«ПРЕЗИДЕНТ ТАҢДАҒАН ПАРАСАТТЫ ЖОЛ»

Экономика ғылымдарының докторы

Мағауия Шырдабаев:

Дүние жүзі тағы да дүбірге толды. Жұмыр жердің бір бұрышында соғыс өрті лаулап жатса, екінші шетінде ашаршылық жайлап жатыр. Іргелі мемлекеттердің бір-біріне экономикалық санкция жариялауы өзге елдерді де қамтып, шаруашылығын шайқалтып жіберді. Осы орайда әлемдік қауымдастықпен тығыз қарым-қатынастағы Қазақстан мұндай үрдістен тыс қала ма? Соның ішінде республикада ірі инвестициялық орталық болып отырған Атырау аймағындағы ахуал қалай өзгермек?

Міне, осындай және өзге де сауалдар төңірегінде экономика ғылымдарының докторы Мағауия Шырдабаевпен ой бөліскен едік.

 

– Мағауия Тәжіғараұлы, «қара алтын» құнының құлдырауы күллі әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп отырған жоқ па? Ендеше, келешекте көмірсутегі шикізатына ғана иек арту қате тәрізді ғой.

– Әрине, қате. Мұны Елбасымыз о баста-ақ, яғни мұнай бағасы шарықтап тұрған кезде-ақ ескерткен. Ал, әлемдік нарықта «қара алтын» құнының өзгеріп тұруы – қалыпты құбылыс. Дүние жүзінде миллиондаған мұнай қоры бар Сауд Арабиясы, Иран, Ирак тәрізді ірі мемлекеттер бар. Таяу Шығыстағы елдер де көмірсутегі шикізатымен ерекшеленеді. Міне, солардағы саяси ахуалдың ширығуы, кейбір елдер арасындағы текетірес, т.б. факторлар, сайып келгенде, экономикалық салаға салмақ салады.

Әйтсе де, қайталап айтамын, тек қана шикізатқа иек артып, соны сатумен ғана шектелу дамуымызды тежейді. Сайып келгенде, сыртқа шығарылып жатқан арзан мұнайымыз өзімізге дайын өнім ретінде қымбатына қайта оралып жатқан жоқ па? Сонау кеңестік кездің өзінде-ақ Қазақстан түрлі шикізат қорына бай республика ретінде белгілі болған. Бізде Менделеев кестесінде кездесетін табиғи байлықтың бәрі бар. Міне, соны тәуелсіз еліміздің халқының кәдесіне жарататын кез келді.  Елбасының мұнай мен газды, өзге де қазба байлықтарын өндіруші елден өңдеуші мемлекетке айналу қажеттігін ұдайы айтып келе жатқандығы сондықтан.

– Енді осы экономикалық дағдарыстан Қазақстан қалай сүрінбей өтеді?

– Жоғарыда айттым ғой, әлемдік қауымдастықпен тығыз қарым-қатынаста болған соң еліміз де дүние жүзіндегі үрдістен қағыс қалмайды. Мәселен, Еуроодақ мемлекеттерінің Ресейге қарсы экономикалық санкция жариялауы бізге де әсер етеді. Есіңізде ме, көрші елдің рублі құлдырап, сондағы жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тым арзандады. Сол-ақ екен шекаралық аймақтағы қазақстандықтар солай қарай шұбырды. Қос-қостан көлік сатып алды. Тұрғын үйлерге ие болғандар да бар. Ешкім оларды тоқтатпады. Әркімнің өзіне керекті нәрсесін сатып алуға құқы бар ғой. Бірақ, соның салдарынан өзіміздің машина жасау өнеркәсібіміз тұралады. Шығыс Қазақстан облысындағы осындай кәсіпорын өнімі өтпей қалды. Нәтижесінде отандық өндірістің жағдайы нашарлады. Дайын көліктер тұтынушыға жөнелтілудің орнына, қоймаларға тоғытылды. Міне, кері әсер осындай болады. Бір қарағанда жерлестеріміз аз ақшаға қыруар байлыққа ие болды. Әйтсе де, өз экономикамызды тұралатты. Бюджетке түсетін түсім азайды.

Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстанда дамудың сара жолын салуға мүмкіндік береді. Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын бекітті. Астанадан басталатын көлік инфрақұрылымы күллі республиканы шарлайды. Сол мыңдаған шақырымдық темір және тас жолдар бойында жүздеген елді мекен пайда болады. Қаншама жұмыс орны ашылады. Елорда республиканың барлық өңірімен сенімді байланыс орнатады. Ал, жақсы жол – экономиканың күретамыры. Жолы дамыған елдің экономикасы да дамиды.

Өңдеу саласы өркендейді. «Қара алтын» құны кем болса, оны сыртқа тонналап шығару қажеттілігі де азаяды. Оның үстіне, Қытай тәрізді ірі импорт елінің өзі сұранысын тежеп отыр. Сондықтан, шикізатты ішкі нарықта көбірек қалдырып, одан дайын өнім дайындауды жолға қойған жөн. Мәселен, жоғары сапалы жанармаймен өзімізді толық қамтамасыз ету керек емес пе? Қазір еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытында қайта жарақтандыру жүріп жатыр. Егер солар сәтті аяқталса, әлемдік стандарттарға сай бензинмен ішкі тапсырысты қанағаттандырып қана қоймай, оны сыртқа шығару да мүмкіндігі туады. 

Қазақстан өзінің бейбітшілік саясаты нәтижесінде дүниенің төрт бұрышымен тең дәрежеде қарым-қатынасқа ие. Сондықтан, кейбір текетірестерден аулақпыз. Бұл да біздің әлемдік дағдарыс кезіндегі мүмкін-дігімізді аша түседі. Яғни, ешкім де Қазақстан өнімінен бас тартып жатқан жоқ. Келісімді бағасымен алуға әзір.

-Әйтсе де, теңгеміздің еркін айналымға жіберілуіне орай төл ақшамыздың құны төмендеп кеткен жоқ па?

– Қазір теңгенің еркін айналымға жіберілуіне қатысты алыпқашпа әңгіме көп. Егер есіңізде болса, мұндай жағдай бұған дейін де орын алды емес пе? Сонда да әрі-бері дүрбелең болған. Сол кезде мұндай ахуалмен алғаш ұшырасқан соң түрлі түсінбеушіліктер де орын алды. Соңынан бәрі реттелді емес пе?

Ал, теңге еркін айналымға неліктен шығарылды? Рас, қарапайым халыққа аз-кем салмақ түседі. Бірақ, түптеп келгенде, ел мүддесі сенімді қорғалады. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары жадыңызда ма? Бұрынғы байланыстар бұзылып, экономика тығырыққа тірелді. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырады. Ел бюджетінде түк қалмағандай күй кештік. Жалақы төленбеді, зейнетақы берілмеді. Ақырында, теңге еркін айналымға кетті.

Әйтсе де, сол кездегі қиындықты қазіргімен салыстыруға келмейді. Бүгінде Ұлттық қорымыз бар. Мұнайдың бағасы жақсарып, ел экспорты қалыпты жұмыс жасап тұрған шақта жинаған қаражатымыздың бір бөлігін кейінге қалдырғанымыздың пайдасын енді көріп отырмыз. Қысылған кезде соған қол созамыз. Елімізде басталған іргелі жобалар да осы қор арқылы қаржыландырылады.

Ал, теңгенің еркін айналымға жіберілуінің бір себебі – осы қордағы қаражатты сақтау. Қанша дегенмен, доллар – берік валюта. Әлем елдері долларсыздандыру саясатын бастағанымен, әзірге сыртқы сауданы сонымен жүргізеді. Оның бағамы ұдайы өзгеріп тұрады. Егер теңгенің долларға шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрсақ, онда Ұлттық қорға да салмақ түскен болар еді. Арадағы айырманы содан алынған қаражатпен жабуға тура келер еді. Бұл, сайып келгенде, ортақ қазынамызға қол сұғушылық емес пе?

Теңгені еркін айналымға жіберу арқылы экспортпен шұғылданатын компаниялардың түсімі өседі. Яғни, олар сыртқа шығаратын өнімін әлемдік бағамен сата алады. Демек, бюджетке төлейтін салығы да артады. Ал, сол салықтан қызметкерлердің жалақысы мен қарттардың зейнетақысы, мұқтаж жандардың жәрдем ақысы, т.б. әлеуметтік тұрғыдан жәрдемге зәру жандардың өтем ақысы өтеледі. Сонда, түптеп келгенде, мұндай әдіс арқылы біз кәсіпорындарды ғана емес, азаматтарымызды да қолдап отырмыз ғой. Теңгені табандап күшпен ұстап отырсақ, бюджетке де түк түспейді. Демек, әлеуметтік бағдарламалар да орындалмаған болар еді.

– Ал, осы әлемдік дағдарыстан Атырау облысы қалай өтпек?

– Біздің аймағымыздың мүмкіндігі зор. Атырауды Елбасымыздың өзі «Мұнайлы астана» деп текке атамаған. Өңірде көмірсутегі шикізатының мол қоры шоғырлануы, шетелдіктермен бірлескен ондаған компанияның жұмыс жасауы, сырттан инвестиция тарту жөнінен алдыңғы қатардан табылуымыз, т.б. оң факторлар облысты өзгелерден ерекшелендіреді. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кепілі.

Елбасы айтқанындай, қазіргі қиындықтар өтпелі. Қазақ «бір жамандықтың артынан жақсылық келеді» дейді. Әлемдегі соғыс өрті шарпып, ашаршылық жайлаған елдермен салыстырғанда жағдайымызға шүкіршілік айтуымыз керек. Жұбан ақын Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан не өтпеген? Бұл ауыртпалықты да бірлескен күш-жігермен еңсеріп кетеріміз кәміл.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз