Әлеуетті арттырған әлеуметтік көмек

02 1 Жаңалықтар

Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. Халықтың әлеуетін көтеруге, жұмыссыздықты жоюға арналған мемлекеттік саясат қарқынды іске асырылуда. Ағымдағы жылдан бастап азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы басты мақсат та – бұқараның жағдайын жақсарту.

Өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың бірсыпырасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша микрокредиттер рәсімдеп, өз отбасыларын кедейлік жағдайынан шығарып қана қоймай, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды да қажет етпейді.

Мәселен, Исатай ауданы Жанбай ауылының тұрғындары Жеңіс Қабылов пен пен Гүлназ Сахатованың отбасын айтуға болады. Бұл отбасының әрбір мүшесінің жан басына шаққандағы орташа табысы 7083 теңгені құрап, кедейлік шегінен төмен болған. Сол себепті, көп балалы жанұяға 12 айға мемлекеттік шартты ақшалай көмек ретінде 1 326 792 мың теңгені құрайтын ай сайын 110 566 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған еді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаевтың айтуынша, жуырда аталған отбасыға жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік грант – 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз несие берілді.

Нәтижесінде, бұл отбасы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 17 бас қой алып, жұмысын жалғастыруда. Сол сияқты, Х. Ерғалиев ауылындағы көп балалы отбасы Еркін Жақсымбетов пен Мөлдір Шобалаевалардың да табысын есептегенде жан басына шаққандағы орташа кірісі мардымсыз, 3567 теңгені құрап келді. Оларға 1 660 644 мың теңге, айға шаққанда 138 387 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Жалпы, жаңа бағдарламаның ерекшелігі – әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтуға да жағдай жасауында болып отыр. Осы орайда, Жақсымбетовтер отбасының отағасы Еркін Бекежанұлы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Қайта даярлау курсына жіберіліп, газ оператор мамандығы бойынша аяқтап, сол мамандығы негізінде тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, Индер ауданы бойынша жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек қаржыға кәсібін бастаған – Салауат Бақытов пен Тұрсын Айманованың отбасы.

Бұл жанұяның әрбір мүшесінің жан басына шаққандағы орташа табысы төмен болғандықтан, 2019 жылғы сәуірден бастап оларға жалпы сомасы 1 992 372 теңгені құрайтын ай сайын 166 031 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Жақын күндері Салауат Бақытов аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарының көмегімен құжат жинап, әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсырып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында мал шаруашылығын дамыту үшін 3 млн. теңге көлемінде микрокредит алған.

«Бүгінде аталған отбасы кедейлік шегін еңсеріп, қиын өмірлік жағдайдан шықты. Олар әлеуметтік көмектен өз еріктерімен бас тартты», – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы халықты төменгі тұрмыс деңгейінен шығарып, жұмыссыздықты жоюды басты бағдар тұтқан мемлекеттік саясат жалғасын таба бермек. Тек тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін көмекті тиімді пайдаланып, тұрмыстарын түзеуге құлшыныстары болса болғаны.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз