КӨП БОЛЫП КҮРЕСЕР ІНДЕТ
Жуырда Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес отырысын қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов ашып, жүргізді. Мұнан кейінгі сөзді қалалық партия филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Алмас Шеркешбаев алды. Ол өз сөзінде отырыс жұмысына партияның бақылау комиссиясы мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары қатысып отырғанын, ал күн тәртібінде Атырау қалалық білім бөлімі басшысы Алпамыс Ғилымов, Ақсай селолық округінің әкімі Арман Нұрғалиев, Қайыршақты селолық округінің әкімі Шапхат Қалиев және Атырау қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Еркін Ғалиевтің баяндамалары тыңдалатынын хабарлады.
Жасыратыны жоқ, бірінен кейін бірі баяндама жасаған азаматтар жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстарының есебінен гөрі, жалпы жасалған жұмысты тізбелеумен уақыт алды. Мұны бірден аңғарған «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері бұл жөнінде оларға ескерту жасады. Баяндамашыларға кеңес мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттары сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды. Мұнан кейін сөз алған сараптамалық топ басшылары М.Ислат, А.Шеркешбаев, Б.Хаменова аталған ұжымдар мен селолық округтерді тексеру барысында өздері куә болған біраз жайттан хабар берді.
Атырау қалалық білім бөлімінде де, Ақсай, Қайыршақты селолық округтерінде де, Атырау қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінде де сын-ескертпеге сұранып тұрған жайттар бар екен. Атап өтер болсақ, мәселен, селолық округтерден жер алу мен тіркелуге түскен тұрғындар арызының жай-күйі, шешімдердің айлап кешігетіні, мектеп оқушылары ата-аналарының шағымдарына жауаптың бір сарынды, әрі кеш берілетіні, мектептерде «сенім телефондарының» болмайтыны, кезінде заңсыз берілген баспаналардың кері қайтарылуы және басқа да мәселелер кеңінен сөз болды.
Кеңейтілген кеңесте Атырау қалалық мәслихатының депутаты, қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы атынан сөз алған Бақытгүл Қайыржанқызы ХАМЕНОВА жас ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағы екенін айта келіп, қала басындағы мектепке дейінгі мекемелер мен орта мектептердің ахуалына тереңірек тоқталды.
— Орта мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер қабырғасында еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама талаптары орындалмай отыр. «Мектеп оқушылары, мектепке дейінгі мекемелердің балалары үшін сыбайлас жемқорлықтың қауіп-қатері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәсілдері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет туралы арнайы оқыту бағдарламасын әзірлеу және оны іске асыру керек» деп арнайы бағдарламада көрсетілгенімен, мектептердің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары мен сынып жетекшілерінің кейбірі бұл заңнамадан мүлдем бейхабар болса, кейбірінде ол шаң басқан қағаздардың арасында қалды деуге де болады, — деді Бақытгүл Хаменова.
Бұдан әрі ол мектеп қабырғасында психолог мамандардың жұмыс жасау бағытының әлсіздігін, білім ошақтарында «сенім телефондарының» жоқтығын, қалалық білім бөлімі тарапынан нормативтік құжаттардың ретін түсіндірудің аздығын, әдістемелік көмек берудің жүйесіздігін, кейбір білім ошақтарында еңбек талаптарының сақталмайтынын, мектеп қабырғалары мен балабақшаларда іс номенклатурасы жүйелі жүргізілмейтінін, арыз-шағымдар, кіріс және шығыс құжаттары журналдарының жасақталмағанын сынға алды.
Өзі де қаламыздағы іргелі бір оқу орнын басқарып отырған Бақытгүл Қайыржанқызы сөзінің соңын: «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде, партиялық тәлімгер ретінде біздің мақсатымыз — білім ошағының көлеңкелі тұсын әшкерелеу емес, әдістемелік көмек беру мен түйінді мәселенің шешімін табуына елдің азаматы ретінде ықпал ету. Айта кетер бір ұсыныс – ұстаздарға тексерістен гөрі, әдістемелік және заңды сауатты көмек берілсе», — деп аяқтап, алдағы жаз айларында Астана қаласынан тәжірибелі мамандарды шақыртып, ұстаздар біліктілігін арттыруға өзіндік үлесін қосатынын айтты.
Қоғамдық кеңес отырысының соңында талқыланған мәселелер бойынша арнайы қаулылар алынды.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.