнің кішіктігі, кісілігі және қарапайымдылығы болса, екіншіден, оның туған өлкесіне деген қимастық көзқарасына, туған ортасына деген осынша сүйіспеншілігіне тамсануға болады.

Оңекең – тамырын тереңге жайған бәйтерек. Жұбайы Айсұлу екеуі саналы ғұмыр кешіп, төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде әрқайсысы өз алдына шаңырақ болды. Рас, арамызда қазір Оңекең жоқ. Бірақ, марқұм айналасын өрісті қылып, ұрпағының өмірден өз орнын табуына жағдай жасап кетті. Осы жағынан алып қарағанда, шүкіршілік.

Есен ТАСҚЫНБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз