Атыраулық спортшылар олимпиадалық спорт түрлерінен кенже қалып отыр

1550726 Жаңалықтар

Бүгін облыстық әкімдікте өңірдегі спортты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. 

Аймақ басшысының орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен жиынға спорттық мектептер  мен клубтардың  басшылары, жаттықтырушылар мен сала ардагерлері қатысты. Аудандағы жауаптылар онлайн байланыста  қосылып отырды.

          Спорт саласында күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мен спортшыларымыз жеткен жетістіктер туралы баяндама жасаған  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов былтыр 27  нысан іске қосылып бүгінде өңірімізде 1128  спорттық имарат жұмыс жасап тұрғандығын жеткізді. Облыс бойынша  17 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қызмет көрсетіп, оларда спорттың 26 түрі дамытылуда. Олимпиадалық резервті даярлау орталығында болашағынан үміт күттіретін 179 спортшы бөлек бапталуда. 9 кәсіби спорттық клуб жасап, оның төртеуі (ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты) жекешелендірілген. Кейбірі сенімгерлік басқаруға берілген.

           Жиын барысында олимпиадалық спорт түрі бойынша жеткен жетістіктеріміздің көңіл көншітпейтіні, ұлттық спорт саласының мардымды  дамытылмай отырғандығы айтылып, басқарма басшысы мен клуб жетекшілеріне төраға тарапынан ескерту берілді.  Осымен қатар, облыс орталығынан дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу, «Мүгедектер спорт клубы» ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу  мәселесі қаралды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз