ЖАДЫДА ЖАТТАЛҒАН ЖҮЗДЕСУЛЕР

– кәсіпкер Мәриямның мерейлі сәттері 

- 2009 жыл. Астана қаласы. Халықаралық әйелдер күні айтулы мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикалық сарайда қоғамның көрікті де қуатты толқыны – әйел затына айрықша құрмет көрсететін дәстүрлі қабылдауын жасау сәті еді. Атыраудан әралуан мамандықты иеленген жеті адам болып бара қалдық. Елбасы еліміздің түкпір-түкпірінен келген, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен барша әйелдер қауымының өкілдеріне жылышыраймен иіліп ізет, сүйініп қошемет көңілін білдіріп жатыр. Таңғалғаным, түрлі кәсіп иелерімен тілдескенде, сол адамның төл қызметіне сай қағидалы сөз тұжырымын жасайды, бір айтқанын қайталамайтын қасиет иесі екен. Толғауы тоқсан тағылымды сөз иесі, терең парасатты тұлға екенін көз көріп, көңілің сезінгенде толайым түйсінеді екенсің. Бұл бір басыңа бақ болып қонған керемет толқынысты сәт еді, – дейді белгілі кәсіпкер һәм қажы Мәриям Әмірханқызы сәл жымиып..

Мен Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева апамызбен қатар тұрғанмын. Жаратқан Иемнің жар болғаны ғой, Ұлт Көшбасшысы ежелгі танысындай алашқа әйгілі тың тарланымен емен-жарқын жүздесіп, аз аялдап, тіл қатысқаннан кейін әрі ұзап кетпеді, қарапайым халықтың қалың ортасынан шыққан ауыл кәсіпкері – менің де қолымды алып, мерекелік тілегін айтқанда, өн бойымды шатты бір леп, қуанышты сезім билеп, ғажайып күй кештім. «Еңбегің жана берсін, халқыңмен көгересің» деген баталы, аталы сөзі күні бүгінге дейін құлағымнан кетпейді. Осы бір тағдырымның мыңнан бір мезеті өзімнің қалауыммен емес, Алланың таңдауымен фотообъективке ілініп қалғаны мұнша сәттілік болар ма?!

Мәриямның Елбасымен бетпе-бет кездесуі бұл бірінші рет емес екен, 2001 жылы да мерейлі мейрамда әйелдер қауымы қатарында жүздесу бақытына ие болыпты. Тіпті, 2013 жылы мұсылман әлемінің маңдай тірер киесі мен иесі – қасиетті Меккеде қажылық сапарын өтеу кезінде де Қазақ елі басшысының мұсылмандық парызын өтеу сапарына куә болғаны бар.

Мәриям Бегайысова! Кең Жылыой топырағында көктеп шыққан дәннің көзайымы атанып, Атырау өңірі іскер әйелдері әулетінің шырайын келтірген бұл есім бүгінде отандық кәсіпкерлердің ортасынан ойып тұрып орын алды.

– Алғашқыда «Теңіз сауда қызмет көрсету орталығы» мекемесінде дүкен меңгерушісі болып жұмыс істедім. Ол мекеме уақыты келіп жабылғаннан кейін біржола кәсіпкерлік салаға ауыстым. Кәсіпкерлік жұмысым базардан бастау алып, оның иірімі мен бұйырымына бойлап, қиын да түйінді тұстарын тарқата білуге машықтандым. 2004 жылы Құлсарының нақ орта тұсынан өзімнің жекеменшік «Мәриям» сауда үйі ғимаратын салып бітіріп, халыққа қызмет көрсете бастадық. Қазіргі таңда бұл еңселі сауда орны халық жиі келетін, көптің қолайына жағатын таңдаулы дүкеніне айналды. Мұнда аудан тұрғындарына жиырма бес сауда мамандары қызмет көрсетеді, оның көпшілігі – жастар, – дейді Мәриям ханым әңгіме арасында.

Мәрия Әмірханқызының күні кешеге дейін «Жылыой ауданы кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы қызметін абыроймен атқарып келгенін көпшілік жақсы біледі. Әр жылдары аудан және қала әкімдіктерінің, «ТОО Технополюс» компаниясының Алғыс хаттарымен марапатталуы – сол қоғамдық-көпшілік жұмыстардағы белсенді қызметінің белгісіндей.

Мәриям ханымның марапаттарының да мәртебесі биік. 2009 жылы республикалық Әйелдер байқауының «Алтын жүректі ару» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. М.Бегайысованың өмірбаян-дерегі «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясында және Қазақстан Іскер әйелдер қоғамының ұйымдастыруымен, отбасы-демографиялық саясат комиссиясы әкімшілігінің қолдауымен «Ажар», «Ғылым және білім» атты оқулықтың II бөлімінде жарық көрді.

Мәриям Әмірханқызының өмірлік серігі Хамит Жақай Шаландыұлы да кәсіпкерлікпен айналысады. Екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, үш немересінің қызығын көріп отыр. Ұрпақтары өздері көздеген, қалаған мақсаттарына жетуде. Тұңғышы Жарас ақпараттық жүйелер мамандығын меңгерген, кіші ұлы Мұхаммед-Расул әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде білім алу үстінде. Қыздары Әсел – терапевт-кардиолог, Гүлсім – экономист. Әмина Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқиды. Былайша айтқанда, бір шаңырақтан әралуан мамандық иелері өріп шығып жатыр…

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз