Ұлт мұраты жолында
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, профессор Халел Досмұхамедовтың туғанына135 жыл толуына орай «Халел Досмұхамедов – ұлы мұрат жолында» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция өз жұмысын Халел Досмұхамедұлының ескерткішіне тағзым етуден бастады. Салтанат сарайында шараға алыс-жақын шетелдерден ат арытып жеткен ғалымдарды, Халел Досмұхамедұлының ұрпақтарын қарсы алып, жиынға қатысушыларды тіркеу және «Алаштың асыл арысы – Халел Досмұхамедов» көрмесінің таныстырылымы болды.
Аталған ғимараттың кең залында конференция жұмысының пленарлық мәжілісі өткізілді. Жиынның беташары Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың кіріспе сөзімен ашылды.
–Бүгін біздің Атырау облысында Алаш арыстарына арналған үлкен шара өтіп жатыр. Конференцияға шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен келген үлкен ғалымдар мен Халел Досмұхамедұлының ұрпақтары осы мәжіліске қатысуда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, «Ұлы даланың ұлы есімдері» ешқашан ұмытылмауға тиіс. Бүгінгі өткізіліп отырған конференция да осы мәселені ту етіп көтеріп отыр. Тарих ақтаңдақтарын қалпына келтіріп, осы орайда жаңа ой-пікір тудыру үшін Түркиядан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан ғалымдарымыз осы жерге жиналып отыр.
Елбасының ел дамуына орай берілген тапсырмасына сәйкес «елім, жерім» деп өткен азаматтарымыздың, соның ішінде Халел Досмұхамедұлының өмірін, еңбектерін ұрпақ жадында қалдыру – бүгінгі аға ұрпақтың қасиетті парызы. Сонау бір жылдары алаш арыстары бастаған идеяның өміршеңдігін бүгінгі өмірімізден көріп отырмыз. Халел Досмұхамедұлының шығармашылық жолын, тұлға болып қалыптасуын зерттеген ғалымдардың конференция жұмысы қорытындысы бойынша қарар қабылдап, шешім алуы үшін арнайы басқосуын ұйымдастырып отырмыз, — деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.
Конференция жұмысының модераторы – филология ғылымдарының докторы, ғалым Ғарифолла Әнес «Халел Досмұхамедұлының Ташкенттік кезеңі» туралы сөзді Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсынға берді.
Баяндамашы Халел Досмұхамедовтың өмірі мен шығармашылығын алты кезеңге бөлуге болатынын, соның ішінде аталған «Ташкент кезеңінің» маңызы зор екенін атап көрсетті. Халел Досмұхамедұлының әмбебап тұлға екеніне де тоқталды. Оның халықтың денсаулығына, ел ішіндегі ұлт-азаттық қозғалысына, алашорданың саяси қайраткерлігіне, елдің мәдени-ғылыми өміріне қосқан үлесіне, ұлт ұстазы болғандығына, ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеген фольклорист-ғалымдығына, Қазақстанда жоғары оқу орнын ашқан ұрпаққа деген қамқорлығына, қазақ терминологиясын қалыптастырған тілші-ғалымдығына айрықша назар аударды. Халелдің Ташкентте шығармашылық жұмыспен ғана емес, саяси қызметпен де айналысқан деуге болатынын да қаперге берді. Оның осы кезеңде жазған жұмыстарында Түркістан өлкесіндегі қазақ элитасына жан-жақты баға бергенін де баяндамадан тыс қалдырмады.
«Движение Алаш и проблемы этнополитического развития народов центральноазиатского региона России» тақырыбында баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым Академиясы, Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласынан келген Дина Аманжолова да орталық азия халықтарының Алаш қозғалысына қатысуы жайлы айтты. Алашорда үкіметі мен Қоқан автономиясының өзара байланысы жайлы толғанған ол сол кездегі ұлт көсемдерінің өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар сияқты орталық азия халықтарымен ара қатынасына айрықша мән берді.
«Халел Досмұхамедов және Түркістандағы саяси үдерістер» атты еңбегінде Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласынан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Кахрамон Раджабов Түркістан қаласының қазақстандағы ғана емес, бүкіл орталық азиядағы саяси орталық болғанын атап айтты. Халел Досмұхамедовтың, Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұлов сынды ұлт көсемдерінің өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар, тәжік халықтарының саяси көсемдерімен байланыстары да сөз болды. Олардың түркі халықтарының бірлігін көздеп, түркі дүниесінің мемлекетін құруды арман еткенін де кеңінен көсіле толғады.
Өз сөзін Мағжан Жұмабаев-тың:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Киелі Түркістандай жерде туған,
Түркінің құдай берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды
Тұран дескен,
Тұранда Ер түрігім өніп-өскен
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан нелер қиын күндер кешкен» деген өлеңімен бастаған «Алаш қарекетін тарих ішінде қымбаттандыру» тақырыбын қозғаған Түркия Рес-публикасы, Анкара қаласынан келген тарих ғылымдарының докторы, Ататүрік атындағы тарих институтының директоры Мехмет Дервиш сөзді әріден қозғады.
– Сөз басында бәріңіздің ізгі ниеттеріңізді құрметтейтінімді жеткізгім келеді. Сіздер – біздің атажұртымызды сақтап, «Мәңгілік ел» идеясын жаңғыртқан бүкіл түркі дүниесінің ынтымағын сақтаушыларсыздар. Бүкіл түркі жұрты осы жерден шығып, жер шарына, әлемге таралды. Осы елдің бұрынғы аты – Түркістан. Біз – бір ұлтпыз! Түркілерміз! Ұрпағымызды да осы идеяда тәрбиелеуіміз керек.
Осы жерге жиналған себебіміз, жүз жыл бұрын осы адамдар «Алашордашылар», «Ұлтшылдар» деп жазаланған, жоқ болып кеткен. Енді олардың атын жаңғыртып отырған себебіміз, ұлт болашақта өсіп-өнуі үшін сенім керек. Алаштың алдына қойған ең бірінші мақсаты да осы болатын. Оны ұрпаққа үйреткен абзал. Бұл – біздің міндетіміз.
Халел Досмұхамедов сияқты ұлт көсемдері болмаса, алаш зиялылары туралы қазіргі ұрпаққа не айтар едік? Олар өздерінің жеке басы не болса да қарамастан, ұлттың болашағын ойлады. Басқа бір мемлекеттің бодандығын қабылдау – азаматтықтан шығу. Түркілер – намысшыл халық. Құл сияқты өмір сүргеннен өлгенін жақсы көретін халық. Егемендіктің жолында қаншама азаматтар құрбан болды! Егемендік оңай келген жоқ. Қандай қиын жағдайда да түркі жұрты құл болғанды қаламады. Жас ұрпаққа тәуелсіз егемен болудың қандай мәні зор екенін үйретуіміз керек.
Түркі халықтарында бір ғана түркі тілі, бір ғана дін! Осының өзі түркі халықтарының түбі бір екенін танытады, саяси бірлігімізді көрсетеді. Халел Досмұхамедовтер айтқан «пантюркизмнің» негізінде осы жатыр. «Алаш» сөзінің негізіне келейік. «Алты алаш» деген – бүкіл түркі жұрты деген сөз. Оның құрамында қазақ қана емес, өзбек, қырғыз, түрік, татар, ноғай және басқа да түркітілдес тайпалар бар.
Неге алашордалықтар «Алаш» деген термин таңдаған? Өйткені, «Алаш» – ұлт деген сөз. Бүкіл түркі дүниесі деген сөз. Сонау Кавказ тауында қарашай-шеркеш деген автономиялы республика бар. Олар да – осы түркі дүниесінің жұрнағы. Мынадай өлең соларға байланысты шыққан: «Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап қалдың кетіп». Бұл өлең сол бір ел айырылған алмағайып кезеңде шығып, ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа қалған. Адам өледі, бірақ, оның пікірі, сөзі өлмейді. Ата-бабаларымыздың алдына қойған «Мәңгілік ел болу» идеясын жалғастырған алашордалықтар, ішінде Халел Досмұхамедов те бар, олар ел есінде мәңгі сақталады,- деп тебіренді Түркия мемлекетінен келген ғалым Мехмет Клынаш Дервиш.
«Выдающаяся роль Халела Досмухамедова в развитии общественного здоровья» тақырыбында сөз қозғаған Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің Халел Досмұхамедұлы атындағы Халық медицина мектебінің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Талапқали Ізмұхамбетов белгілі ғалымның елдің денсаулығын сақтау жолындағы жұмыстарына тоқталды.
Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласынан келген тарих ғылымдарының кандидаты, И.Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетінің доценті Жұмағұл Байділдеев «Халел Досмұхамедов жетектеген «Талап» қоғамының Қырғызстандағы іскерлігі» атты баяндамасында алаш қозғалысының Қырғызстандағы саяси қозғалыстармен байланысын сөз етті.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Халелтану ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Базарғалиев «Мемлекет және қоғам қайраткері – Халел Досмұхамедов» тақырыбында конференция жұмысына қатысушыларға мәнді баяндама жасады.
Атырау облысының арнаулы оқу орындарында Халелтану курстары өтті. Сондай-ақ, үш томдық Халел Досмұхамедұлының «Таңдамалы шығармаларының» тұсаукесер рәсімі болды. Кеште шараға қатысушылар «Алаш арыстары» театрландырылған қойылымын тамашалап, конференция жұмысы қорытындыланды.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
Халел Досмұхамедов сияқты ұлт көсемдері болмаса, алаш зиялылары туралы қазіргі ұрпаққа не айтар едік?
Жас ұрпаққа тәуелсіз егемен болудың қандай мәні зор екенін үйретуіміз керек
Қазіргі бірлік, ынтымақ, бауырластық және осыған ұқсас тағы да басқа ұғымдардың кең етек жайған заманында біздің де “Алаш” атауына біраз көңіл бөлгеніміз жақсы болар еді.
Алаш және Алаш идеясы төңірегінде диалог құрып, пікір мен орынды көзқарас, жарасымды ой топтастыра алсақ, жат ел, жат жұрттың саяси тарихи және ол елдің ішкі таным-пікірінен туған бөгде көзқарастың бүйдасына, жат ұғымның жетегінде кетпеген боламыз.
Алаш ұғымы және идеясы шетте жүрген әрбір Қазақтың ортақ танымы, бағыт сілтеуші бағдары, көкжиек кеңістігінің темірқазығы, көкірек көзінің шамшырағы болуы керек.
Алты Алаштың тарихында ерекше тұлғалар бар. Егер оларды түсінсек қадымдан қалған мұрамызды түсінген боламыз.
Санамыз бен қоғамымызды қайтадан қалыптастыру біздің өткеніміз бен келешегіміздің сілтемесі Алаш сөзінің мағынасында жатқан тарихи және мекендік тереңдіктің көрінісінде болғанына азамат ретінде үлес қосу.
Қадымнан тоғысқан бүгінгі Алаш мағынасында жатқанын айқындау Алаш азаматтарының ұлы тұлғаларының алдында міндетті деп есептеймін.
«Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен бір ғұлама ойшыл. Тек өз саласында ғана білім алып қоймай, ұлтының тарихын жетік білетін, халқының ертеңіне алаңдайтын ұлтшыл жастар керек тәуелсіз Қазақ еліне.
Мен жастарға сенемін,- деп Мағжан атамыз айтпақшы біз, тәуелсіз елдің жастары, бізге халқымыздың, Алаштың артқан үлкен сенімін ақтай білуіміз керек.
Еліміздің үміт артып, Қазақстанға жоғары дәрежеде ілім алып келеді деген мақсатта жіберілген бірқатар Алаш жастары өздеріне артылған міндетті орындау үшін аянбай еңбек етуде
әр Қазақ баласы тарихын тереңнен білуі шарт.
жастарымыз бірігіп ел болуды, аға буынды құрметтеп, іні буынды ізеттеуден шығып барады. Қоғамда парақорлық, алдау, тонау тағы да басқа сорақы істер белең алып барады.
«Алаш жастарының» мақсаты Қазақ елінің болашағына үлес тигізер азаматтар ретінде шағын да болса ауызбіршілікті нығайту мақсатында тілімізді, дінімізді, тарихи, ұлттық құндылықтарымызды үйреніп, сақтай отырып келешек ұрпаққа лайықты түрде жеткізу.