МҰЗ АЙДЫНЫНДАҒЫ МҰЗБАЛАҚТАР
«Шынықсаң, шымыр боласың»
Ақылы топтар болған кезде 50-60 бала ғана келіп жаттығатын еді. Шамамен алғанда, бір баланы хоккей киімімен, қажетті жабдықтарымен толық қамту үшін 80-140 мың теңге жұмсалады. Ал, жаттығу үшін ай сайынғы төлем 5000 теңгені құраған болатын. Сондықтан, балаларын ақылы топтарға әкелуге барлық ата-ананың бірдей қалтасы көтере бермейтін.
— Балалардың жасы әртүрлі болғандықтан, бір жылда туғандардан команда жасақтау қиынға соқты. Бірақ, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның тікелей араласуымен өткен жылдан бастап академия ашылғаннан кейін хоккейді үйренуге келуші балалар саны күрт артты. Қазір 2004 жылы туған балалардан команда жасақтап, олар ел чемпионатында өнер көрсетіп жүр. Енді алға қойған мақсатымыз – 2006 жылы туған балалардан команда құру. Келесі жылғы маусымға осы топты ел чемпионатына енгізуді жоспарлап отырмыз, — дейді «Бейбарыс» хоккей клубының директоры Болат Мұхамбетқалиев.
Қазіргі таңда мұнда жүздің үстінде бала екі топта жаттығуда. Біріншісі – «Бейбарыс» балалар, екіншісі – жасөспірімдер командалары.
Клуб директоры Болат Есетұлының айтуынша, қазіргі таңда 1996-2000 жылғы балалардан құрылған команданы ресейлік Жастар хоккей лигасының «В» тобына енгізу жоспарлануда. Ол үшін елордалық «Барыс» хоккей клубымен бірлесіп, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда команда құрамында 18-ге жуық бала бар. Олар күніне екі рет жаттығу жасап, өткен жылдың желтоқсан және биылғы ақпан айларында Ресейдің Орск қаласында өткен екі оқу-жаттығу жиындарына, жолдастық кездесулерге қатысып келді. Команданы толықтыру мақсатында сәуір айының аяғында Жезқазған, Теміртау, Өскемен, Қарағанды қалаларындағы хоккей мектептерінде тәрбиеленетін балалар арасында іріктеу жүргізілді. Айта кетсек, Жастар хоккей лигасының «А» тобында астаналық «Қар барыстары» («Снежные барсы») өнер көрсетіп жүр. Қолға алынған жұмыстар нәтижелі болса, атыраулық ұжым Ресейдегі беделді лигада ойнайтын екінші команда болмақ.
Бұл жұмыстар, ең алдымен, балалардың спорттық деңгейін шыңдау және болашақта кәсіби хоккейшілер қатарына тарту мақсатында қолға алынып жатыр.
— Бүгінгі таңда академияда жаттығып жүрген 2001-2005 жылғы туған балалар саны 30 болса, 2006 жылғылар – алпыстан астам. Негізінен, академия құрылғаннан бастап тегін қызметтің көрсетілуі және қажетті жабдықтармен толық қамтылуы олардың осы спортқа деген қызығушылықтарын арттырғаны сөзсіз. Алайда, басты кедергі – мұз айдынының қашықтығы. Бұл жаққа қоғамдық көліктер де көп қатынамайды. Көптеген ата-аналар балаларын өз көліктерімен әкеліп, алып кетеді. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын тарту түйінді мәселе болып отыр, — дейді клуб директоры Болат Мұхамбетқалиев.
Жерлестеріміз – ел чемпионы
«Бейбарыс» балалар хоккей командасы ойыншыларының жас та болса, ынтасы зор. Қимылдары да ширақ. Көкшетаудың «Бурабай» мұз айдынында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккейден ел чемпионатының ІІІ турында І орын иеленді. Рудный қаласында өткен алғашқы турда жас «бейбарыстықтар» ІІІ орынды иеленсе, Шымкент қаласында өткен ІІ турда да қола жүлдегер атанды. Ал, осы жолы бес кездесудің төртеуінде жеңіске жеткен атыраулық жас хоккейшілер турнир қорытындысымен жеңімпаз атанды.
Атыраулық жас хоккейшілер үшін бұл – үлкен жетістік. Өйткені, мұнда мұнайлы өлке командасымен қоса, Бішкек, Алматы, Көкшетау, Рудный, Шымкент қалаларының командалары да чемпион атағы үшін сынға түскен еді.
«Бейбарыс» балалар хоккей командасының жаттықтырушылары болып Атырау хоккейінің ардагерлері Евгений Антонов пен Сергей Огородников қызмет етуде. Олар 2009 жылы кәсіби команда жасақталған кезде бас бапкер Александр Истоминмен бірге келіп, талай жеңісті додалар өткізді. Атыраудың қоржынына екі рет алтын және екі рет күміс медаль салды.
Евгений Антонов команда капитаны болып, ұжымды үнемі алға жетелеп келді. Қазіргі таңда, осы өңірдің балаларымен жұмыс жасауда.
– Екінші жыл қатарынан бапкерлік салада Евгений Валерьевичпен бірге қызмет етіп келеміз, — дейді «Бейбарыс» балалар хоккей командасының жаттықтырушысы Сергей Огородников. – Академиядағы сексеннен аса баланы үш топқа бөліп, үш бапкер жаттықтырып келеді. Рудный, Шымкент, Көкшетау қалаларында өткен ел чемпионаттарына қатысып келдік. Балаларды тәрбиелей бастаған алғашқы жылдары 10-15 бала ғана келіп жаттығатын. Жыл өткен сайын олардың саны да артып келеді. Ал, қазір тегін түрде ұйымдастыру – балаларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, спорттың қай түріне болмасын баланы ата-анасы неғұрлым ерте жастан әкелсе, соғұрлым ол жақсы нәтижелер көрсете алады. Ал, хоккей үшін ең тиімді – 6-7 жас. Біз, ең алдымен, оны конькимен аяғына тұруға үйретеміз. Кейде бұл үшін бір жыл кетіп жатады. Содан кейін ғана қолына шайба ұрғызып үйретеміз. Оның жылдамдығын қалыптастыруға да біршама уақыт кетеді.
Сергей Огородниковтың өзі алты жасында хоккейге келіп, 36 жасқа дейін осы спорт түрімен айналысқан. «Ең бастысы, хоккейге тек әншейін бір үйірмеге қатысып жүргендей көңілмен емес, үлкен жетістіктерге жету мақсатында келген жөн. Бұл үшін үлкен ынта-жігер және еңбексүйгіштік керек» — дейді жаттықтырушы.
Балалар күніне екі рет сағат 8.00-ден 9.00-ға және 15.45-тен 16.45-ке дейін сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жаттығады.
Ата-ана да қолдауын аямайды
Балаларын хоккейге әкеліп жүрген ата-аналар да дән риза. Олар баланың бойындағы алға қарай ұмтылысты анық байқайтындарын айтады. Мәселен, «Бейбарыс» балалар хоккей командасының қақпашысы Данил Трофимовичтің анасы Галина ПИЛИПЧУК ұлын хоккейге бес жыл бұрын берген.
— Атырауда тұңғыш рет хоккей мектебі жасақтала бастаған кезде ұлымды осы спорт түріне баулуды жөн көрдім. Алғашқы кезде ол әр санатта ойнап, кейін қақпашы болғысы келетінін айтты. Өз қалауы бойынша қақпашы ретінде айдынға шығып жүр. Жаттығуды қалдырмайды, қатты ұнайтынын айтады. Өмірде өз бағытын тапқанын байқаймыз.
Хоккей, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, суыққа төзімділігін, шыдамдылығын қалыптастырады. Сонымен қатар, баланы жан-жақты тәрбиелейді. Бала ашыла түседі, адамдармен қарым-қатынасы жақсарады, бір командада жұмыс жасап үйренеді. Бір-бірімен түсінісіп, сол бірауыздылық жеңіске жетуге де итермелейді.
«Хоккей — жарақат көп алатын спорт түрі. Соның ішінде, қақпашылар көп ретте жараланады. Балаңды қалайша осы «қауіпті» спорт түріне бердің?» деп таңданатын адамдар көп. Бірақ, адам ойламаған жерден сүрініп, жарақат алып қалуы да ықтимал. Біз тек жақсылық болатынына үміттенеміз. Сондай-ақ, хоккейдің берер тағы бір пайдасы — балаларды қорғана білуге үйренетіндігі. Мектептен де түрлі жарыстарға еш кедергісіз жібереді. Ол оқитын Абай атындағы №15 мектепте Данилмен бірге «Бейбарыс» жасөспірімдер хоккей командасының бірер ойыншылары да білім алуда. Сол себепті, мектеп ұжымы ел чемпионаттарында облыс намысын қорғап жүрген шәкірттер тәрбиелеп жатқандығын мақтан тұтады, — дейді ол.
«Бейбарыс» балалар хоккей командасының ойыншысы Аман НАСИМОВ осыдан төрт жыл бұрын хоккейге келіп, осы спорт түрі оған қатты ұнап қалған. Қазір оның жасы – 12-де. Онымен бірге Ж.Қаражігітов атындағы №16 орта мектепте Әділ, Әлішер, Әмір есімді балалар да жаттығады. Ал, Көкшетауда өткен жарыста Аман бір рет қарсылас қақпасына гол соғып, көзге түскен.
— Мені осында әкелген анама алғысым шексіз. Осы уақыт аралығында мен хоккейдің қыр-сырын түсіне бастадым. Хоккей маған көп нәрсе берді. Ең алдымен, шынығып шыңдалудамын. Және көп достар таптым. Біздің ұйымшылдығымыз Көкшетауда өткен жарыста айқын көрінді. Алғашқы екі турдан соң біз тыңғылықты дайындалып, бапкердің нұсқауларын толық орындауға тырыстық, — дейді Аман бізбен әңгімесінде.
Мұз айдынында, сонымен қатар, мәнерлеп сырғанау мектебі де бар. Бұл спорт түрінен қыздарды дайындау үшін Ресейден келген спорт шебері Лаура Тауманованың айтуынша, қазіргі таңда 60-тан астам кішкентай қыздар мұзда мәнерлеп сырғанауға үйренуде. Ел чемпионатында топ жарған алғашқы жүлдегерлеріміз де бар. Мұнда да алғашқы кезде балалар ақылы түрде қабылданса, қазір бәрі тегін. Тек ерте жастан бастап баланың бойында қызығушылық оянса болғаны…
P.S. Спорт – денсаулық кепілі. Соның ішінде, қысқы спорт түрлері бала ағзасын шымырлыққа, ептілікке үйретеді. Салқынға төзімді болуға тәрбиелейді. Ал, Атырауда спорт саласын өркендетуге жан-жақты қолдау бар. Мұз айдынында ашылған академия – соның бір дәлелі. Игілікті бастама үлкен жетістіктерге жетелеп, талай байрақты бәсекелерде облыс намысын абыроймен қорғап жүрген «Бейбарыс» командасы ойыншыларының ізбасарлары бірер жылдан соң осы Атыраудан шығарына сенім мол.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ,
Амангелді МУТИГУЛЛИН.