«БЕС ЕСКІ» мен «БЕС ЖАҢА»: бұрынғы жыл мезгілдері мен амалдар атауы қайран қалдырады

12 Жаңалықтар

Қазақ халқы ежелден жаңа туған айға, ерте түскен шыққа қарап табиғат құбылыстарын болжап отырған. Қыстың ерте түсетінін, көктемнің кеш келетінін де қардың жауғаны мен жануарлардың ізіне қарап аңғарған. Ал, қазіргі уақытта солардың көпшілігі ескіріп барады. Осы жолы он екі айға қарата айтылған таным-түсінікті өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

ҚАҢТАР АЙЫ

Атырау өлкесін мекендеген жұрт қаңтар айын бұрынғы уақыттарда «Дәлу» айы деп атаған. «Дәлу» мен «Қаңтар» атаулары қатар қолданылған. Ел аузында бұл айды «тентек дәлу» дейді екен. Себебі, бұл мезгілде боранды-шашынды сәттер жиі болып тұрған. Бір мезет аяз тұрса, енді бірінде түтеген боран соғады. Желтоқсан айының аяғында теңескен күн мен түн қаңтар айында өзгере бастайды. Бұл айда күн шамамен бір сағатқа жуықтап ұзарады, яғни күннің жарықтық кезеңі ұзарып молаяды. Осы уақытты сипаттайтын, ел арасында: «қаңтарда қарға адым ұзайды» деген сөз тіркесі қалыптасқан.

АҚПАН

Ақпан айы күнтізбе бойынша қыстың соңғы айы болып саналады. Алайда, ақпан бітісімен бірден күн жылынып, көктем болып кете қоймайды. Атырау-Жайық елінде бұрынғы кездерде бұл айды «Құт» айы деп атаған. Қазіргі күнтізбе бойынша ол ақпанның 14-нен басталады. «Құт» айы халық түсінігінде жақсы ай саналады. Бірақ, әр жылда әрқалай болып келеді. «Құт туғанда көлденең жатқан бір тал шөпке «жан» енеді» дейді халық. Қыста ұзақ ұйқыға кететін аңдар құт туа ұйқыларынан оянады. Табиғат ана жайлап жандана бастайды. Құттың айы туысымен көп кешікпей «Талқан қазан» амалы келеді. Оның кезінде ұйқыда жатқан саршұнақтар оянып, індерінен шығатын көрінеді. Кейбір жылдарда ақпанның аяғына таман құт айының ішінде ерте көктем шығатын жылдар да болады. Ерте келетін көктем құт айында белгісін бере бастайды.

НАУРЫЗ

Наурыз айы ерекше ай. Халықтың сағынышпен аңсап күтетін айы. Наурыз қазақ салтында көрісетін ай. Наурыздың алғашқы күндері мереке сипатында өткен. Ағайын-тумаға, үлкен кісілерге арнайы барып, көрісетін болған. Қазақ халқының өзгеріске ұшырамай сақталған салттарының бірі – көрісу. Біздің елде игі шара 14 наурыздан басталған. Көрісу – қазақ халқының ұлттық мерекелерінің бірі болып саналады. Көрісуге келген адамдарға арнайы қонақ асы беріледі. Қысқы соғымның сүр еті асылады. Шаруасы күйлі адамдар көрісуге келгендерге арнап мал сояды. Ақпан айының екінші жартысы мен наурыз айының бірінші жартысы аралығындағы уақытты «Ұзынсары» деп атаған. Бұл күннің ұзақтығына байланысты айтылса керек. Қазақтар қысқы соғымның етінен «көрісуге және ұзынсарыға» деп арнайы ет сақтаған. Наурыздың ортасынан ауа шамамен 18 наурыздан бастап мұздың көбесі сөгіліп, сең жүре бастайды.

«ОТАМАЛЫ»

Қыстың соңы мен көктемнің басталар шағында келетін бірнеше күнге созылатын амал. Ел аузында: «От амалы ойылған қыс» деген сөз тіркесі бар. Ойылған қыс деуінің мәнісі ара-арасында қыстың күніндей қар жауып, аяз тұрып, боран соғуы мүмкін. От амалының соңына қарай арагідік жаңбыр жауып, күн райы жылына бастайды. Ықпыл-жықпылы мол, құмдауыт, құмды жерлерге, ойпаң, сайлы жерлерге, шағылдарға көк шығып, тез көтеріле бастайды. Ел аузында: «Отамалы ойылған қыс», «Сәуір – санды қыс», «Сарыатан-зауза, сенен де қорқам» деген қанатты сөз тіркестері қалыптасқан. Өмірдің өзінен туған мұндай мағыналы сөздер әрбір айға берілген табиғи сипаттама секілді.

«БЕСҚОНАҚ»

Сәуір айында келетін негізгі амалдардың бірі. Жалпы, наурыз бен сәуір айлары амалдармен, ауа райының тез өзгергіштігімен ерекшеленеді. Жазғытұрымғы мезгілдің алғашқы күндері, қыс ызғары мен жаз лебінің өлара шағы. Алты ай қыс, алты ай жаз мезгілінің орта кезеңі. Бесқонақ амалы жөнінде ел аузында көптеген әңгімелер бар. Бесқонақты Атырау өлкесінде «бес ескі, бес жаңа» деп те атайды. Наурыздың соңғы бес күні мен сәуірдің алғашқы бес күні бесқонақ кезінде ауа райы аяқасты өзгереді.

СӘУІР

Барлық тіршілік тынысы Жер-анамен тікелей байланысты қазақ халқының аңсай күтетін айы. Сәуір айы өзімен бірге жаз лебін, жылылық лебін ала келеді. Сәуір жақсылық пен жылылық нышаны. Ел аузындағы «сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөз тіркесі сәуір айының халық берген анықтамасы іспетті. Сәуір айы тіршілік дүниесінің көктепкөгеретін, жаңғырып-жаңаратын, қайтадан түлейтін, табиғат дүниесінің гүлденетін айы. Бұл айда шаруа баққан қазақтың бір малы екеу, екі малы төртеу болып, еңбек қуанышына кенелетін уақыты. Сәуір – ырыс, берекенің, молшылықтың басталар шағы. Бұл ай адам жанының да ерекше күйге түсіп, жақсылық жылы сезімдерге бөленетін уақыты. Сәуір айы – қайнаған дүние тіршілігінің ерекше аласапыран, ерекше қозғалыстағы уақыты.

«ҚҰРАЛАЙ»

Мамыр айының соңын ала басталып, бас шілдеге дейін созылатын амал. Бұл кезде салқындық та болады. Құралайдың күндері жаңбырлы келеді. Ара-арасында жел тұрып, ауа райы жиі-жиі өзгеріп отыруы мүмкін. Осы кезде даланың еркесі киіктер лақтайды. Қазақ халқы киіктің лағын ежелден «құралай» деп атағаны белгілі. Қ а з а қ ж ұ р т ы н ы ң т а н ы м – т ү с і н і г і н д е «Құралай» сұлулықтың, әсемдіктің, пәктіктің белгісі болып саналады. Қазақтар қыздарының есімдерін Құралай деп қойған. Қазақ халқында Құралайға байланысты сөз тіркестері көптеп кездеседі.

«БАС ШІЛДЕ»

Шілде айының бастапқы он күні. Бірақ, әлі нағыз шілденің басталмаған кезі. Ол «Құралайдың» соңын ала келеді. Бас шілде кезінде қапырық ыстық болады. Кейбір күндерінде хан шілдеден кем емес ыстықтар болады. Қайсыбір жылдары бас шілденің күндері қоңыржай болып өтетіні бар. Ел арасындағы ауа райын бақылайтын есепшілер бас шілденің қалай өтуіне қарап, шілде айындағы күн райын болжайтын болған. Бас шілденің соңын ала шөп шабу науқаны басталады. Алғашқы орақ «шытыр», «қоңырбас» секілді тез қурап кететін шөптерге түседі. Осы кезде қыста туған қозылар «бағлан», «марқа» болып көтеріліп қалады.

ШІЛДЕ

Жаз айларының ішіндегі ең ыстық уақыт. Ел аузында негізінен «қырық күн шілде» деп аталады. Күннің ыстығы әртүрлі деңгейде болады. Малға да, жанға да жайлы күндер алмакезекті келіп тұрады. Аптап ыстықтан кейін түнгі уақытта немесе кешқұрымғы кезде жаңбыр жауатын кездер де болады. Шілде айының өзіндік ерекшеліктері, жақсылықтары көп. Бұл айда шабындық шөбі пісіп, толысып, төл марқайып, егін алды жетіліп, шаруа жағдайы жақсарады.

«ТАРАЗЫ-СҮМБІЛЕ»

Бұл айларда алтын күздің белгісі білініп, дала ерекше көріністе болады. Таразы, сүмбіле айларының өн бойына өзіне тән ерекшеліктері бар. Қазақ халқы: «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды» деп бұл айлардың өзіндік ерекшеліктеріне баға берген. Бұл мезгілде шөп буыны қатайып, құнарлығы күшейеді. Егін толысып піседі. Піскен егінді жинаудың алғашқы кезеңі басталады. Таразы, сүмбіле айлары шаруа еңбегінің қызатын айлары.

МИЗАМ ШУАҒЫ

Қазақ малшылары мизам айын малдың семіретін, пұл болатын айы деп санаған. Сонымен қатар, осы уақытта «мизамның шағырмақ ыссылығы» кезінде семіз қойлардың құйрықтарына құрт түседі. Мұны: «мизамның ойма құрты» деп атаған. Осы уақыттарда жәрмеңке, базарларда сауда-саттық қызып, мал айырбасы көбейеді. Бұл қазақтың көгендегі қозылары қой, «сіргелі» бұзаулары сиыр болатын кезең.

ҚАЗАН

Қазанда табиғат мүлдем өзгереді. Бұл жиынтеріннің, қарбалас тіршіліктің айы. Кейбір жылдарда қазан айы жылы, шуақты болып келеді. Кейбір жылдары салқындық түседі. Бұл айда қыс ызғары сезіле бастайды. Қазан айының басы «үлкен қазан» амалының кіруімен басталады. Айдың екінші онкүндігінде «кіші қазан» амалы болып өтеді. Шаруа қуып, егін салып, мал баққан қазақ халқы үшін қазан айы: жиынтеріннің жинақталып, малдың семіретін айы. Қазан айының ішінде түнгі уақытта сыртта қалған судың қатуына байланысты алдағы қыстың бағытын, бағдарын, қыс салқындығының кірісі мен шығысын болжаған.

ҚАРАША

 Қараша айы аумалы-төкпелі болып келеді. Бұл айда ауа райы тез өзгеріп отырады. Айдың басында қараша құстар қайта бастайды. Бұл уақыт жауынды-шашынды болады. Осы мезгілде келетін амалды қазақтар бірнеше кезеңдерге бөлген. «Қарашаның қанат қағары», «Қарашаның қанат жуары», «Балалы қарашаның ұшуы» және тағы басқа атаулармен атаған. Қарашада жауған қар қанша күн жатса сонша ай қыс болады деген қазақ жұртында болжам бар.

ҚАРАША АЙЫНДАҒЫ ҚҰС АУЛАУ

 Қараша айында ауа райы жауын-шашынды болғандықтан жиі-жиі мұздақ тұрады. Осы уақыттарда қырлықтағы дуадақ, қараша секілді ірі құстарға аңшылық басталады. Құс аулаушылар таңертеңгі уақыттарда, жарық болмай далаға шығып кетеді. Олар күні бұрын аттарын дайындайды. Шапқанда аттың аяғына оралғы болмауы үшін құйрығы шарт түйіледі. Мұндай аңшылық-саятшылыққа көбіне ұшқыр аттар мініледі. Айнала тегіс жарық болғанда құс аулаушылар, құстар түнемелікке қонып ұшатын аймаққа жетеді. Аңшылар құстар көтеріліп ұшып кеткенше, ірі құстардың бірнешеуін қамшымен ұрып алады. Мұздақтан қанаттары қатып қалған құстар қапелімде жедел көтеріліп ұшып кете алмайды. Мұндай саятшылық түрі өте сирек кездесетін жағдай.

ЖЕЛТОҚСАН

Желтоқсан қыс айларына жатады. Қазақтардың есебі бойынша жылдың он екі айы: алты ай қыс, алты ай жаз болып бөлінеді. Алты ай қыстың екінші айы желтоқсан. Желтоқсанды кіші жүз елі бұрынғы уақытта «жедді» айы деп те атаған. Бұл айдың өзіндік ерекшеліктері бар. Қыстың біртебірте күшіне ене бастайтын уақыты. Желтоқсан әр жылда әрқилы болып келеді. Бір жылдарда ашық-жарық, борансыз, шашынсыз, жанға жайлы, шаруаға қолайлы болып өтеді. Тағы бір ерекшелігі, қазақтар бұл айда соғым союды бастайды. Соғым сойылған үйлер бірін-бірі қонаққа шақырып, мәре-сәре болады. Қонақтық кезінде ән-жыр айтылып, күй тартылады. Жыр-толғаулар тыңдалады. «Соғым басы» мерекесі кезінде «соғымнан дәм татқызу», «соғымнан ауыз тигізу», «соғымнан сыбаға беру» секілді игілікті рәсімдер жүзеге асырылады. Мұндай мерекелік салт-дәстүрлер Атырау-Жайық өлкесінде әлі күнге дейін сақталып келеді.

«КИІКТІҢ БҰРҚАҒЫ»

Желтоқсан айының баст апқы ке зінде келетін амал. Шамамен бір апта уақытқа, кейде одан да көп мерзімге созылып кетуі мүмкін. «Киіктің бұрқағы» кезінде ауа райы боранды, бұрқасынды болып тұрады. Бұл уақыт киіктердің шағылысатын, күйекке түсетін мезгілі. Дала еркесі – түз тағысының өзіндік ерекшелігі, олар қыстың боранды, бұрқасынды кезінде күйекке түсіп шағылысады.

Ерсайын ӨМІРОВ,

тарихшы, этнограф, музей маманы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз