Ұлт пен рух (триптих)
І Аршылар әлі талай көмбе-тарих…
«Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».
(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)
Бұрынғы «Қазақстан тарихы» оқулығының өзі қандай жұқа болса, ішкі мазмұны да кеңестік саясаттың сүзгісінен өткендіктен тым тайыз болғанын баршамыз да білеміз. Алайда, атамекенінде азаттық туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының талайлы тағдыры маңдайына жазған тар жол, тайғақ кешулері хақында от жүректі, патриот тарихшылардың там-тұмдап жазып қалатын, көнекөздердің там-тұмдап айтып қалатын шежірелерінен сана саңылауына ғасырлар қойнауының әлдебір күмбірлері жетіп жататын. Содан-ақ біз тарихымыздың тым әріде жатқандығын жүрегімізбен сезінетінбіз.
Кезінде тарихшы Талас Омарбеков жазған мынадай жолдарды қойын дәптеріме түртіп қойған екенмін. «Біздің тарих –күрмеуге келмейтін қысқа тарих емес, түп тамыры мыңдаған жылдарға кететін күрделі тарих. Көп томдық қазақ мемлекеттілігінің тарихын жазатын кез болды. Оның түп қазығы Қазақ хандығы болуы тиіс. Ал, бастауы сонау ғұн, қаңлы, үйсін және басқа тайпалар болғаны жөн. Мәселен, 100 кітаптан тұратын қазақ мемлекеттілігінің тарихын неге жазбасқа? Бізде осыншама томға жүк болатын тарих бар» деген екен Талас тарихшы.
Ал, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев жоғарыда айтқан басқосуда:
— Қазақстан тарихының жаңа көп томдығын жазатын кез келді. Мәселе ол қалай жазылады, сонда. Ешкімге жалтақтамай, ашық, әділетті түрде тасқа басылуы тиіс. Біз ешкімге көз алартып, жер даулап отырған жоқпыз. Мұндағы айтпағым – қазақтың жері бүгінгі шекарамен шегенделіп қалмаған. Қазіргіден әлдеқайда кең болды. Бұл – шындық, бұл – тарих. Ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, шекара сызығы бекітілген тұста, талай қазақ жері сыртта қалғанын, ол жерде өмір сүріп жатқандар өз ата-бабаларының мекенінде тірлік жасап жатқандарын да баса көрсеткен жөн,– деп бұл мәселеге байланысты ой-ұстанымын қабырғасынан қойды.
Шынында да, дәл солай. Алысқа бармай-ақ, біздің облысымыздың іргесіндегі шекаралас елді мекендердің көпшілігі – біздің ата-бабаларымыздың жайлаған атақонысы. Өлкетанушы-ғалым, жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Нарынға Бөкей бастап өтіп еді» атты зерттеу мақаласында («Атырау» газеті, №141, 9.XII, 2014 ж.) бұл туралы жан-жақты баяндалады. Тіпті, сол Бөкей ханның зиратының өзі Ресеймен екі арадағы шекарадан өтсең-ақ қол созым жерде көрініп тұр, яғни қазақтың зиялы бір ханы қазір өзге елдің аумағында мәңгіге тыныстап жатыр. Егер сол аймақ бұрын қазақтікі болмаса, Бөкей ханды ел-жұрты әдейі орыстың топырағына апарып жерлемеген шығар. Немесе бұрын Қазақстанның астанасы болған Орынбор ше?..
Бір замандарда Алтын Орданың астанасы болған, Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі шаhарлардың бірі – Сарайшықта қазба жұмыстарын жүргізген археолог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев қазақтың тарихын қытайлар тарихының басталу кезеңімен тұстас қарастыру керектігін айтады. «Біз өз тарихымызды қола, ерте темір, орта ғасырлар дәуірі сынды кезеңдерге бөліп жазатын болсақ, қытайлар өз тарихын әртүрлі династияларға бөліп жазады. Көнелері Шань, Инь, т.б. болып басталады да, Цинь, Хань, Тан, Юань деп тізбектеліп кете береді. Египетте де тарихты жіктеу осы принциппен жасалған» дейді ол.
Сөз жоқ, ғалымның осынау пікірінде бұлтартпастай қисын бар. Яғни, тарихты өзімізге тән жаңаша зерделеудің тұжырымдамасын нақты анықтап алуымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, бізде ежелден қалыптасқан қазақ шежіресі бар, тек оны жинақтай, жүйелей білу керек. Әр өңірдің сондай шежіресінен, ханы бар, батыры бар, халқының тіршілік ету ерекшелігі бар тарихынан бөлек-бөлек нақты зерттеулер жасалса, соның бәрі тұтас Қазақ елінің тарихын құрар еді. 2024 жылы Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығы екендігін ойға алсақ, мұның өзі – біздің тарихымыздың тым әріде жатқандығының бұлтартпас дәлелі.
Ендеше, осы тарихты зерттеудің маңыздылығы айрықша. Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлының айтуынша, осы орайда қыруар шаруа қазірдің өзінде еңсеріліп тұр. Былтыр атыраулық ғалымдар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахан, Орынбор, Қазан, Уфа қалаларындағы архивтерге барып, өлкеміз тарихына қатысты құнды деректер жинап әкелді. Соның нәтижесінде «Орыс дереккөздеріндегі Атыраудың тарихы мен мәдениеті» атты бес томдық жинақ орыс тілінде жарық көрсе, «Каспий маңы қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы: XX ғасырдың 20-жылдарындағы фотоқұжаттарда» тақырыбымен кітап-альбом шығарылды. Бұл жұмыс алға қарай да жалғасын таппақ.
Тағы бір сүйінішті хабар – Атырауда облыстық және қалалық архив мекемелері үшін жаңадан ғимараттар салынатындығы. Ол 1 млн. сақтау бірлігіндегі құжаттарға дейін қамтымақ. Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейіне де жаңа ғимарат салынып, онда озық технологиямен жабдықталған экспозициялық залдар, қор сақтау орындары, оқу кабинеттері, кино залы болады. Оның үстіне, ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу да жоспарланып отыр.
«Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығының одан әрі даму тұжырымдамасы жасалып, онда Сапар орталығын салу үшін арнайы жер телімі бөлінді. Алдағы 2019-2020 жылдары Ақтөбе-Лаэти қалашығына кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, аспан асты музейін жасау да ұйғарылған. «Жақында Халел Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары қатысып, зерделі зерттеулерін ортаға салды. Осы алқалы басқосудан соң біз Атырауда Халел мен Жанша Досмұхамедовтердің бірге отырған немесе тұрған ескерткішін орнатсақ деген ойға келдік. Сонымен қатар, шаhарымызда әйгілі Әйтеке бидің де еңселі ескерткіші тұрғанын дұрыс көріп, оған арнайы байқау жариялағанды жөн көрдік» деген еді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындаған осындай іргелі қадамдар, сөз жоқ, жастар үшін өрелі өнеге бастауы деп бағалаған ләзім.
ІІ Ынтымақты елге бақ тұрар
«Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр».
(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)
Тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен ширек ғасырда Қазақ елі ынтымақ пен бірліктің феноменіне айналды. «Біздің баға жетпес байлығымыз – бірлігіміз. Татулық – тұрақтылықтың ең басты тұғыры. Ал, тұрақтылық – ұдайы дамудың бірден—бір кепілі» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жүгінсек, қоғамдық келісімнің бақуатты тұрмысқа бастайтын баламасыз жол екенін, сондықтан да, оның айрықша маңыздылығын жан—жүрегімізбен түйсінеміз.
Тәуелсіздігімізді жаhанға жар сала әйгілеп, егемен ел екенімізді жариялағанымызға бірнеше жыл ғана болған, әлі кеңестік империядан мұраға қалған күйреген экономиканы жолға қоюмен арпалысып жатқан 1995 жылдың көктемінде Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
— Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын, — деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде-ақ бұл жаңа құрылымның қоғамдағы рөлі мен басты мақсаты, қызметінің негізгі контурлары анық көрініс тапты.
Елімізде 820 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, олардың құрамында 67 мыңнан астам адам бірлік пен ынтымақтастықты дамыту жолында белсенді қызмет атқаруда. Біздің облысымызда да 17 этномәдени бірлестік бар. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гүлмира Шәкірованың мәліметінше, қазір мұнайлы өңіріміз тұрғындарының 91 пайызы – қазақтар болса, 33,6 мың орыс, 2,9 мың корей, 2,3 мың татар, 1,1 мың өзбек бар. Қалған ұлт пен ұлыстар саны мыңға жетпейді. Қалың қазақ шоғырланған облысымызда өзге диаспора өкілдеріне деген құрмет пен шынайы бауырластық ахуал қалыптасқан. Атырауда олар бас қосатын арнайы «Достық үйі» тағылымды шараларға ұйтқы болуда.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Атыраудағы этномәдени бірлестіктер арасында да қызу талқыға түсіп, олардың бәрі де бұқараға ұсынылған іргелі бастамалар шоғырын бір кісідей қуаттап отырғанына да куәміз. Редакцияда өткен «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеде Зелимхан Зубариев, Зураб Бобохидзе және басқалары бұл туралы өзіндік құнды ой-пікірлерін «Қазақстан – біздің төл Отанымыз, оның шежіресінде біздің де талайлы тағдырымыз бар» деп түйіндеді. Әсіресе, «Ұлы далада пайда болған билер институты, дауды әділ шешу, ар тазалығы – әділеттіліктің ғажап формасы» деген олардың тәнтілікпен айтқан пікірі көңілге риясыз разылық сыйлайды. Осы орайда, медиациялық қызметтің көшпелі өркениеттің билер сотының сілемінен бастау алатынын шетел ғалымдары ашық айтуда. Бұл – Ұлы даланың әлем қазынасына қосқан зор үлесі. Айталық, Шығыс Еуропа елдерінде негізгі заң есебінде қолданылып келген 1519-1689 жылдарда жазылған төрелер жинағы – іс жүргізу кодексі қыпшақтың заң шығару ескерткіші болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Яғни, біздің дархан даламызда бастау алған мәдениет игілігін дүние жүзінің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәріптей білген жөн. Өйткені, бұл заңдар да Адамзатты бірлікке, жарасымды тұрмыс кешуге үндеу желі болып өрілген.
Бірлік дегеніміз – береке бастауы. Жуырда өткен Атырау облысы Қазақстан Ассамблеясының XXVI сессиясында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Президенттің бес әлеуметтік бастамасына орай атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды саралап айтты. Атап айтқанда, «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша 155 өтінім түсіп, 101 ипотекалық несие мақұлданып, оның 81-іне қаржы беріліп те үлгерген. Жоғары білім беруге жергілікті бюджеттен 246 грант бөлініпті. Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледждің 100 орындық жатақханасы пайдалануға берілсе, Исатай ауданындағы Аққыстау кәсіптік-техникалық колледжінің 320 орындық оқу корпусы мен 100 орындық жатақханасы құрылысы келер жылы аяқталмақ. Облыстағы 164 ауылдың 130-ы газбен қамтылған. Осының бәрі – еліміздегі бірліктің және мемлекеттік саясаттың халық игілігі үшін қызмет ететіндігінің нәтижесі.
Халқымызда мынадай бір тамаша тәмсіл бар: «Бақ, қайда барасың?» десе, «Ынтымаққа барамын» дейді екен. Біздің ширек ғасырдағы қол жеткізген жарқын жетістіктеріміздің бәрі де – осындай ынтымақ-бірлігіміздің бақ-берекеге бастағандығының жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, біздің этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі шет мемлекеттерге де үлгі болып отыр. Қазақ елінің бұл бағыттағы тәжірибесі Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекеттің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елдердегі елшіліктеріне таратылғандығы – осының айқын айғағы.
III Туған жерге туың тік!
«Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар».
(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)
Жайықты келіп алғаны,
Жағаға қолды салғаны,
Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны,
Ойылды келіп алғаны,
Ойындағысы болғаны», — деп күңіренген еді ғой Мұрат Мөңкеұлы. Замана зарын одан басқа да жүрегі қан жылай жырлағандар аз емес. Ғасырлар бойы аңсап күткен азаттықтың асқақ рухын, оның соншалықты тар жол, тайғақ кешулермен келгенін сезіну үшін де сол тарих тағылымдарын терең зерделей білуіміз аса қажет.
«Мың өліп, мың тірілген» (Жұбан ақын) Қазақтың бағы жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында ғана жанып, Тәуелсіздік тұғырына Ту байлап, Елтаңба қадады. Енді бәрін де жаңаша, бәрін де тыңнан бастау міндеті күн тәртібіне қойылды. Өйткені, кеңестік қиранды құрылымнан мұра болып, тек қана кетеуі кеткен экономика, кенеуі кеткен тұрмыстық проблемалар ғана қалған жоқ. Сағы сынған сана, жүнжіген рух қалды. Соны көтеру бәрінен де қымбат еді.
Жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген Қазақстан «көшпелі» деген көшіп жүрген ұғымды отырықшылықпен түйіндеп, «Тәуелсіз Қазақ елі» деген мәртебелі атақты бұдан аттай жиырма жеті жыл бұрын күллі адамзаттың санасына құйды. Дүниенің төрткүл бұрышын жайлаған жұрт енді Қазақстанға қарай өкшесін жиі көтеретін болды.
«Қазақтың сана—сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ, бұл мүмкіндік қана, ол шындық, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» деп өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында жазғанындай, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халықтың өзін-өзі тануы арқылы өзін өзгеге танытуы мәселесін мемлекеттік тұрғыда көтерді. Ол әлдекімдер алыс-жақыннан сұқ қадап, егемен елдің ертеңіне күдікпен қараған сол тұста «біздің де тарихымыз тереңде, өткеніміз өнегелі, өркеніміз өміршең» деген өршіл қағида ұстанып, тарихтың тағылымды сабағын қайыра оқып, қанаттана сілкінуге шақырды. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде-ақ жас мемлекеттің болашақ рухани тұғырын ойлап, «Ұлттық татулық жылынан» кейін «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын» жариялады. Бұл шын мәнінде кең ойлап, кемел зерделенген қадам болды. Бұл игі жемісін берді, бергенін дүйім ел көрді.
Міне, «Ұлы даланың жеті қыры» – жалпыұлттық, бүкілхалықтық, мемлекеттік бағдарлама. Мұнда Қазақ халқының күллі тағдыры, Отанымыздың мерейі мен мәртебесі жолындағы парасатты пайымдар, алғы күнге ұлы мақсаттар қойған азаматтық өре, ең бастысы, көшбасшылық кемел болжам бар. Соның ішінде өзіміз сөз етіп отырған еліміздің руханият әлемінің бүгіні мен ертеңі де тұжырымды зерделенген. Бұл іс жүзінде айқын көрініс те тауып жатыр: Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірнеше ондаған театр мен кино-концерт залдары, мәдениет ошақтары мен клубтар, кітапханалар мен оқу залдары, ғылыми-зерттеу институттарының ғимараттары, шығармашылық одақтардың үйлері мен өнер жайлары, демалыс орындары мен шипажайлар, жастар мен балалардың дарыны мен талантын ұштайтын орталықтар, стадиондар мен спорт алаңдары салынды. Әсем Астанамыздағы «Тәуелсіздік Сарайы», «Бейбітшілік және рухани келісім Сарайы», «Қазақстан» атты кино-концерт залы, Жастар сарайы, Спорт аренасы, Опера театры және басқа да адамның рухани әлеуетін арттыратын нысандар қанатын кеңге жайды.
«Экономикамыз нығайса, өнер мекемелерін көптеп салуға мүмкіндік болады» деп Елбасымыз орынды айтқандай, осы Азиада ойындары өткен екі қаладағы спорт орындары да экономикамыздың өсімі мен тұрақтылығының тікелей көрінісі. «Әуелі экономика, сосын саясат» деген тұжырым туған халқының тұрмыстық деңгейін жаңа, заманауи сатыға көтергенін Mемлекет Басшысы енді ризашылық сезіммен айтады. Оны айтасыз, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы ауыр да күрделі жылдарында, экономикалық дағдарыс дендеп, қазанның түбі көрініп, жоқшылық пен қатшылық қабырғадан қысып тұрған кездің өзінде Президентіміз тәуекел қадамға барып, еліміздің мәдени-рухани күйзелісіне барынша тосқауыл қойды. Халықтар достығын орнықтырып, ұлтаралық татулықты қалыптастырып, өзара сыйластық пен ынтымақты ту етіп көтеріп, осының арқасында жұртымыздың мәдени-рухани ахуалын сауықтырудың батыл бастамасын жасады. Бұл, әрине, қазір айтуға ғана оңай. Әйтпесе, сананы тұрмыс билеп, жоқтық қос өкпеден қысқанда, мәдениеттің мәселесін ойлап, маңызды қадам жасау ерлік емей немене?!
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихи сананы жаңғыртуды ғана емес, сол арқылы жас буынның бойында отаншылдық, патриоттық рухты оятуды, оларды туған елін, туған жерін сүюге тәрбиелеуді мақсат етіп қоюымен де құнды. Ең бастысы да – осы, — деп тұжырымдады ойын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сол жолғы мәжілісте. Оның мәлімдеуінше, бұл бағытта да көптеген игі істер қолға алынып жатыр екен. Айталық, «Аталар сөзі – ақылдың өзі», «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», «Күй – әпсәна, күй — ғұмыр» атты танымдық жинақтар шығару, «Қазақ халқының мәдени құндылықтары және өнері» тақырыбында халқымыздың ұмыт бола бастаған ән-күй жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал, «Дала фольклорын жаңғырту» фестивалінің де жастар бойында ұлттық рухты көтеруде әсері мол болмақ.
Ұлттың рухани әлемі. Бұл – аса маңызды мәселе. Рухани азаттық дегеніміз – қоғам дамуының ең басты өлшемі, ең басты қайнар көзі. Санаң азат болмай, өзің толық азат бола алмайсың. Рухың жаңармай, жаңа заманға ілесе алмайсың. Рухың қайсар болмай, ұлттың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмайсың. Ұлттың рухани әлемін қалыптастыру саясаты – ел тәуелсіздігін тұғырлы да, мәңгілік етудің бірден-бір кепілі.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі
Тарих адамзат баласының өзінен кейінгі ұрпағына қалдырған құнды өсиеті. Ол ғасырлардан ғасырларға ұласып, өзінің заңды жалғасын табатыны аян.