«Мейірім» акциясына атсалысайық!
2011 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында «Мейірім» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылып келеді. Биыл ақпан айында осы өңірге жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы аталған акцияны ел аумағында масштабтау жөнінде тапсырма берген болатын.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қажетті жағдай жасау, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейтін акция бүгінде бірқатар өңірде қолдау тапқан.
Акция шеңберінде кәсіпорындар мен бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері қатарынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәсіптік бағдарлау және одан әрі жұмысқа орналастыру, тұрғын үйді одан әрі сатып алу үшін «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шоттар ашу және толықтыру мақсатында «тәлімгерлерді» бекіту қарастырылған
Атырау облысы білім беру басқармасы да жалпы қайырымдылық жасауға ниет еткен жандарды «Мейірім» акциясына қатысуға шақырады.
Басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымы мен баланы сүйемелдеу жөніндегі міндеттемелерді өзіне алған кәсіпорын арасында баланы әлеуметтік-патронаттық қолдау жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасалатын болады.
Мәлике МӘЛІК