
Медициналық көмек пен жолдың жайы — басты назарда
Осы екі маңызды мәселе Атырау қалалық мәслихатының кезекті ХХVІІ сессиясында қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы басшысының міндетін атқарушы Наргиз Абдрахманова, облыстық балалар ауруханасының басшысы Альмира Сабырғалиева, облыстық инфекциялық аурухананың басшысы Дәулен Елеуов хабарлама жасады. Олар өздері басқаратын медицина мекемелерінің атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері, шешімін күткен проблемалары мен туындаған мәселерді шешу жолдары жайлы баяндады. Әсіресе, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып, мәдениетін арттыру шұғыл түрде шешіп, түйінін тарқатуды қажетсінетін өзекті мәселелер болып табылатынын алға тартты.

Екінші мәселе бойынша Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Аққұсовтың хабарламасы тыңдалды. Ол негізінен қалаішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары, жол белгілері мен кедергілерінің қазіргі жәй-күйіне баса назар аударып, бұл бағытта биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың барысына тоқталды.
Сессида бұдан басқа ұйымдастыру мәселелері қаралып, талқыланған тақырыптарға қатысты тиісті шешімдер қабылданды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ