whatsapp image 2020 07 19 at 13.36.02 7

«МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖҮРЕГІМ»

COVID-19: Соңғы поштадан... Адамгершілік айнасы Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/21 шілде, 2020 жыл. Біз біргеміз! Әлем мейірімділермен әдемі. Дүниежүзін дүрліктірген дауасыз дертпен күресте жұрт жүкті жұмыла көтеріп, жеңілдетуге ұмтылуда. Әлеуметтік желідегі құс қанатындай жылылық есіп, жүрекке мейірім ұялататын жазбаларды көріп-ақ, белгісіз аурудың беті қайтарына сенімің үдей түскендей…

Кімге көмек керек?

Дәрі-дәрмектің тапшылығы, аурулар санының тым көбейіп кетуі ауруханалардағы онсыз да қиын ахуалды күрделендіріп жібергені сөзсіз. Осы ретте халық алдыңғы қатарда еңбек етіп жүрген ауруханадағы ақхалатты абзал жандар мен науқастарды 5 литрлік ауыз судан бастап, бетперделер мен арнайы қорғаныш киімі, дәрі- дәрмек, оттегі баллондары, ыстық тағам секілді қажетті заттармен қамтамасыз етуді қолға алды.

Жақсылық жасаудың шегі жоқ. Қалай болғанда да қолдан келген көмегін ұсынуға әзір тұрғандарды көріп, көңіл қуанады. Бірі тегін такси қызметін ұсынып, дәрігерлерді тасып жүр. Мейрамханасының толық жабдықталған асханасында ас-су әзірлеп, дертті жандарға демеу болсын деп ыстық сор­паны бөшкілеп тасығандар туралы да жазба жүр желіде.

«Әркімнің үлесі маңызды» деген ұранмен қызмет етіп отырған komek2020.kz сайтына 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бір күнде мыңдаған адамға көмек көрсетіп отырған әлеуметтік алаңның авторы – блогер Арман Юсупов. Сайт арқылы өз таңдауыңыз бойынша көмек көрсетуіңізге де, көмек сұрауыңызға да болады. Өзі де осы дертпен күресіп, қиын күндерді артта қалдырған жоба авторы «дәрі- дәрмек іздегендерге көмектесу мақсатында құрылған платфор­мада бірнеше сұраныс, ұсыныс түрлері бар» дейді.

Әлеуметтік алаңның қазіргі таңда мыңдаған қолданушысы бар. «Кімге көмек керек?» бөлімі бойынша Атырау облы­сынан түскен сұраныстарды ш о лып шықт ы қ . Б а ­сым бөлігі дәрі-дәрмекке мұқтаж болса, азық-түлік, киім-кешек, пәтерақысын төлеуге қаражат сұрағандар да бар. Керісінше, «Көмек көрсетемін» айдарында да дәрі-дәрмек ұсынғандармен қатар, ақшалай көмек, екпе түрлерін салуға мейірбикелер де тегін қызметтерін ұсынған.

«Бұл – екінің бірінің қолынан келеді»…

Ел басына қиын шақ туғанда қолдау білдірген атыраулық атымтай жомарттар аз емес. Соның бірі – белгілі кәсіпкер, меценат Махмут Мералиев. Әлеуметтік желіде де кез келген маңызды мәселелер төңірегінде ашық пікір айта­тын азамат бұл шақта да үнсіз қалмай, жақсы істердің жаны­нан табыла білді. «Қолдарында болса екінің бірі жасайтын іс» деп өз бастамалары тура­лы айтуды жөн санамайтын осынау жанның қолдауымен жергілікті «Брандо» зауыты­нан шығарылған 3 миллион медициналық шприц ауыл- аймақтарға тегін таратылып, қат дәрілер қатарындағы 30 мың дана «парацетамол» таблеткалары Қызылқоға ау­данына жеткізілді.

Махмут Аташұлы бұл күнде ауылға анестезиолог іздеуде. Атырау дәріханаларына «Бран­до» зауытының өнімдерін, яғни, 2, 5, 10, 20 мл шприцтерді өз бағасына жеткізу жұмыстарына да оның ықпалы болуы көп нәрсені аңғартқандай. Өнімге жұмсалатын шикізат көлеміне байланысты бекітілген баға – ең төменгі мөлшерде. Әдеттегі бағадан айтарлықтай арзанға шығары, тұтастай алғанда үлкен қолдау екені сөзсіз. Бұл игі үрдіске үндесе әрекет еткен «Өмірзақ Сервис» ЖШС де Жылыой ауданы үшін 163 мың дана шприц сатып алу туралы шешім қабылдағанына осы әлеуметтік желі арқылы куә болдық.

Жанашыр адамдардың қолдауымен атыраулық блогер Дария Ерболатова да халықтан жиналған қаржыға қорғаныш киімдерін алып, бүгінгі таңда аса қажет болып отырған оттегі концентратына тапсырыс бе­руде. Бала күтіміне байланы­сты үйде отырған ол отбасы тірлігіндегі келіндік міндетін де ұмытпай, елдің алғысын алып, талай игілікті істің басы- қасынан табылып жүргені бірінші рет емес. Бұл жолы облыс орталығы ғана емес, аудандарға да арнайы аппарат алуды ұйымдастыруда.

Атыраулық кәсіпкерлер өз бастамалары бойынша аса қат 3,2 мың дана дәріні №2 облыстық инфекциялық аурухананың провизорлық стационарына әкеліп берді. Бұл – біздің естіп, көріп, біліп отырғандарымыз ғана. Әйтпесе, «оң қолымның бергенін сол қолым білмесін» деген ұстанымдағы небір жо­март жандардың көмектері бұдан да көп екені сөзсіз.

Ерікті болу – ерлік

Әдетте жаттанды сөздей естілетін тіркестің бұл күнде мәні ақиқатқа айналды. Ра­сында көп адам дерттен бойын аулақ салып, оқшаулануға ты­рысып жүрген шақта еріктілер ауруханаларды аралап, көмек қолдарын созуда. Бірнеше келі тұратын «оттегі баллон­дарын әр қабатқа көтеру үшін көмектесуге келдік» деген олар қазіргі шақта дертпен бетпе- бет күресіп, ақ халаттылардың қолқанатына айналған.

«Қауіпті аймақта» волонтер боламын деп мүлдем ойламап­пын» деген атыраулық еріктінің бірі Мира Есниязова баллон тасу ғана емес, мәйітханаға сүйек апаруға да қатысқанын айтады. «Волонтерлық жұмысымның жетінші күні де­генде провизорлық орталыққа кірдім. Ауа жетпей қиналып, «кислородқа» тәуелді болып, өңдері бозарып отырғандарды көргенде бір сәтке миым мен жүрегім тоқтап қалғандай бол­ды. Осыған дейін «әшейін ауру» деп жүрген менің түсінігім бір сәтте түбегейлі өзгерді» деп жазды ол әлеуметтік желіде.

«Кейде жаңа түскен н а у қ а с т а р ғ а к е л г е н ағайындары дәрісін жеткізіп беруімізді сұрайды. Құп деп ала шабамыз. Бірде жүректі ауыртар мынадай оқиға бол­ды. Қасымыздағы еріктілердің біріне сыртта тұрған жігіт анасына дәрі әкеліп, соны жеткізіп беруін өтінген. Пала­тасына барса, анасы жаңа ғана өмірден өтіп кетіпті. Біздің жігіт қолында дәрі, баласы­на не айтарын білмей қатты қиналды. Естірте алмаймыз, оны естіртетін арнайы ма­мандар бар. Сыртта үміттеніп баласы күтіп тұр, ақыры баласына телефон шалып, «анаңызды басқа палатаға ауыстырған секілді, таба алма­дым» деп еді, баласы: «Жаңа ғана дәрігер соқты, анамнан айырылып қалыппын» деп жылап жіберді». Жүректі ауыртатын бұл жазбалардың авторы – хайп қуып, өтірік белсенді болып жүрген жан емес, мылтықсыз майданда көзсіз ерлік көрсетіп жүрген батыр, нағыз ерікті.

Көп түкірсе – көл

Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастап, Қайрат Жолдыбайұлы, Эльмира Ешниязова, Жанат Бақыт, Дәулет Төлеутайұлы сынды қоғам белсенділері қолдаған ел шеңберіндегі жақсы і с т е р жарысы жалғасуда. Түркиядан арнайы аппарат алдыртып жатқан бұл топтан келер көмекті күтіп отырғандар аз емес. Аз уақыт ішінде айтарлықтай ақша жинап, 1000 дана аппарат алынып жатқаны көңілге ме­дет. Бұл ретте Түркиядағы Қазақстан елшілігінің көмегі арқылы медициналық, кеден салықтарынан босатылуы да біраз жеңілдік болғаны сөзсіз.

Эйр Астана әуе компаниясы да ҚР Үкіметінің тапсыры­сымен Қазақстанға қажет дәрі-дәрмек, медициналық тауарлар, құрал-жабдықтар тасымалдау үшін арнайы қайтадан жабдықталған жүк таситын ұшақтары арқылы көп болып күресер індетке қол ұшын созуда.

Шүкір, ел ішінде бір-біріне  көмек қолын созған жан­дар аз емес. Ел үшін қиын- қыстау шақ туғанда қолдау білдіріп, жанашырлық танытқан жандардың көп екені кеселдің кетер күнін жақындата түскендей.

Айтпасқа болмады…

Ө к і н і ш к е қ а р а й . . . Айтпасқа тағы болмады. Өмір мен өлім арпалысып, өмір таразысы теңселіп тұрған сәтте бәзбіреулер жеке құлқынның қамын к ү й т т е п , б е с к ү н д і к жалғанның бар бақытын байлық деп бағалап, жанта­ласа пайда тауып жатты…

…Облыстық ауруханада жатқан анасына дәрі мен тамақ апарып бермек болып, көшеде такси тоқтатқан жас келіншек жыларман күйде келесі көлікке қолын созуда. Бағытымыз ол жақ болмаса да, апарып тастайтынымызды айттық. «Мына тұрған Балықшыдан Авангардқа бару үшін 800 теңге сұрап тұр» деген ол қолындағы кішкентай бөбегін тастай­тын жер жоқ болғандықтан, бірге алып шығуға мәжбүр болғанын да айтты.

…Саумал мен шұбат бұл дертке бірден-бір ем деген жазба сіздің де телефоныңызға келген болар. Бұған дейін де ақтың пайдасы шаш-етектен екенін білсе де, көп тұтына бермейтін тұрғындар жаппай шұбат пен саумал іздеп әлек. Бір литрі 1200 болып кел­ген саумалдың 1500 теңгеге көтерілгеніне куә болдық. «Ақсай ауылынан арнайы шұбат алдыртамыз. Осы кесел басталғалы бері тұрақты ала­тын адамымыз болғандықтан еш алаңдамадық. Алайда, таяуда шаруа қожалығының қызметкері телефон шалып, «Алдын-ала бір айға төлем жасап кетті, сіздерге беретін бағадан да қымбат болғандықтан қожайын солармен келісіпті, басқа жер­ден іздей беріңіздер» деді. Сонда қалай болғаны?» дейді газетіміздің оқырмандарының бірі редакцияға қоңырау шалып.

… Жас қозының сорпа­сы мыңнан бір дертке шипа. Бұл кеселмен күресте де осы­нау тағамның маңызы зор екені айтылды. Жұрт жап­пай мал базарын жағалап, қой етінің бір келісі 2000 теңгеге шарықтап шыға келді. Ал, базардағы қой бәсі 30 мыңнан басталып, 80-90 мыңға дейін жетті. Өз өніміміздің бағасы осынша аспандап кетуі – қолдан жасалған тірлік екені қынжылтты. Ал, 15-20 минуттың ішінде шағын қозыны бөлшектеп, бас-сирағына дейін үйітіп, ішек-қарнын тазалап бергені үшін «3000 теңге бере қойыңыз» деген қасапшының өзге ұлт екенін аңғарғанда, «қазақ баласы неге қасапшы болмайды екен, қып-қызыл ақша ғой» деген пікір іште тұншығып қала берді…

ТҮЙІН

Бұл күндер де кетер. Жайма-шуақ, алаңсыз шақтарға оралар уақытымыз жақындай түскей. Тек… сол сәтте бас пайдасына қызмет еткендердің қандай күйде болары бізге беймәлім! Мейірімді болайықшы!

Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған