Атыраудан – 65 мың адам Экспо-2017 көрмесіне барады

экспо 2017 Жаңалықтар

Облыс бойынша ЭКСПО-2017 көрмесіне 65 мың адам баруы жоспарланған. Бұл туралы  «Қазпошта» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Өтепбаев баяндап берді.

экспо 2017

– Көрме билеттері қайда сатылады?

– Билеттерді сату операторы болып «Қазпошта» АҚ мекемесі таңдалды. Сондықтан, оның  біздегі бөлімшелерінен сатып алуға мүмкіндік бар. Былтыр маусым айында бұл шара бойынша tickets.expo2017astana.com сайты мен +7(717)272 7109 ақпарат-орталығы өз жұмысын бастады. Содан бері 600-ден астам билет сатылды. Қазір өңіріміз осы жұмысты ұйымдастыру  жөнінен  үшінші орында келеді. Бір реттік билет құны 4 мың теңгеден басталады. Одан бөлек, жолақы, қонақүй, тамақтануға кететін шығындар тағы бар.

– Билеттердің қандай түрлері бар?

– Сатылымға екі түрі шығарылады. Жұмыс және демалыс күндеріне белгіленген билеттердің бірінші түрі нақты бір күнге арналған. Ал, екіншісін міндетті түрде көрме өтетін алаңға кірмес бұрын мерзімі көрсетілген билетке ауыстырып алу керек (ол 8 қыркүйектен кейін қайтарылмайды). Бұл қызмет ақпан айынан бері қолжетімді.

– Ғаламтор арқылы электронды билет сатып алуға бола ма?

– Әрине, болады және оны әдеттегі билетке ауыстырудың қажеті жоқ. Өйткені, онда сатып алушының аты-жөні жазылмайды. Ол жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейді. Екіншіден, бір адамның қолына 50 данадан артық сатылмайды. Үшіншіден, бір билетпен көрмеге тек бір рет қана кіріп-шығуға рұқсат етіледі. Кірерде жеке куәлік талап етіледі. Билеттерді көшіріп басуға қатысты жауапкершілік оны сатып алушыға жүктеледі. Бұл ретте, оны бірінші көрсеткен адам ғана кіреді.

– Тағы қандай артықшылықтары бар?

– Билетті көрсете отырып, көрмеге қатысушы елдердің павильондарын тамашалауға болады. Сондай-ақ, кешкі парадтар мен шоу-концерттерді көруге мүмкіндік бар. 10 маусым күні көрме салтанатты түрде ашылады. Ал, 6 маусымда Астана және 30 тамызда Конституция  күндері аталып өтеді. Көрме 10 қыркүйекте жабылады.

– Ел азаматтары үшін жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Иә, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге және соған теңестірілгендерге, барлық топтағы мүгедектерге, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, алты жасқа дейінгі балаларға тегін. Мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, көп балалы ата-аналар, төрт және одан да көп кәмелет жасқа толмаған баласы бар отбасылар үшін елу пайыздық жеңілдік қаралған. Бірақ, шетел азаматтары үшін алты      жасқа дейінгі  балалардан басқасына жеңілдік жоқ.

Күні көрсетілген билет:

Жұмыс күні – 4000 теңге

Демалыс күні – 6000 теңге

 

Күні көрсетілмеген билет:

Жұмыс күндері – 6000 теңге

Демалыс күндері – 8000 теңге

Амандық АБДОЛ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз