«Мәртебесі» жоқ мамандық. Қордаланған мәселелер
Соңғы жылдары елімізде салалық журналистиканы дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Өйткені, жан-жақты талданған сауатты сараптама жасау үшін тілшілердің бір салаға маманданғаны дұрыс-ақ. Ал, кейбіреулер журналистің әмбебап болғанын құп көреді. Қайткен күнде де, «төртінші билік» өкілдері күнде өзгеріп жатқан заманауи трендтерден қалыс қалмай, үнемі өзін жетілдіріп, білімі мен біліктілігін арттырып отырулары қажет. Демек, ақпарат айдынында қалам ұстаған «жауынгерлердің» де семинар-тренингтерден қалмағандары жөн. Жақында осындай басқосудың бірі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткізілді. Республикалық семинар «Мұнай-газ, экологиялық бағыттардағы салалық журналистиканың ерекшеліктері» тақырыбына арналды.
Жауап беру уақыты қысқарды
Иә, қоғамда күн сайын болып жатқан құбылыстарды оқырман мен тыңдарманға жеткізуге асыққан журналистердің семинар-тренингтерге қатысуға уақыты тапшы болып жатады. Бұл жолы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен республикалық семинарға өңірдегі БАҚ өкілдері, меншікті тілшілер мен болашақ журналистер қатысты.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, профессор Саламат Идрисовтың айтуынша, мұндай шараның университет қабырғасында өткізілуі тектен-тек емес. Өйткені, білім ордасында еліміздің батыс аймақтары үшін кәсіби журналистер даярланады. Бүгінде аталған оқу орнының түлектері мұнайлы өлкедегі бұқаралық ақпарат құралдарында, кәсіпорындар мен түрлі мекеме, құрылымдардың баспасөз қызметтерінде еңбек етіп жүр. Университетте оның тыныс-тіршілігін жариялап отыратын арнайы газет те бар.
Ал, Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат жөніндегі департаменттің директоры Қайнар Ахетовтың айтуынша, бұл семинар салалық журналистиканың сапасын арттыруға ғана емес, сондай-ақ, мұнай-газ, экологияның өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесуге бағытталып отыр. Жалпы, құрылым салалық журналистиканы дамыту бойынша тұрақты негізде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Айталық, биыл министрліктің бұйрығымен осы мақсатта арнайы жол картасы жасақталған. Оның аясында ай сайын республика бойынша 15 жоғары оқу орны базасында курстар ұйымдастырылады екен. Бүгінге дейін 7500-ден астам журналист медициналық, экологиялық, діни, этносаралық, құқықтық, әскери, қаржы-экономикалық, аграрлық және ІТ-салалар бойынша оқыту курстарынан өткен. Сондай-ақ, министрліктің жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына салалық журналистика негіздерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқаны белгілі болды.
– Баршаңызға белгілі, биыл елімізде Масс-медиа туралы заң қабылданды. Маңызды құжаттың басты мақсаты – медиапроцестің барлық қатысушысының құқықтарын қамтамасыз ету, БАҚ қызметін ашық реттеу, журналистерді қорғау. Біріншіден, заңда БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша құқық бұзушылықтарға байланысты бір жылдық талап арыз беру мерзімі белгіленген, яғни мұндай мәліметтер мерзімді баспасөзге жарияланған күннен бастап есептеледі.
Екіншіден, заң аясында бұқаралық ақпарат құралдары сұрауларының түрлеріне (ауызша, жазбаша сұраулар, ресми хабарларды түсіндіру бойынша сұрау салу) және оларға жауап беру мерзімдеріне нақты градация жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, БАҚ-тың жазбаша сұрауларына жауап беру уақыты 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Гранттық қаржыландыру жобаның шығармашылық құрамдас бөлігіне бағытталатын болады. Төртіншіден, өзін-өзі реттеу институттарын қолдау мақсатында заңда журналистердің құқықтарын қорғау бағытында қоғамдық-кәсіби кеңестер құру көзделген. Бесіншіден, аккредиттеу енді нақты нормативтік базаға ие, — деп нақтылады Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов.
Министрлік өкілінің түсіндіруінше, бұл заң журналистер мен БАҚ-тың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сөз бостандығы мен ақпарат таратуға жауапкершілік арасындағы теңгерімді қолдауға арналған. Сонымен қатар, Масс-медиа туралы заңда өзіне өзі қол жұмсау әдістері мен оны жасауға үгіттеу туралы ақпараттарды таратуға тыйым салынған.
«Журналистің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді
Алайда, белгілі журналист Әбілхан Төлеуішов атап өткендей, атышулы заңда журналистердің мәртебесі жөнінде ештеңе жоқ. Бүгінде олар мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істегенімен, мемлекеттік қызметкер болып танылмайды. Сондай-ақ, коммерциялық ұйымның қатарына жатпайды. Яғни, тілшілердің әлеуметтік мәселелері ұмыт қалып жатады. Кәсіби мереке кезінде кейбір журналиске баспана берілгенімен, өзекті мәселені түбегейлі шешпейді. Сондықтан, «төртінші билік» өкілдерінің мәртебесі болғаны жөн. Осынау маңызды тақырып заң қабылданар кезде бірнеше мәрте талқыға түскенімен, соңында осы жайт аяқсыз қалған.
Бұл орынды сауалға министрлік өкілі «бүгінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының 90 пайызы жауапкершілігі шектеулі серіктестік екенін ескеру керек» деп жауап берді.
– Журналистердің жұмысын ескере отырып, оның қызметіне құқықтық кепілдіктер заң деңгейінде бекітілген. Осыған байланысты «журналистің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді. Бұл мәртебе журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпарат іздеу, сұрау салу, алу және тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды қамтамасыз етеді. Ал, әлеуметтік мәселелер әлі де талқыланып жатыр, — деді Қайнар Ахетов.
Баспасөз қызметінің рөлі қандай?
Өңірдегі іргелі өндіріс орындарының бірі саналатын «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс тобының жетекшісі Ғалия Қаражанова «Мұнай-газ саласының корпоративтік коммуникациялары: баспасөз қызметінің жаңа тенденциялары» тақырыбында баяндама жасады. Бұған дейін облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен белгілі журналист бұл басқосудың жөні бөлек екенін атап өтті.
– Корпоративтік коммуникациялар – қазіргі барлық саладағы кез-келген компанияның қызметіндегі маңызды тетік. Цифрландырудың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің күшеюі және қоғамның ашықтық пен экологиялық тұрақтылыққа деген талаптарының артуы жағдайында мұнай-газ саласындағы баспасөз қызметінің рөлі ерекше маңызға ие болып отыр.
Мұнай-газ саласы – экономикадағы стратегиялық маңызды сала. Ол қоғамның, мемлекеттік органдардың және БАҚ-тың ерекше назарында. Мұндай компаниялардың баспасөз қызметі бірнеше негізгі функцияны атқарады. Яғни, компанияның жетістіктерін, әлеуметтік және экологиялық бастамаларын көрсету арқылы жағымды имиджін қалыптастыруды мақсат етеді. Компания қызметі туралы қоғам мен басқа да мүдделі тараптарға уақытылы және шынайы ақпарат беру. Өндіріс апаттары, экологиялық мәселелер немесе жергілікті қауымдастықтармен пікіралшақтығы сияқты күрделі жағдайларда ақпарат ағынын басқару, — деді Ғалия Қаражанова.
Сондай-ақ, ол баспасөз қызметінің заманауи тенденцияларына да тоқталды. «Соңғы жылдары корпоративтік коммуникациялар технологиялық прогрестің ықпалымен айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отыр. Коммуникацияларды цифрландыру үшін әлеуметтік желілерді (Instagram, Facebook, Telegram, ТікТок) аудиториямен тікелей байланыс орнату үшін пайдалану қажет. Бұл компанияларға халыққа жақындай түсуге, сұраныстарға жедел жауап беруге және негізгі оқиғаларды дер кезінде назарға алуға мүмкіндік береді» деп тарқатты әңгімесін тәжірибелі маман.
Жаңа мүмкіндіктерге қарамастан, баспасөз қызметіне қиындықтар тудыратын бірқатар проблема да бар көрінеді. Мысалы, мұнай-газ саласы экологиялық әсері үшін жиі сынға ұшырайды. Осындай жағдайда баспасөз қызметі келеңсіз оқиғаларға байланысты жедел әрекет етіп, қоғаммен диалог орнатуға дайын болуы керек. Цифрландыру дәуірінде кез-келген жаңалық бірнеше минут ішінде таралуы мүмкін, сондықтан баспасөз қызметі тез әрі кәсіби әрекет етуі қажет. Пресс-релиздер мен әлеуметтік желілерге арналған хабарламалардың дайын шаблондары болуы шарт. Әлеуметтік желілерде сынға дер кезінде жауап берілуі тиіс. Жергілікті ұйымдармен және экологиялық ұйымдармен ашық диалогты қолдау да маңызды. Дезинформация мен фейк ақпараттың таралуын бақылаған абзал.
Мақсатты гранттар бөлінсе…
Республикалық семинар барысында филология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқашева «өңірдегі мұнай компанияларына мақсатты грант тағайындалса» деген ұсынысын айтты. Өйткені, қазір нарықта экономика саласына маманданған журналиске сұраныс жоғары.
– Мен 2016 жылы осы жоғары оқу орнына арнайы шақыртумен келіп, кафедраны басқарған болатынмын. Осы уақыт аралығында біз біраз жұмыс атқардық. Әсіресе, «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығымен екіжақты келісім аясында университет студенттері, яғни, болашақ журналистер осы жерден өздерінің өндірістік тәжірибелерін өткізді. Былтыр тәжірибе ретінде жұмыс берушілермен бірлесе отырып, «Атырау-Ақпарат» базасында SMM-мамандар даярладық. Жалпы, журналистер арасында олардың біліктілігін арттыру үшін түрлі тренингтер ұйымдастырып келеміз. Осындағы Журналистер Одағы филиалымен тұрақты байланыс жасап отырмыз. Атап өтерлігі, біз бүгінде оқу үрдісіне спорттық журналистика, әскери журналистика, балалар журналистикасы пәндерін енгіздік,-дей келе Мәншүк Мұқашева қазір өзі еңбек етіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде салалық журналистиканы дамыту бағытында телерадио кешені ашылғанын жеткізді.
Студенттер тәжірибелік сабақтарды сол жерде өткізеді екен. Бұл болашақ маман мен жұмыс беруші арасында тығыз байланыс орнатуға оң септігін тигізбек.
Себеп – көп, негіз – біреу
Басқосу барысында қызу талқыға түскен мәселенің бірі – БАҚ құралдары арқылы қоғамның психологиялық қауіпсіздігін қалыптастыру. Өйткені, ақпараттық майданда жаңалықты жеткізудің өзі үлкен шеберлікті қажет етеді. Сондай-ақ, журналист оқырманға немесе көрерменге оқиғаны жеткізер сәтте оны жан-жақты ойластырып, ой елегінен бірнеше мәрте өткізгеннен кейін ғана жариялағаны абзал.
Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы психологиялық зерттеу және сараптау бөлімінің басшысы Шынар Тукенованың айтуынша, БАҚ-та сипаттап берген ахуалды өзгерте алмаймыз. Бізде есте сақталған ақпарат автоматты түрде оянып кетеді.
– Мәселен, бәріміз Майкл Джексон туралы ақпаратты естідік, оқыдық. Оның әнші, биші, эстрада жұлдызы екенін жақсы білеміз. Бір кездері терісінің түсін өзгертпек болғанын да оқыдық. Алайда, оның мұндай қадамға не үшін барғанын білмейміз. Кейін ол туралы басқаша ақпарат таратқанда оған сенгіміз келмей, ішкі түйсігіміз біраз қарсыласады. Яғни, біз бастапқыда ақпаратты қалай қабылдадық, солай жадымызда сақтап қалдық. Қазір қоғамда заңды түрде жария етуге тыйым салынған тақырып та солай. Көпірде болған оқиғалардан кейін жұртты сол жерден табатын болдық. Демек, оқиғаның негізі бір нәрсе болғанымен, оны әртүрлі сипаттау арқылы біз солай қабылдаймыз, — деді Шынар Қадимқызы.
Оның баяндауынша, еліміздің 20 өңірінде, соның ішінде Атырау облысында психологиялық қолдау орталығы ашылған. Онда сенім телефоны, консультациялық және тағы да басқа бөлімдер бар. «Жалпы, психология ХХІ ғасырда мойындалған білім. Барлық салада психология бар. Қоғамның экономикасы психологиямен біте қайнасып жатқан сала деуге болады» деді осы тұста Ш.Тукенова.
Шикі ақпарат қайдан шығады?
«Біздің өңіріміз мұнайлы өлке болғандықтан, мен соңғы жылдары мұнай-газ саласына мамандандым. Өйткені, осы сектордағы алып жобалар біздің облыс аумағында, көршілес аймақта орналасқан. Сондай-ақ, бүгінде мұнай-химия саласы дамып келеді» деді «Мағыналы бизнес» РR-агенттігі» ЖШС құрылтайшысы және бас директоры Лаура Сүлейменова.
Ол журналист бола жүріп отандық компанияның баспасөз қызметіне ауысқан сәтін ерекше сезіммен еске алды. «Әрине, тілші ретінде бір саланы жан-жақты жазып, сынаған сәттерім болды. Ал, сыни материалдардың барлығы да шынайы мәліметке негізделген еді. Кейін отандық кәсіпорын басшысы мені мұнай-газ саласының ішкі «кухнясына» шақырды. Осылайша, мен бұл қызметте 6 жылдай еңбек еттім. Белгілі компанияның баспасөз қызметін басқардым. Үш жыл бұрын мұнай-газ компанияларына консалтингтік қызмет көрсету үшін жеке бизнеске кеттім. Осылайша, отандық экономика драйвері саналатын саланы үш қырынан таныдым» деген пікірімен бөлісті спикер.
Лаура Жеңісқызы болашақ журналистерді материал жазар алдында бірнеше тарапты тыңдап, мәселені жан-жақты жеткізуге, сарапшылардың пікіріне құлақ асуға шақырды. Өкінішке қарай, қазір көптеген журналист бір-екі мәліметпен ғана шектеліп, проблеманың астарына үңілмейді. Сөйтіп, шикі ақпарат таратуға мәжбүр болады.
Өңірдің өзекті мәселесі
Өңірдің өзекті мәселелерінің бірі – судың тапшылығы болып отыр. Облыстық «Атырау» газеті осы проблеманы тұрақты көтеріп келеді. «Ойыл–Қиыл–Жем–Сағыз» деп аталатын экологиялық жоба да осы мақсаттан туған.
Бас редактордың орынбасары Азамат Базарбаевтың айтуынша, экологиялық жоба аймақ үшін маңызды проблеманың биік мінберлерде айтылып, күрмеуі қиын мәселенің қолға алынуына себепші болды. Содан бері редакция ұжымы мәселені шешу жолдарын қоғам белсенділерін, гидрогеолог мамандарды тарта отырып, басылым бетінде үнемі көтеріп келеді.
– Облыс аумағында Жайық-Каспий су алабынан басқа, Ойыл, Жем, Сағыз атты шағын өзендер бар. Бастауын Ақтөбе облысының аумағынан алатын бұл үш өзеннің жағдайы соңғы 15-20 жылдан бері мүлдем қиындап кетті. Екі аймаққа ортақ бұл өзендер Ақтөбе облысының аумағында әзірге қатты тартыла қоймаған, ал Атырау облысының Жылыой, Қызылқоға, Мақат аудандарына келгенде мүлдем құрғап, үзіліп қалатын жағдайға жетті, — деді ол.
Бұдан бұрын «Ойыл–Қиыл–Жем–Сағыз» жобасы ауқымында арнайы экспедиция ұйымдастырылған еді. Сол топтың құрамында газет тілшісі Ақтөбе облысының Ойыл, Мұғалжар, Темір аудандарында болып, мəселенің мəнісіне көз жеткізді. Нәтижесінде Ойыл өзені бастау алатын бұлақтар мен шағын өзендерге Ақтөбе облысының шаруа қожалықтары қолдан бөгет жасап, судың еркін ағуына кедергі жасап отырғаны анықталды.
Мұғалжар, Ойыл аудандарын аралаған атыраулық экспедицияның мүшелері Ойыл өзенінің бастауы мен өзенге құятын Шұбараласай, Шытбұлақ, Шибұлақ, Ақтас, Алау, Жарлы, Шилі, Шілікті, Шығырлықұмды, Құмды, Бадамша, Шығырлы салаларының бойындағы барлығы 54 нысанға зерттеу жүргізіп, жалпы саны 33 бөгет, 3 тоған, 10 республикалық, одан бөлек жергілікті меншіктегі 4 көпір, 5 бұлақты анықтады. Тіпті, өзенге құятын кейбір бұлақ көздерін қолдан бөгеп, су өткізетін құбырларды полиэтилен пакетпен жауып, су өтпейтіндей етіп бекіткені дәлелденді.
Осындай қарқынды жұмыстардың негізінде Ақтөбе облысындағы 12 гидрологиялық нысанды ауыл шаруашылығы мақсаты үшін коммуналдық меншікке қабылдауға ықпал етілді. Одан басқа 6 плотина бұзылып, қалған 16-сын бұзу және тазалау шаралары қарастырылып жатыр.
Елдің батыс өлкесіндегі су ресурстарының ахуалы республика Парламентіндегі Атырау облысынан сайланған депутаттарды да алаңдатқан. Сол себепті 2020 жылдан бері Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев, Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев, Серік Ерубаевтар өңірлік басылымның көтерген мәселесін депутаттық сауалдарының өзегіне айналдырған.
Мұнайлы өлке урбанизациясы
Республикалық семинар кезінде мұнайлы өлке урбанизациясы да сөз болды. Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Тимур Қазиев атап айтқандай, бүгінде халық жақсы өмір сүргісі келеді. Сол үшін көпшілік қалаға қарай ағылады. Статистикалық мәлімет бойынша 2050 жылға қарай дүниежүзі тұрғындарының үштен екі бөлігі орталықтарға көшіп келеді. Бұл тенденциядан қашып құтылу қиын. Өйткені, озық технологиялардың барлығы қалада бар. Соның салдарынан бірнеше өзекті мәселе туындайды.
– Дамушы елдерде қала халқы жыл сайын 60 миллионға көбейеді екен. Мұндай өсім алдағы 30 жылда да сақталады. Алдағы уақытта Африка мен Азия елдеріндегі қала халқының саны екі есеге артады. Соның салдарынан барлығында бірдей баспана, инфрақұрылым проблемалары туындай бастайды. Ал, бұл саланы зерттеп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын тереңірек жазу үшін олардың қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін қызметі туралы, жүзеге асыратын жобалар туралы үнемі ақпарат жинау қажет. Ақпарат көздеріне кәсіпорынның ведомстволық сайттары, Ұлттық статистика бюросының облыстық департаментінің статистикалық деректері, республикалық ведомстволардың сайттары, әлеуметтік желілердегі ақпарат, сондай-ақ тәжірибелі әріптестер жазған алдыңғы жарияланымдар да көмектесе алады, — деді ол.
Компаниялар мен кәсіпорындардың басшылығы мен мамандарынан тікелей ақпарат алудан басқа, шолу және сараптамалық материалдарды жазу кезінде тәуелсіз сарапшылардың-экономистердің, техникалық мамандардың, заңгерлердің пікірлеріне сүйену маңызды. Ведомстволық қауымдастықтың, жеткізуші кәсіпорындардың, депутаттық корпустың, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің, зейнеткерлердің пікіріне құлақ асқан жөн екендігі де айтылды.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ