ӘР ТАУАРҒА – БІРЫҢҒАЙ БЕЛГІ

Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті  облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып  кәсіпкерлерге алкогольді өнімдерді таңбалау ережесіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында «дөңгелек үстел» өткізді. Онда  кәсіпкерлерге еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің алкогольді өнімдерді тарату және тасымалдау туралы қаулысында көрсетілген мәселелер кеңінен түсіндірілді.

Жиынға төрағалық жасаған облыстық тұтынушылар  құқықтарын қорғау департаменті  басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтың айтуынша, Кеден одағының техникалық регламентінің және ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін алкоголь өнімдерін сырттан Қазақстан аумағына  әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге шектеу қойылды.

– Бүгінгі «дөңгелек үстелді» өткізудің мақсаты, – деді  облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің тамақ өнімдері бөлімінің басшысы Мариям Меңдіғалиева, – 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап   Кеден одағының техникалық регламенті талабына сәйкес емес өнімдер саудада болмауы керек. Соның ішінде, алкогольді өнімдер техникалық регламенттер талабы бойынша міндетті түрде мемлекеттік тілімізде және орыс тілінде аудармасы болуы тиіс. Техникалық регламентте көрсетілген бұл  талаптар тек алкогольді өндіруде ғана  емес, азық-түлік тауарларында көрсетілуі тиіс. Яғни, заттың атынан бастап, оның құрамы, дайындаған мерзімі, жарамдылық мерзімі – бәрі болуы шарт. Өйткені, азық-түлік өнімдерінің пайдалану мерзімі өтіп кетуі немесе басқа да жағдайлар оның  шығарған уақытымен тығыз  байланысты. Сонымен қатар, барлық өнімдерде еуразиялық сәйкестік, яғни бірыңғай белгісі болуы міндетті. Осы талаптарды әрбір тұтынушымен Кәсіпкер білуі керек.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ардақ Төкенова жергілікті кәсіпкерлерді алаңдатқан  көптеген сұрақтарға жауап бере келіп, олардың кәсіпкерліктің қандай түрімен де айналысуына барлық жағдай жасалынып отырғанын айтты. Кәсіпкерлердің ендігі жерде өнімді сырттан әкелмей, өзімізде өндіруіне мүмкіндік  бар. Бұл орайда  Атырауда отандық өнімді  көптеп шығаруға болады. Оған  толық жағдай жасалып отыр. Бизнестің жол картасы, жұмыспен қамту, агробизнес, «Сыбаға» секілді бірнеше мемлекеттік бағдарламалар  – соның  айқын дәлелі.

«Дөңгелек үстел» шарасын қорытындылаған Амантай Төлегенұлы   кәсіпкерлерге заңды тұрғыда түсінік беретін мұндай кездесулер алдағы  уақытта жиі өткізілетінін айтты.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз