ҰЛЫТАУДА АЙТЫЛҒАН ҰЛАҒАТ
Қазақ үшін Ұлытаудың орны да, маңызы да бөлек. Ол – қазақ жерінің кіндігі, ту тіккен байтақ ордасы, хандыққа қазық болған, жалпақ жұртқа азық болған қасиетті мекен. Себебі, тарихсыз өсу де жоқ, өнеге де болмақ емес. Тарихын білген, құрметтеген ұлт қана баянды болашақтың уығын қадап, темірқазығын айқындайды. Ұлытаудың қасиетін, тереңге тамыр жайған үлгі-өнегесін жас ұрпақ біліп өсуі керек. Өйткені, Ұлытау – ұлылардың мекені, ұлағаттылардың ат байлаған жері. Бұл жердің жұртымыз үшін қымбат болуы тегін емес. «Ұлытауға шыққан бар ма, ұлардың үнін ұққан бар ма?» деген қасиетті қағиданың өзінде талай сыр жатқандай.
Тіл мен дін ғана емес, ел тарихы, қазіргі экономика мәселелері, Украинадағы шиеленіс тудырған проблемалар және басқа да өмірдің өзекті мәселелерін жан-жақты қамтып, кеңінен толғаған ұлт ұясы – Ұлытаудағы толымды толғанысынан Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық деңгейдегі ұлағатты ойшыл екенін тағы бір мәрте риясыз таныдық. Елбасының биліктің биігінде жүрген білімді де, білікті кадрларға қарата айтқан сөзі Әлихан Бөкейхановтың: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген сөзімен үндес.
Ұлттың ұлағатты ұстаздарының бірі Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы қазан айының екінші жұлдызында «Абай» журналында жарияланған «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Оқығандар! Бұл – уақыт жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» – деп жазған екен. Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойлардың бір парасы осы парасатты пікірді де жаңаша жаңғыртып тұр. Қазақ тарихындағы осындай киелі жерден шыққан мұндай ойлар мен сөздер жастарды ата-бабалар аңсаған жолмен адаспай жүруге бастауы тиіс деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!
Жамиға ТАҢАТАРОВА,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы.