ЖЕР ТЕЛІМІ ТҮЙТКІЛДЕРІ

Оны бөлу мен құжатын дайындауда берекетсіздік неге белең алды?

Бүгінде Атырау қаласындағы сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ, жер қатынастары бөлімдеріндегілердің түкірігі жерге түспейді десек, артық айтқандық болмас. Жер алу кезегіне қою, құжатын дайындау, үйлердің жобаларын бекіту, басқа да міндеттердің орындалысы аталған бөлімдерде өз дәрежесінде жүзеге аспай келеді. Неге? Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты талқыланды. 

 

Белгілі болғанындай, ағымдағы жылдың қараша айында аталған қоғамдық кеңес Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметіне сараптама жүргізген. Нәтижесінде, аталмыш бөлімнің жемқорлыққа қарсы шаралары толық жүзеге аспаған. Кейбір жұмыстарында олқылықтар анықталған. Мұның барлығы – мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатына селқос қарағандық. Азаматтарға сәулет және қала құрылысы саласында қызметтер көрсетуде «Атырау Басжоспар» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Оған сәйкес аталмыш серіктестік тапсырыс берушілердің, яғни барлық заңды және жеке тұлғаларға тұрғын үйдің техникалық құжаттары, ғимараттардың құрылысын жүргізуге берілген жер телімдерінің құжаттарын дайындау және кеңейту қызметтерін міндетіне алады. Қазіргі уақытта қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлерімен және «Атырау Басжоспар» серіктестігінің ұжымы өз қызметтерін бір мекеме ретінде атқаруда. Ал, бұл мемлекеттік қызметтің прициптеріне мүлдем қарама-қайшы.

Тағы бір айта кетерлігі, барлық заңды және жеке тұлғалар жер телімін алу  және онымен қоса жүретін басқа да қызметтер үшін аталған серіктестікке төлем төлеуге міндетті. «Атырау Басжоспар» қызметкерлері әр жер алушыдан 18 969 теңге (жер телімін таңдау және жер телімін бөліп беру актісі үшін) төлеткен. Ал, анықтай келгенде бұл қызметтің негізгі құны – 10 942 теңге екен.  Сөйтіп, «Атырау Басжоспар» ЖШС аталмыш бөліммен келісілген сомадан жоғары төлем алған. Бұл олқылық соңғы төрт-бес жылдан бері орын алып келіпті.

Сондай-ақ, жоғарыдағы келісім бойынша жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімінің техникалық құжаттарын аталған серіктестік дайындауы керек. Ал, бұл жұмыстарды тиісті қызметкер атқармай, әр жер телімін алушының өзінің мойнына жүктеген. Сөйтіп, азаматтардың бірталай уақыт жоғалтып, әр есіктің табалдырығын тоздырып, сандалулары орын алуда.

Қалалық сәулет және қала-құрылысы бөлімі қызметкерлерінің өз жұмыстарына селқос қарауы кәсіпкерлердің ынтасын, іске деген жігерін құм етуде. Дәлірек айтқанда, бұл бөлім қызметкерлері кәсіп иелерінің арыздары бойынша уақытылы жұмыс жасамайды. Бизнес нысандары құрылысының құжаттарын жасақтауда түрлі кедергілер кездеседі. Бөлімнің басшылығы өз міндеттерін жеткілікті дәрежеде атқармағаны сонша, кескіндік жобаларға уақытылы келісім бермеген.

Тағы бір айта кетерлігі, аяқталған құрылысты мемлекеттік қабылдау және пайдалануға беру жұмыстары барысында да олқылықтар орын алған. Мәселен, биыл сәуір айында жеке кәсіпкер Теңелбай Қаналиев аталмыш бөлімге шағын азық-түлік дүкенін мемлекеттік қабылдап алу жөнінде арыз бергенімен, тиісті бөлім бұл жұмысты ұзаққа созып, кешіктірген. Бұл арыз бөлімде 51 күн қаралған. Ал, заңдылыққа сәйкес, жеке тұрғынның арызы 15 күннің ішінде қаралып, жауап берілуі керек. Бүгінгі күні осы сияқты мәселелер әлі де бөлімде көптеп орын алуда. Бұл жайларды мәлімдеген «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Алмаз Шеркешбаев жемқорлыққа қарсы күресуде қолда бар жан-жақты мүмкіндікті пайдаланып, бұл жұмысқа бастауыш партия ұйымдарының қуатты әлеуетін жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті.

Осындай олқылықтардан Атырау қалалық жер қатынастары  бөлімі де кенде емес екен. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылдың ақпанында азамат         С.Баймұқашевқа ғимараттың құрылысы үшін жер телімі бөлінген. Осыған орай азамат пен аталған бөлім арасында жер телімін сатып алуға келісім-шарт жасалған. Бұл ретте азамат бір айдың ішінде бюджетке төрт миллионнан аса теңге төлеуді міндетіне алғанымен, әлі күнге дейін бұл соманы төлемеген. Алайда, оған тиісті бөлім тарапынан ешқандай шара қолданылмаған.

Осы секілді жер қатынастары бөліміне қатысты басқа да проблемалар аз емес. «Мұндай кемшіліктер сайып келгенде тұрғындардың бөлім қызметкерлеріне, тіпті мемлекеттік органдарға деген сенімсіздігін тудырып отыр. Қателіктердің   етек алуына қалай да тосқауыл қойып, нақты шараларын алу керек», – деді партия филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі кеңес мүшесі  Диас Сұлтанов.

Жемқорлықтың жолын кесуде қалалық әкімдіктің аталған бөлімдерінде бүгінде  нендей шаралар нақты қолға алынып жатыр? Бұл ретте Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары бөлімдері басшылығының жауаптары тыңдалды. Олар өз қызметтерін жүзеге асыруда арыз-шағымдарға уақытылы жауап берілмеудің себебін мамандар тапшылығының салдарына аударып, күлбілтелеген болды. Міне, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы тексерісі осындай олқылықтарды анықтады.

 Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз