ҚОС АЙМАҚТАН ҚҰЙЫЛҒАН ҚҰЙЫН ЖЫРЛАР
Екі аймақ ақындары айтысының шымылдығын Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиев ашты.
— Құрметті өнерсүйер көрермен, «Шырайлы Шымкент – арайлы Атырау» атты қос өңірдің белгілі айтыс ақындарынан құрылған командааралық айтысқа қош келдіңіздер! Міне, бүгін үшінші күн, Ақ Жайықтың бойын мекен еткен Атырау жұрты оңтүстіктен келген өнер керуенін хош алып, мәре-сәре болуда. Осының өзі – екі аймақтың өнер қайраткерлерінің бір-бірімен араласып, қол жеткен табыстар мен мәдени жетістіктерін ортаға салуы үшін жасалып отырған ізгі қадам. Бұндай аламан айтыс бұрын-соңды өзге облыстарда болған емес. Бұл шараға екі өңірдің де айтулы ақындары қатыстырылғалы отыр. Өнердің ең бірінші сыншысы –халық, сондықтан, екі облыс ақындарына көрермен көңілінен шыға біліңіздер деп сәттілік тілеймін, — деді Қ.Жылқышиев.
Сахнаға шымкенттік айтыскерлер Маржан Есжанова, Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов, Жарқынбек Наушабек және атыраулық ақындар Саадат Нұрманов, Жәнібек Садыров, Нұрболат Нұғманов, Серікбол Панабердиев, Шалқарбай Ізбасаров шақырылып, көпшілікпен сәлемдесті.
Бірінші жұп – шымкенттік Жарқынбек Наушабек пен атыраулық Жәнібек Садыров домбыраларын алып, сахна төріне жайғасты. Айтысты атыраулық Жәнібек Садыров бастады.
— Қуанып қонақ келсе қарсы аламыз,
Шаттанып ақын, әнші, жыршымыз да…
…Не барын ішіңізде құдай білсін,
Көз тоқтар ештеңе жоқ сыртыңызда,- деп қалжыңнан бастаған оның айтқан уәжіне шымкенттік ақын:
— Сыртыма қызығатын қыз емессің,
Алладан берген осы кескінді шын.
Құдайдың берген басы осы болды,
Десем мен осы сөзді естірмісің?!
Әйтпесе, жүз басты қатар қойып,
Ішінен таңдап алды деп тұрмысың? — деген жауаптан бастады.
— Айтыстай дегдар өнерді,
Сіздерден басқа кім тыңдар?
Көзіме сыйып тұрғанмен,
Сөзіме сыймай тұрсыңдар, — бұл – шымкенттік Жарқынбектің атыраулық айтыс жанкүйерлерімен сәлемдесуі. Жұртшылық тарапынан оны жылы қарсылап, қошемет көрсетілді.
Әрі қарай:
— Бұл жақта девальвация тізгінделіп,
Не болмаса, айналып, қашып өтсін…, – деген сөздері мен:
…Жәнібек пен Керей хан біріктірді,
550 жыл бұрын құрып хандық.
Содан бері қаншама ғасыр өтті,
Ошағын өшірместен жатқан халық, — деп Қазақ хандығының 550 жылдығы турасында айтқандарына да көрермендер қол соғып, ілтипат білдіріп отырды.
Жәнібектің өз кезегінде: «шаш жоқ деген сөзіңді Сарыағашта
жатқан жеңгең естісе шашың жұлар» деген Жарқынбектің сөзіне қайта оралуына орай шымкенттік ақынның:
— Бір басты екінші рет мүжігенді,
Жәнібек, қай атаңнан көріп едің? — деген жауабы ұтымды шыққанын мойындаймыз.
– Хиуаз боп жауға көктен төнгенсіздер,
Мәншүк пен Әлиядай мергенсіздер.
Атырау, Азияда жалғыз ғана,
Жауынгер қыздар туған сендерсіңдер, — деген оның Ақ Жайық бойын жайлаған өңір туралы айтқаны да көңілге қонымды шықты. Қарсыласының толықтығын айтып «Құрбандыққа қошқар болсаң кетер едің» деп әзілмен қағытқаны да жарасымды болды.
— Құрбанға қошқар болсаң жарайсың деп,
Басасың маған қарай шүріппені.
Шетінен мен сияқты ірі келеді,
Батыстың ел қорғайтын жігіттері, – деп Жәнібек те өз есесін жібермеуге тырысты.
– Бүкіл елім танитын
Ерғалидың Хамиты.
Әбу менен Зейнолла,
Иманғалидың елі үшін
Ұйқысыз өтті түндері, — деп батыс өңірінің аймаңдай азаматтарының елге сіңірген еңбегін де Жарқынбек санамалап өтті.
Осындай ел болуды армандады,
Күлтегін, Тоныкөк пен Білге қаған, — деген ақындар осындай айтысқа жол ашқан аймақ басшыларына да алғыстарын айтты.
Келесі кезек шымкенттік Қажымұқан Абзалов пен атыраулық Серікбол Панабердиевке келді.
— Халқы құдайына құлшылық қып,
Балығы мұнайына жүзіп жүрген, — атыраулық көрерменге басын иген Қажымұқан:
Үкіметтен баспана бере алмапты, — деп Серікболдың отбасында бір ғана бала бар екендігін тілге тиек етті:
— Әкімдерден үй сұрап шаба бермей,
Жөн жеңгейдің жанында жатқаныңыз.
Серікбол да өз кезегінде қарсыласының шабуылын тойтарып тастады:
— Өлеңмен таңды қарсы ап, атырамын,
Үйімді ойлап, миымды қатырғаннан.
Достарым да «үй жайын не қылдың?» деп
Мұнымды күндері жоқ мақұлдаған.
…Көк аспанды күн сайын көріп тұрам,
Күн кешіп жүрсем-дағы жұпыны мен.
…Сөз етіп Серікболдың бір баласын,
Сықсиып, көз астынан сызданасың.
Серікболдың қайтесің бір баласын,
Қазақтың айтпайсың ба мың баласын?! — деген уәжбен баланы адамға тағдырдың қалауымен беретіні, бұл жерде жеке адамның балалы болғысы келгенімен, Алла ісіне шара жоқтығы айтылды. Серікболдың тапқырлығы көрерменді тәнті етті.
Маржан Есжанова мен Шалқарбай Ізбасаров сахнаға шыққанда көрермен дуылдасып кетті.
– Асты – мұнай, үстінде – құдай деген,
Ес білгелі осы сөз көнермеді.
Фариза мен Қадырдың отанысың,
Падиша мен патшадай өлеңдегі.
Бақтықожа әкімің өнерлі екен,
Қолына сан аспапты берер ме еді,
Анасы Әсимадай күйші екен,
Басқа ырыс тегін жерден келер ме еді?
…Керей мен Жәнібектер аунап түсіп,
Абылай ақбозына қайта мінсін, — деген шымкенттік Маржанның аузынан шыққан өлең залды тік көтерді десе де болғандай. Атыраулық Шалқарбай ақын да:
— Ерім деп еміренер ел болмаса,
Елім деп тебіренер ұл болмайды.
…Батыстың жігіттері мәрт келеді,
Сараңдық жараспайды Байұлына.
Інілік ізетпенен мен апамның
тағайын алтын алқа мойынына, — дей келіп, шымкенттік айтыскер Маржан Есжанованың мойнына алтын алқа тақты. Ақ Жайықтың өнерлі ұлының бұл мәрттігі жиналған көпшілікті де бейжай қалдырмады. Екі ақынның өлеңдеріне разы болып, дүркірете қошемет көрсетілді.
— Бала санын жетіге жеткізумен,
Мемлекеттен алыңыз енді алқаны, – бұл Шалқарбайдың ақын апасына інілік қалжыңы болса, ол да өз тарапынан:
– Әкімің саған шапан тіккізіпті,
Жігітті асырайтын өнер деймін.
Шапан тігіп, сый берген әкіміңіз,
Енді ақынға үйді де берер деймін.
Үй берген әкіміңіз мәрттік жасап,
Қыздың да қалыңмалын төлер деймін, — осындай зілсіз әзіл арнады.
— Қыс пенен күздің ішінде,
Мен бүгін жалғыз көктеммін.
Жеңіске жеткен жігіттің
Шашуын шашсам деп келдім, — Маржан ақын жұртшылықпен осылай қоштасты.
Шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов пен атыраулық Нұрболат Нұғманов та әсерлі айтыс жасады:
Ақ Жайық жағаңа кеп жеткен едік,
Батыры семсер сүйген сертке берік.
Сіздерде салтанатты Сарайшық бар,
Біздер де Түркістанда көктеп едік, — деген Нұрлан Есенқұловтың сөз оралымдары көкейге қонды.
Ал, Біржан Байтуов пен Саадат Нұрмановтың айтысы елді біраз серпілтіп тастағаны кәміл.
Хақым жоқ төмендеуге Махамбеттей
Ұрпағы болғаннан соң нар тұлғаның, — деген Саадатқа Біржан да:
Үш күн бұрын күтіп ап «Ақ Жайыққа»,
Орналастырдың Шымкенттің бес адамын.
Өздерің қонақжайлы болсаңдар да,
Қонақжай емес екен масаларың, — деп қалжыңмен жауап қайтарды. Саадат: «Сендей торғайды қиып түсер қаршығамын» — десе, Біржан да:
Дәл сендей қаршығаны көргенім жоқ,
Көзіне көзілдірік киіп алған.
Төрт көзбен қарап маған «торғай» дейді,
Ағамның «ближныйы төмен» екен, — деп қалыспады.
Бармысың, батыр мінез Кіші жүздер,
Жау көрсе қадайтұғын найзасын дәл.
…Батырлығың кем емес Исатайдан,
Ақындығың кем емес Махамбеттен.
Махамбет дегеніме қуанба сен,
Біржан да қызметтенер саған еппен, — деген шымкенттік ақынның ұшқыр ойлы сөздері нысанаға дөп тиіп жатты. Қарсыласы Біржан Байтуовқа Саадат батыстың қонақжай салтымен шапан жапты…
Сонымен, «Шырайлы Шымкент – Арайлы Атырау» атты өңіраралық айтыс та өтті. Айтысты сағынып келген көрермен арқаланып қайтты. Қазылар алқасының шешімімен екі аймақ ақындары тең түсті, достық жеңді. Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев қос аймақ ақындарына Алғыс хат пен 100 мың теңге тартуын табыс етіп, сәттілік тіледі.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.