Жарнама
Қоғам

МАРАПАТ МЕРЕЙДІ ӨСІРЕДІ

Облыс спорты тарихында болмаған бұл екі алтын медаль, қос чемпион Атырау өңірінің спорттағы жетістігін дәлелдей түсті. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі спортшы Әнуар Сариев Кореяда дзюдодан өткен халықаралық турнирде топ жарып, келер жылы Бразилияда өтетін паралимпиадалық ойындарға жолдаманы еншіледі. Және әлем чемпионаттарына адал еңбегімен қол жеткізген құлсарылық Талғат Жұмағалиев пен ауыр салмақты жас өрен Кирилл Литвиновтардың есімдері ерекше атауға лайықты.

Атырау спортының дамуына айрықша қарқын қосқан отыз спорт түрі бойынша құрылған облыстық федерациялардың қызметін де атап өткен жөн. 2015 жылы әуесқойлар арасында өткен халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғаған спортшылардың маңдай тері мен жаттықтырушылардың ерен еңбектері өз жемісін берді. Кикбокстан Азия және әлем чемпионы Абзал Дүсіпов, қазақ күресінен Сұңғат Закарияев, бокстан Назым Ищановалардың есімдері қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылып қалары анық.

Облыс спорты үшін табысқа толы болған жылда 15 нысан жаңадан салынды. Спортпен шұғылданушылар саны былтырғымен салыстырғанда 25,2 пайызға көбейді.

Атырау өңірінде тағдырдың талқысын өзіндік қажыр-қайратымен жеңе біліп, жаттығу залына келген, 528 мүмкіндігі шектеулі спортшының арасынан жыл бойы тоғыз спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алса, он екі спортшы ұлттық паралимпиадалық құрамаға енді.  

Нұрсая мөлтекауданында ашылған кешенде балалардың волейбол, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерімен шұғылдануына толық жағдай жасалған. Құрманғазы ауданындағы Шортанбай және Байда селолық округтерінде де спорт кешендері ашылды.

Облыста бұқаралық спортты дамытуға кәсіпкерлер де атсалысуда. Бұған көптеп ашылып жатқан жекеменшік спорт кешендерінен-ақ көз жеткізуге болады.

Міне, бұл жетістіктер Жаңа жыл қарсаңында Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткен спортшыларды ұлықтау шарасында кеңінен айтылды.

— Бұрын спортшы болу үшін қара күш қана қажет деп ойлаушы едім. Сөйтсем, ең бірінші – ақыл керек екен. Сондықтан, спортшы болу оңай емес. Білім жолын қуып, белгілі ғалым болу жолындағы еңбекпен пара-пар. Шетелдерде тек екі жағдайда ғана – Елбасымыз барғанда және спортшылар биік шыңдарды бағындырған кезде Көк Туымыз аспанда қалықтап, Әнұранымыз шарықтайды. Сондықтан, сендерден көп үміт күтеміз, — деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты параволейболдан Қазақстан құрама командасына және диплом әлем чемпионы Ниждат Рахимовқа тарту етілді. Ал, спорт тарландары Сұңғат Закарияев, Назым Ищанова, Азамат Өміржанов, Асхат Тельманов, Рахман Әлжанов 350 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

Айта кетсек, Атырауда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткен Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы және «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарған Назым Ищанова әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Олимпиадаға лицензия ұтып алуға сенім артып отырған бірден-бір спортшымыздың рингке келгеніне үш жыл ғана өткен. 

— Жаңа жыл қарсаңында көрсетілген мұндай үлкен құрметке ризашылығым шексіз, — дейді атыраулық 18 жасар былғары қолғап шебері Назым Ищанова.  – Келер жыл мен үшін өте маңызды кездесулерді дайындап отыр. Өйткені, жыл басында Сербияда өтетін халықаралық турнир және Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Бұдан соң, мамыр айында әлем чемпионатында бақ сынайтын боламын. Бұл кездесулер маған Бразилиядағы Жазғы олимпиадаға қатысу құқығын беретін лицензияны еншілеуіме үлкен септігін тигізбек. 

Сондай-ақ, бір топ спортшылар мен бапкерлер 250 000 және 200 000  теңге сертификаттары, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бағалы сыйлықтарына қол жеткізді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button