Құрғақшылық: Жылыойда төрт түлікке қауіп төніп тұр

screenshot 16 1 Қоғам

АТЫРАУДЫҢ ҚАРАСУЫҚ АУА РАЙЫ ТӨРТ ТҮЛІК МАЛДЫ ДА ТАРЫҚТЫРЫП ТҰР. ҚАРАША АЙЫНЫҢ БАСЫНАН БАСТАЛҒАН АЯЗ АШЫҚ СУ КӨЗДЕРІН ҚАТЫРЫП ТАСТАДЫ ДА, ТӨРТ ТҮЛІКТІ СУАРУДЫҢ АЗАБЫ ӨЗ АЛДЫНА, «ТІРШІЛІК НӘРІН» ТАУЫП БЕРУДІҢ ӨЗІ ШАРУАЛАР ҮШІН ҮЛКЕН КҮШКЕ ТҮСІП ОТЫР. АЛ, АРНАЙЫ ТЕХНИКАМЕН ҚАЗДЫРАТЫН ҰҢҒЫМАЛАРДЫҢ СУБСИДИЯСЫН МЕМЛЕКЕТ ТӨЛЕМЕЙ ТАСТАҒАН.

Жылыой ауданындағы 400-ге тарта шаруашылықтың дені Жем өзенінің бойынан ұзай алмай жүр. Себебі, қырда су жоқ. Жылда осы уақытта көбік қардан сусыны қанып тебінде жататын жылқы мен сиыр қазір өзеннің мұзын жалап жан бағуда. Ал, аязбен алысып мал суарған малшының азабы айтпаса да түсінікті. Бір қуанарлығы – əзірге мал шығыны жоқ. Малшылардың үміт артып отырғаны – жалғыз Жем өзені. Оның жағдайы да мəз емес екен. «Тіршілік нəрі» жылданжылға азайып барады. Биыл өзен тасығанмен, қазіргі тереңдігі 35-40 сантиметрден аспайды. Мысалы, үш мың бас қойды суару үшін ондаған үкі оюға тура келеді. Бейнеттеніп ойған үкіден су шықса жақсы. Санаулы терең шүңейттер мен Қамыскөлден басқа жерде көлікпен алатын су жоқ.

– Шаруалардың сыналар тұсы енді келгендей. Қырда ылғал жоқ, қар мүлде жаумады. Осы өзен бойын жағалай қыстап отырған 70-тей шаруашылықты Жем өзені сақтап тұр. Менің малым қырда, суды негізінен құдықтан ішеді. Бірақ, қарақатқақ осылай жалғаса берсе, жағдай қиындай түседі. Біз үшін Жем өзенінде ағыстың болғаны тиімді. Мемлекеттен көмек болып, өзен түбін тереңдетсе жақсы болар еді. Ағыс болмаған соң, қазір кейбір тайыз жерлер жабысып қалып жатыр. Ойғанда астында су болмайды, – дейді «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов.

screenshot 17

Биыл аудан бойынша 21 мың бас сиыр, 77 мыңнан астам қой-ешкі, 12 мың жылқы мен 10 мыңдай түйе малы қысқа түсіп отыр. Олар 175 қыстақта бағылуда. Жем-шөп қоры жеткілікті. Тек қинайтыны – су. Оған жалғыз амал – су көздерін барлап, бұрғы салу керек. Себебі, құрғақшылық жиілеген сайын құдықтар тереңдеп кеткен. Осы өңірдегі ұңғымалардың тереңдігі 100-120 метрге жеткен. Оны кез-келген малшы өздігінен қазып ала алмайтыны даусыз. Тағы бір мәселе – кісі мен техника жалдап қаздырған ұңғымалардың шығынының 80 пайызын бұрын мемлекет субсидиялайтын еді. Былтырдан бері қарай бұл жеңілдік жоқ. Ал, мал басы жалпы облыс бойынша өсіп келеді.

Назар аударар жайт, бастауын Ақтөбе облысынан алатын Жемнің тасуы тұрақты емес. 2007 жылы, сосын 2016 жылы жақсы тасыпты. Шаруагерлердің айтуынша, биыл да жақсы тасыған, тек арнасы құмығып қалғандықтан суды ұстай алмаған. Ал, қарақатқақты қыс әрбір 10-12 жылда қайталанып отырады екен. Біздің соған дайындығымыз ойдағыдай болмапты. Қарақатқақ тек Жылыой өңірі емес, Исатай және Мақат аудандарындағы мал мен жанға да қиын тиіп тұр. 7 қаңтар күнгі боран тек Индер мен Қызылқоға ауданын ғана жарылқады. Сағыз бойындағы ақұлпа да малдың сусындығына жарамай тұр. Тек Азғыр өңіріндегі малшылардың көңілі тоқ. Оларға өткен аптаның басында мол қар жауыпты.

Бізге хабарласқан «Сүйіндік» асыл тұқымды мал шаруашылығының жетекшісі Владимир Розметов: «әзірге 14 мыңнан астам қой қардан тірлік нәрін айырса, 300-дей жылқы, 200 бас түйе тебінде жатыр» деді. Бір алаңдатарлығы, қарақатқақтың ұзаққа созылатын түрі бар. Синоптиктердің болжауынша, қаңтар айы құрғақ өтетін сыңайлы. Сондықтан, шаруаларға тек өз күшіне сенуден басқа амал жоқ.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Жылыой ауданы

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз