ЕРКІН КҮРЕСТІҢ ҚОС САҢЛАҒЫ ЕЛОРДАДА ҰЛЫҒЫЛАНДЫ

Марат Мауменов пен Нұрсипат Ғалимов... Аға мен іні. Ұстаз бен шәкірт. Еркін күрестің екі тарланы. Боз кілемнің үстінде бозбала шақтарында табысып, талай-талай додалы жарыстарда топ жарып, бүгінде болашақ спорт саңлақтарын баулып жүрген бапкерлерді бір-бірінен бөле жармаған жарасымды.

 Марапат мерей өсіреді

Олардың аламан жарыстарда айласын асырып, шаршы алаңда шаппай бәйге алған шадыман сәттері әсте ұмытылар ма?! Жеңіс тұғырына көтерген жылдар жылыстап, ірі-ірі халықаралық турнирлерде жүлде әперген уақыт та тарих қойнауына аунап кетті. Мыңнан бір мезеттің жеңісі мен жемісін бағалауға келгенде мемлекетіміз де жомарт-ау! Екі бірдей қуанышты хабар жетті Жылыойға. Алдымен ҚР Дене шынықтыру және спорт істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов бір топ спортшымен бірге Атырау облысының атынан барған қос саңлақ – КСРО спорт шебері және бапкері Марат Мауменов пен КСРО спорт шебері Нұрсипат Ғалимовтің өңіріне «Дене шынықтыру және спортқа сіңірген еңбегі үшін» Құрмет төсбелгісін қадап, лайықты ұлығылау рәсімін жасаған-ды.

Бұл бастапқы жоралғысы екен. Бұдан кейін мүлде күтпеген жай болды. ҚР Еркін күрес Федерациясы арнайы қабылдау жасағанда, күрестің осы бір саласын кемел дамытуға сіңірген қажырлы еңбектері үшін Атыраудың қос саңлағы –  Марат Рысқалиұлы мен Нұрсипат Манапұлын «Еркін күрес тарланы» орденімен марапаттады.

«Жақсы балуан құлағын сындырмауы керек»

Білікті бапкер М.Мауменовтің ақыл-кеңесін көңіліне түйіп өскен  кез келген жас спортшы осы бір сөзді жиі есіне алар еді. Бұл – балуанға тән болуға тиіс барша қасиеттің бағын ашатын бірегей қағида. Былайша айтқанда, қарсыласың осал тұсыңды тауып, ойсыратып кетпесін десең, айлаңды асырудың амалын ойла деп тұрған жоқ па?! Әбжілдікті зордан көргенің – абыройды қолдан бергенің. 

Марат Рысқалиұлының өмірлік тәжірибе-үлгісі, ұстанымы бұл.

Осы ретте еркін күрес шеберінің алғаш спорт алаңқайына қалай келгені бүгінгі жас буын талапкерлерді ерекше қызықтыратыны кәміл. Бұл сауалға спорт саңлағы ағынан жарылады.

– Мен 1972 жылдан бастап спортпен айналыса бастадым, – дейді ол. – Макаренко атындағы орта мектепте оқып жүрген кезім.  Ол уақта білім ордасында түрлі үйірмелер жұмыс істейтін. Албырт жаспыз, әр салаға әуестігіміз күшті. Ілкіде жеңіл атлетикамен айналыстым. Түрлі қашықтыққа жүгіру, биіктікке секіру дегендей. Күрес өнеріне де қызығушылығым ояна бастады. Ойлап қарасам, бұл бір жағынан өзімді дене-бітімім жағынан шыңдау  болса, екінші жағынан бейім-машығым спорттың қай түріне жақынырақ екенін байырқалау еді.  Сегізінші сыныптан кейін біржола күреске ауыстым. Күрес әліппесін  алғашқы бапкерім Төлеген Сағатовтан үйреніп, жүре келе оның айла-тәсілдеріне де қаныға бастадым. Ізденісім, үлкен спортқа деген үмітім ілгері жетелей берді…

Иә, қайтпас қайсар мінезі, мақсатқа ұмтылушылығы Мараттың спорттағы жарқын беттерін ашты. Күрес десе жанып түсетін ол аудандық жарыстарда алдына жан салмайтын. Мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген кездің өзінде бес рет облыстық, үш рет республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанының өзі неге тұрады?! Сол шақта-ақ күрес өнеріндегі мол тәжірибесімен кейінгі ұрпақтың кумиріне айналып, есімі елге танылып еді. Облыс бойынша ең үздік еркін күрес балуаны атанған кезде ол өзінің үлкен спорттағы үміті жанғанын шынайы сезінді. Енді еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирлерде жасындай жарқылдап, көптің көзайымына айналды. М.Мауменовтің спорттағы тамаша жетістіктері кәнігі маман бапкерлердің де назарын өзіне аударды. Сөйтіп, Марат  Рысқалиұлы 1974 жылы  КСРО спорт шебері атанды.

Жылыойдың спорт мектебін жас балуандарды даярлаудың ұстаханасы десек, оның шарқайрағында шыңдалып, шымыр тартып жетілгендердің арасында Мауменовтің айқұлақтанып, айрықша көзге түсе беретіні неліктен? Өйткені,  спортқа кездейсоқ келгендердің сойынан емес, бала шағы мен болашағының арасы – оның спорттағы өмірі.

Тәлімді ұстаздың алымды шәкірті

Осы бір жігерлі, жанарының оты ұшқындаған, жауырыны қақпақтай, балуан тұлғалы жігітті әредік іздей қалсаң, спорт кешенінен, мәдени-көпшілік шаралардың, ауданның қоғамдық жұмыстарының қайнаған ортасынан табылар еді. Спортшылар оның төңірегінен айналып шықпайды. Неге? Өйткені, ол көпшіл, үлкенмен де, кішімен де тіл тапқыш, ең бастысы – ұйымдастыру ісіне шебер. Біз әңгімелеп отырған спортшы – Нұрсипат Ғалимов. Белгілі мәдениет қайраткері, ұлттық өнерді ұлықтаған Манап Ғалимовтың ұлы, артында қалған тұяғы.

Марат Мауменов оны алғашқы және алғыр шәкірті санайды екен. Олай дейтін жөні бар. Нұрсипат Манапұлы – өзінің спорттық жолында талай рет облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда аудан намысын қорғап, боз кілемнің шаңын шығарған бірегей балуан. Ембі (қазіргі Жылыой) ауданы құрама командасының капитаны болды. Оның 1981 жылы Алматы қаласында грек-рим күресінің Олимпиада чемпионы В.Бакулиннің ААСИ күрес мектебінен тәрбие алғанынан спорт жанкүйерлері хабардар екенін білеміз.

Жалпы, Нұрсипаттың спорттағы жолы, еліктегені болар, алғашқы ұстазы М.Мауменов секілді мектеп қабырғасынан басталған екен.  Ол да аудандық жарыстарға қатысып, бағын сынаған кездерде жүлделердің қанжығасына жиі олжа болып оралғанын әріптес-серіктестері айтып отырады.

Ол бірнеше жыл «Теңізшевройл» ЖШС кадр бөлімінде жұмыс жасады. Мәдени және спорт шараларын, бәйге, қазақтың ұлттық ойындарын ұйымдастырды. Мекеменің құрама командасына жетекшілік етіп, спорттың он екі түрінен Алматыда өткен республикалық біріншілікте екінші орынға қол жеткізуінің өзі – оның ұйымдастырушылық қабілетінің тағы бір айғағы.

«Ат тұяғын тай басар» деген, Нұрсипатқа әкесінің бойындағы өнер де жұғысты болған екен.  Алматыда студенттік шағында «Тамаша», «Жадыра» ойын-сауық отауларына қатысқан (1984 ж) және «КазПТИ-дегі көктем» деп аталатын жоғары оқу орындары студенттері арасында  күй тарту конкурсына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алыпты  (1984-1999 жж). 

Халықаралық турнир тағылымы

Бұл турнир құрметті спорт қайраткері, Жылыойдағы еркін күрестің іргетасын қалаған бапкер Марат Мауменовтің құрметіне арналып, оның атындағы жүлдені сарапқа салды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне алпысқа жуық мекеме қолдау көрсетті. Додаға Дағыстан, Өзбекстан елдерінен және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен, Орал қалаларынан, сондай-ақ Мақат ауданынан жас спортшылар келіп қатынасты.

Турнирдің ашылуында облыстық олимпиадалық резервін дайындау орталығының директоры Марат Жанғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әрі шәкірті Болат Қонарбаев және басқа көптеген тілектес, ниеттес адамдар құттықтау сөз сөйледі. Аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов спортты насихаттап, жастарға үлгі болып жүрген Марат Рысқалиұлы мен Нұрсипат Манапұлын Құрмет грамотасымен марапаттады. М.Мауменовке шәкірттері сый-сияпат жасап, иығына шапан жапты.

Жарыс 12 түрлі салмақ бойынша өткізілді. Турнирдің алғашқы күні-ақ жылыойлық палуандардың бағы жанып, жүлделі орындарды иемденді. Екі күнге созылған бәсекеде боз кілемде мерейлері үстем болған  Е.Орысбай, А.Бисенбин, Е.Қанатов, Ә.Амановтар әртүрлі салмақта мықтылық танытып, бірінші орынды жеңіп алса, Н.Төлеген жүлделі екінші орынды иеленді. Ал, Ж.Еркінов, Е.Смадиновтер үшінші орынды еншіледі.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз