ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕ НЕ ЖАҢАЛЫҚ БАР?

Бүгіндері Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған Жолдауын ел ішінде түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғасуда.

 Осы мақсатта Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінен ұйымдастырылған ақпараттық-насихаттық топ үстіміздегі аптада өңірлерді аралап, жұртшылық өкілдерімен жүздесуде. Жолдауда атап көрсетілген басымдықтардың бірі – зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы, басқа да әлеуметтік төлемдер мен көмектерге қатысты мәселелер негізгі әңгіме арқауына айналды. Алғашқы кездесу дүйсенбіде Индер ауданында өтті. 

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер мен оларды жүзеге асыру жолдары жайлы аталған департамент басшысының орынбасары Мәншүк Лепесова егжей-тегжейлі әңгімеледі. Зейнетақы мен төлемақы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорлары жүйесіндегі өзгерістер, қазіргі ахуалы мен келешектегі жай-күйі төңірегінде толыққанды түсініктер берді. Ең бастысы, әлеуметтің жағдайы, әлсіз топтарға қолдау мен көмек көрсету қашанда алғы кезекте қала беретіндігіне тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай департамент басшысы Темір Естебаев қосымша хабарлама жасап, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарды. Президент Жолдауында көзделгеніндей, айтылып отырған әлеуметтік төлемдер көлемінің біртіндеп өсіріліп, зейнетақы жүйесінде қарастырылған жеңілдіктердің негізінен сақталып, ерекшеліктеріне байланысты ішінара өзгерістер енгізілетінін айтты. Қалай дегенде де, азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау саласында оңды өзгерістердің көбірек орын алуға тиісті екендігіне тоқталды.

Жиынға қатысушылардың атынан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев, зағиптар қоғамының төрағасы Марат Төреғалиев өзіндік ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Осындай жиын кеше Исатай, Жылыой аудандарында, Атырау қаласында да жалғасын тапты.

Дәулетқали АРУЕВ.   

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз