Жарнама
Қоғам

ҰЛТ ТАРИХЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

 

Ел Тәуелсіздігінің алтын діңгегі ұлттық тарихымызда жатыр. Ал ұлттық тарихымыз – халқымыздың мәңгілік бойтұмары! Жалпы, Қазақ хандығының мерейтойына байланысты облыста жыл бойы көптеген іс-шаралар атқарылды. Ғылыми конференциялар, акциялар, тарихи сабақтар сияқты 500-ден аса іс-шара өтіп, той қарсаңында 8 автордың кітаптары басып шығарылды. Еліміздің 14 облыс-қаласы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін абаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алып, шаһар тіптен құлпырып шыға келді. Міне, тарихымыздың алтын діңгегі – Тараз қаласы мерейтойға осындай берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен, елден ерек әсем көркімен жетіп отыр.

Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге сапарын «Әулие ата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалына барудан бастады. «Әулие ата» әуежайы кешені күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларға жаңа кейіпте қызмет етіп жатқанына аз ғана уақыт өтті. Әуежай кешені аэровокзалды, аэродромды, авиациялық-техникалық базаны қамтиды. Сондай-ақ, онда ұшуды радио құралдары көмегімен және жарықпен қамтамасыз етуге арналған құрылғылар, түрлі техникалар және басқа да жабдықтар бар. 

Жастарымыздың тарихи  санасын жаңғыртты

Осыдан кейін Елбасы Тараз қаласындағы «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатына қатысты.

Ел тарихының өшпес табы қалған, ежелгі ордамыздың шаңырағы көтерілген көне Тараз жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ерекше монумент бой көтерді. «Қазақ хандығы» монументінің биіктігі 30 метрді құрайды. Аумағы 3,5 гектарды алып жатқан бұл кешеннің ең ерекше архитектуралық шешімі, әрине, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың тақта отырған сәтінің бейнеленуі болды. Бұл күні монумент маңына елуге жуық киіз үй тігіліп, сахна, алтыбақан, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылып, өз алдына әдемі этноауыл орын тепті.

– Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз. Мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымға ақ тілегін жолдады.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, әсіресе, Елбасы өңірдің даму үрдісін жоғары бағалап, мақтап жатса, осы елдің, осы жердің мерейі, ырысы емес пе? Елбасының: «Жамбыл облысы жақсы дамып келеді. Биыл 170 мың шаршы метр баспана салынды. Жыл басынан бері 7 мектеп, 3 балабақша, аурухана пайдалануға берілді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 33 нысан іске қосылды, екінші өнеркәсіптік бесжылдықта 27 нысанды іске қосып, 6 мың жұмыс орнын ашу қарастырылған. Тараз қаласының іргесінен халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. Бұл күре жолдың облыс орталығының тыныс-тіршілігіне тың серпін беретіні анық. Алдағы уақытта Жамбыл облысы талай биік белестерге қол жеткізетініне сенімім мол. Жамбыл облысы – менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес. Өңірде талантты жастар өсіп келеді. Көп шаруалар істелді», деп ағынан жарылуы Жамбыл жұртының төбесін көкке жеткізгені анық.

Елбасы, сондай-ақ, біз кез келген мерекені халыққа көбірек игілік жасау үшін пайдаланамыз. Әлемде тұрақсыздық, қақтығыстар мен соғыстар болып жатыр, ал біздің елде бәрі тату әрі өзара сыйластық негізінде өмір сүруде. Қазақстанды әлемнің өзге елдері біледі, құрметтейді. Еліміз қақтығыстарды шешу ісінде арағайындық жасап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келеді. Осының бәріне халқымыздың бірлігі арқасында қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының бұл сөздері елдің ынтымағы, бірлігі мен тірлігіне берілген оң баға екені сөзсіз. 

Мәдени  мұра ел  тарихын түгендейді

Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында болып, осындағы археологиялық саябақта атқарылған жұмыстармен танысты.

Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Қазақ елінің тарихы көнеден келе жатқан құнды мұраларға толы. Тарихқа көз жүгіртсек, ортағасырлық Тараз қаласы Қазақстан тарихындағы ең ірі саяси, мәдени, сауда, әкімшілік орталығы болған. Осынау әулиелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан, кейінгі тарихымыздан жеткен ұзын-саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. Сәулет өнерінің ортағасырлық інжу-маржаны Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелері, киелі Тектұрмас, Ақыртас сарай кешені, Қали Жүністің «Шығыс моншасы» секілді баға жетпес жәдігерлер Тараз қаласына ерекше көрік беріп, жылдан-жылға туристердің қызығушылығын арттырып келеді.

Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға асырған осынау құнды ескерткіштері мен тарихи мұрағаттары қазақ ұлтының ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер екені анық. Соның дәлеліндей, қазақ халқының іргелі тарихи ескерткіштері халықаралық деңгейде танылып келеді. Әулие ата өңіріндегі бұл кешендердің біразы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдениет мұрасы тізіміне енгені олардың тек Қазақстан немесе Орталық Азия аймағы ғана үшін емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екенін дәлелдеп тұр.

Міне, осыдан кейін Тараз қаласында арнайы тарихи-мәдени орталық пен археологиялық саябақтың ашылу керектігі талассыз заңдылық еді. Өткенімізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақтаныш болған бұл «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы мен саябақ дүбірлі тойдың басты сыйлығы болды. Көне шаһардың, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін бұл саябақтың құрамына ашық аспан асты мұражайы, «Достық үйі», шолу мұнарасы мен «Мыңбұлақ» сквері кіреді. Нысанның жалпы аумағы 9,4 гектарды құрайды. Жыл басында Үкімет қорынан 2,9 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржылар «Қазақ хандығы» монументі, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, Достық үйі секілді құрылыстарға және облыстық драма театрын күрделі жөндеуге жұмсалды.

Көне қала орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар көптеген жәдігерлерді топырақ астынан аршып алды. Жақында ғана әйелдің әшекей бұйымдары салынған құмыра мен басқа да бағалы заттар тапты. «ҚазАрхеология» ғылыми орталығының қызметкерлері орта ғасырдағы қаладан күні бүгінге дейін қолданыста болған ою-өрнектер мен дәйекті деректер табылып жатқанын айтады. Бұл табылған жәдігерлерден көшпенділердің қолтаңбасын тайға таңба басқандай анықтауға болады.

Көнеден жеткен бұл жәдігерлер шынында ел тарихын түгендеуде, толықтыруда, кейбір күмәнді тұстарды тереңірек зерттеуге, анығырақ білуге үлкен септігін тигізуде. Тағы бір айтары, бұл іс тек тарихымызды тереңдетіп қана қоймай, Таразда туризм түтінінің түзу ұшуына, кең қанат жаюына тікелей әсер етпек. Осыдан кейін Тараз туризмінің жаңа бір кезеңі, жаңа бір дәуірі басталғалы тұр деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан, мұны ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық десек те болады. Енді көне Тараз қаласының орнын туристік орталыққа, туризмнің «Меккесіне» айналдыру міндеті тұр. Шынында, Елбасы айтқандай, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі қала іргесінен өтеді. Демек, туристердің ағылып келуіне қолайлы жағдай бар. Яғни, ендігі міндет – түрлі дәуірлердегі Ұлы Жібек жолының бір пұшпағы – Тараздың бет-бейнесін мәдени қабаттарды аршу арқылы жарқырата көрсетіп, оның бар болмысын халыққа қауыштыру.

Өнімге сұраныс – ілгерілеуге бастар жол. Елбасы бұл күні «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-нің алюминий радиатор шығаратын зауытында болды. Мемлекет басшысы зауытты аралап көріп, алюминий радиатор шығару жөніндегі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне облыстың Индустрияландыру картасының іске асырылуы туралы да баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың еңбек ұжымымен әңгімелесіп, олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін айтты. Кәсіпорын негізінен алюминийден еуропалық сападағы алюминийлік және биметалдық, өзге де пішіндегі радиаторлар жасаумен айналысады. Елдің ішкі нарығымен қоса, көрші елдер де бұл өнімнің негізгі тұтынушысы болып саналады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың дана өнім шығаруға лайықталған. 

Бірлігі  бар  елдің босағасы  берік

Қазақ халқының тереңнен тамыр тартатын бай тарихы бар. Мыңдаған жылдар бойы Қазақстан алуан түрлі өркениеттердің даму жолы тоғысқан мекен болды. Мұнда халықтардың ұлы көштерінің ізі жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы халқымыздың тарихи түп-тамырын еске түсірудің игі өнегесі екені анық. Міне, осы орайда Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту мақсатымен Қытайдың Сиань қаласынан шыққан керуен бір жылдан астам уақыт жол жүріп, қыркүйек айының соңында Жамбыл облысының жеріне аяқ басқан-ды. Міне, қазақ-қытай достығын паш етіп, екі елдің ынтымақтастығын арттыруды мақсат еткен бұл керуен дәл той күні Тараз қаласының қақпасынан еніп, Тұңғыш Президент саябағы қасынан өтті. Құдды бір баяғы заманға тап болғандай күй кешіп, маң-маң басқан түйелер керуені көне заманды еске түсіргені анық. Осылайша, бағалы жүк артқан 136 түйе, 8 атарба және 100-ден астам қарауылы бар бұл керуен бабаларымыздың жүрген жолын жаңғыртып, сапарларын көне қалада түйіндеді.

Бұл керуеннің басты мақсаттарының бірі – Әулие ата жерінен Шай үйін ашу. Қытайдың Шэньси провинциясы әлемге әйгілі «Фуча» емдік шайының отаны болып саналады. Қытайдан шығып, қазақ жеріне аяқ басқан керуенге осынау емдік шай молынан артылыпты. Шынында, тіршілігі қым-қуыт Қытайдан біздің үйренеріміз, аларымыз көп. Сондықтан, қазақ пен қытай қалаларының бауырластығы іскерлікке жол ашып, берекеге бастайды деген сенім мол.

Бұл күні қаланың бірнеше жерлерінде тарихи тойдың мерекелік іс-шаралары кеңінен тойланып жатты. Тұңғыш Президент саябағындағы «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық бағдарламасы бойынша Қазақстан билеушілері ордаларының тарихи композициясы тігіліп, балалардың этнографиялық алаңқайы ашылды. Театрландырылған қойылымдар және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті. Бұған қоса, кешенде әртүрлі танымды ойын-сауық іс-шаралары өткізіліп, әйелдердің ел өміріндегі бет-бейнесі түрлі суреттер мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан түрлі туындылар арқылы бейнеленіп, қонақтардың назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені, «Жәдігер» жылжымалы мұражай экспозициясы, ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі, «Алтын сақа» – ұлттық ойындар сайысы, киіз бұйымдар қойылған балалар алаңқайы, қазақтардың ғұрыптық жырларын насихаттайтын «Фольклор және өмір» іс-шаралары халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, бірегейлігі мен өзгешелігін дәлелдеді.

Ал «Тарих доңғалағы» алаңқайында көшпелі цирк бағдарламасы, «Көк күйме» алаңқайында «Сақтардан қазақтарға дейін» – «Арлан» киім үлгісі театрының тарихи қойылымы, «Дулыға» алаңқайында «Ер қаруы – бес қару» – көшпенділердің қару-жарақтарымен таныстыру және «Киіз күмбездер» – қазақ киіз үйінің тарихы, сыры, мағынасы, түрлері туралы интерактивті-танымдық бағдарламалары ұлтымыздың өмірін, ерлігін зерделеді.

«Ақ шатыр» сахна алаңында «Мәңгілік сарын» – Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің бағдарламасы мен «Беркініп садақ асынған» – қазақтың батырлық жырларындағы эпикалық толғаулардан концерт және қазақтың музыкалық аспаптары, түркітілдес халықтар музыкасы, дәстүрлі әншілік мектебінің әндері, қазақтың жыр-термелері, басқа да бірқатар мерекелік іс-шаралар тойға қатысушы қауымның көңілін көтеріп, арманын асқақтатты.

Қазақ хандығының торқалы тойы барысында Алматы қаласының, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда, Қарағанды облыстарының өнерпаздары да аянып қалмады. Жамбыл облысының барлық аудандарының өнерпаздары да мерекелік тартуларын жасап, ән-күйден шашу шашты.

Жамбыл – ежелден ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Тараз төрінде өтіп жатқан бұл дүбірлі той ел тарихын түгендей түсіп, бүгінгі ұрпақты бабалардан қалған мұраларды қастерлеу, қадірлеу және ұлағатты өсиеттері мен істерін жалғастыруға шақыратыны анық. Ендеше, халық игілігі үшін жасалып жатқан оң тірліктердің қарқыны еш толастамайды, жалғасын таба береді. «Бірлігі бар елдің босағасы берік», деп Елбасымыз айтқандай, бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы жоқ. Елдің экономикалық мәселелерінде күрмеуі мол қиындықтар әлі де жеткілікті, оның үстіне әлемдік дағдарыс, көрші елдердегі түрлі аумалы-төкпелі жағдайлар күшейіп тұрғанда мемлекетіміздің тарихқа ден қоюы рухы мықты халық, ұлт екенімізді сездіреді.

Шынында, Тараз қаласының 2000 жылдық тойында қасиетті Әулие ата жеріне алыс-жақын шетелдерден қонақтар келіп, халықтың рухы көтеріліп қалғаны әлі есте. Ендеше, Қазақ хандығының 550 жылдығы халқымыздың өнегелі өмірі мен ерлігін зерделеп, барша қазақстандықтардың, барлық ұлттардың ортақ мерекесіне айналды деп айтуға толық негіз бар. Той тойға ұлассын, ағайын!

«Егемен Қазақстан»,

9 қазан, 2015 жыл.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button