Жарнама
Қоғам

«Көпэтносты қоғамды дамытудың қазақстандық тәжірибесі»

Осындай ауқымды тақырыпты арқау еткен республикалық ғылыми-практикалық конференция Х.Досмұхамедов атындағы Атырау униерситетінде өтті. Аталған оқу орнының басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисовтың айтып өткеніндей,  шара  мақсаты да айқын, қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Конференция отырысына «AMANAT» партиясы  Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов те қатысып, сәттілік тіледі. Айтқанындай, «Қазақстан Республикасы – көпэтносты қоғамға ие мемлекет, мұнда жүзден астам этностың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді. Бұл көпұлтты қоғамның қалыптасуы мен дамуы тарихтың түрлі кезеңдеріне, сондай-ақ кеңестік және тәуелсіздік кезеңдеріндегі мемлекеттік саясатқа байланысты. Қазақстанның көпэтносты қоғамын дамытудың негізгі ерекшелігі – этносаралық келісім мен толеранттылықтың маңыздылығын түсіну және оны әлеуметтік өмірдің барлық саласында жүзеге асыру».

«Халықаралық аренада да жоғары бағаланады»

Бұл шараға «Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов та қонлайн қатысып, ойын ортаға салды.

  – Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратын институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бұл құрылым этникалық топтардың арасындағы бірлікті сақтау, мәдени әртүрлілікті дамыту және ұлттық идеологияны қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс істейді. Ассамблеяның қызметі тек этносаралық келісімді сақтау ғана емес, сонымен бірге әртүрлі этникалық топтардың өз тілдері мен мәдениеттерін сақтауға мүмкіндік беру болып табылады.   Қазақстандағы көпэтносты қоғамды дамыту тәжірибесі, негізінен, өзара құрметке, азаматтық бірлікке және әртүрлі мәдениеттердің үйлесімділігіне негізделген. Елдегі этностар мен мәдениеттердің өзара ықпалдастығы және толерантты қарым-қатынастары халықаралық аренада да жоғары бағаланады. Елдің даму стратегиясы этносаралық келісімді нығайту мен көпэтносты қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп атап өтті ол.

Екі ел арасындағы алтын көпір

Бұл шараға тек республиканың түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шет елден де онлайн баланыста қатысқандар болды. Астрахан техникалық университетінің қазақ тілі мұғалімі, облыстық «Жолдастық» қоғамы төрағасының орынбасары Әлия Ғұмарова достық және мәдени қарым-қатынасты дамытудағы «Жолдастық» қоғамының қызметі туралы кеңінен айтып берді.

–Ежелден елі аралас, қойы қоралас екі ұлы елдің достық және мәдени қарым-қатынасының дамуына көршілес Ресейдің Астрахан облысындағы «Жолдастық» қоғамының өзіндік орны ерекше. Әрине, Ресейдегі 150 мыңдай бауырдың басын қосатын «Жолдастық» қоғамының құрылғанына биыл 35 жыл болады. Осы жылдар ішінде әрбір мәдени жұмыстарға көршілес Қазақстан Республикасының, соның ішінде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы қазақстандық бауырларымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Сонау 1990 жылы Астрахан облысындағы қазақтардың ұйымдастыруымен кейінгі ұрпаққа тіл мен мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында облыстық «Жолдастық» қоғамы құрылған болатын. Ол қоғамды құрған кезде де аталған облыстардағы бауырларымыз көп көмегін көрсетті. Әлі күнге дейін де қолұшын созып келеді, деп алғысын да айтты. Иә, Астрахандағы «Жолдастық» қоғамы – бұл қазақ диаспорасының өкілдері ұйымдастырған этномәдени бірлестік. Оның негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін, тілін, дәстүрін насихаттау, қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасын сақтау және дамыту, сондай-ақ қазақтар мен басқа этникалық топтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайту.

«Жолдастық» қоғамы қазақ мәдениетінің сақталуына, сондай-ақ көпұлтты қоғамда этносаралық келісім мен түсіністік орнатуға үлкен үлес қосып келеді. Оның жұмысы Астрахан облысындағы қазақтардың ұлтымыздың мәдени құндылықтарын жоғалтпауына және олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл қоғамның қызметі Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстың дамуына да ықпал етеді.

Толеранттылықты сақтау маңызды

Қазақстан – көпұлтты ел, мұнда жүздеген этностар мен мәдениеттер өзара бейбітшілік, келісім және өзара түсіністік негізінде өмір сүреді. Этносаралық келісім мен толеранттылықты сақтау – еліміздің маңызды мәселелерінің бірі. Бұл мақсатты жүзеге асыруда этномәдени бірлестіктер маңызды рөл атқарады.
Этносаралық келісім мен толеранттылық қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізі болып табылады. Қазақстанда түрлі этностар мен мәдениеттердің өкілдері бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүреді, бұл мемлекетіміздің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Этносаралық қатынастардың жақсы деңгейде болуы қоғамда бейбітшілік орнатады және халықтың өзара сыйластығын арттырады. Бұл туралы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ардагері Жаннат Асабаева баяндады.

Айтып өткеніндей, Қазақстандық Қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайтудағы этно- мәдени бірлестіктердің рөлі ерекше. Сонымен қатар, Қазақстанда көптеген ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктер жұмыс істейді, олар өздерінің мәдениеттерін танытып қана қоймай, қазақстандық қоғамның интеграциясына да үлес қосады. Әрбір этнос өз мәдениетін, тілін және дәстүрін жаңғыртуда белсенді жұмыс істейді, бұл көпұлтты Қазақстанның мәдени әртүрлілігін әрі қарай нығайтуға септігін тигізеді.

–Этномәдени бірлестіктер Қазақстанда түрлі этникалық топтардың мәдениетін, тілін және дәстүрін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар көпұлтты қоғамның дамуына ықпал етіп, этностар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтуда үлкен рөл атқарады. Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер, сонымен қатар, мемлекеттің саясатымен және қоғамның сұраныстарымен үйлесімді түрде жұмыс істейді, соның нәтижесінде халықтар арасында татулық пен ынтымақтастық орнайды.

Қазақстанда этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайтуда этномәдени бірлестіктердің рөлі зор. Олар ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайтуға, мәдениеттің сақталуына және қоғамдағы бейбітшіліктің орнығуына маңызды ықпал етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен басқа да этномәдени бірлестіктер халықтар арасында келісім мен түсіністік орнатып, еліміздің көпұлтты құрылымын дамытуда үлкен жұмыстар атқаруда, екенін айтып, Қазақстанның болашағы – этносаралық татулық пен бірлікте, ал этномәдени бірлестіктер осы жолдағы маңызды қозғаушы күш болып табылатынын жеткізді.

Ұлтты ұйыстырудың қағидалары

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы сөз қозғағанда ұлттық тәрбие мен идея, біртектілік туралы айтылары хақ. Ассамблея – еліміздегі барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін құрметтей отырып, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған іргелі ұйым. Осы тұрғыда Ассамблеяның қызметі осы үш ұғыммен тығыз байланысты.  Конференцияда Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Нығметов  ұлттық тәрбие, ұлттық идея және ұлттық біртектілік туралы ойын ортаға салды. Ұлтты ұйыстырудың бірнеше аспектілеріне тоқталды.

– Тіл саясаты: Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі қабылданғанымен, орыс тілі де ресми түрде қолданылуда. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оны білім беру, мемлекеттік қызмет, бұқаралық ақпарат құралдарында дамыту ұлтты ұйыстырудың маңызды аспектісі болып табылады.

Мәдениет және дәстүрлер: Қазақстандағы әртүрлі этникалық топтардың мәдениетін құрметтеу, өзара түсіністік пен диалогты қолдау маңызды. Халықаралық мәдени алмасулар, этникалық топтар арасында ұлттық бірегейлікті нығайту үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Теңдік және әділеттілік: Ұлтты ұйыстырудың басты қағидаларының бірі — барлық азаматтар үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктер беру. Бұл этникалық бөлінушілікке жол бермейді, азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді.

Ел бірлігі мен патриотизм: Қазақстанда ұлтты ұйыстыруға бағытталған түрлі жобалар мен бастамалар бар. Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты ұйымдар азаматтардың бірлігін нығайтуға және ұлтаралық келісім мен тыныштықты сақтау үшін жұмыс істейді. Елдің әрбір азаматы өз елінің патриоты болуы керек.

Қазақстандағы ұлтты ұйыстыру саясатында маңызды орын алатын тағы бір аспект — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы. Мұнда халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, жұмыссыздықты төмендету, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту маңызды рөл атқарады.

Ұлтты ұйыстырудағы басты мақсат — әрбір азаматтың өз елін, тілін, мәдениетін құрметтеп, біртұтас ұлт болып бірігуі, — дей келе Болат Сырымұлы  ұлттық тәрбие, ұлттық идея және ұлттық біртектілік ұлттың мәдениетін, дәстүрлерін және тарихын сақтап, дамытуға ықпал ететініне тоқталды. Айтқандай, бұл үш ұғым өзара байланысты және ұлттық мәдениетті, дәстүрді сақтап, елдің болашағын бірге құруға мүмкіндік береді.

Тарихтан тәбәрік

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы  Лесқали Бердығожин Қазақстан халқы ассамблеясының тарихына шолу жасады. Айтуынша, Сталиндік саясат салдарынан сенімсіз халықтар қатарына қосылған 110 мың корей 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аударылды. Олардың қатарын 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан күштеп қоныс аударылған 103 мың поляк пен Балтық жағалауы елдерінің халықтары, 1941 жылы Ресейдің Поволжье автономиясынан қоныс аударылған 349 мыңға жуық неміс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтары толықтырыпты.

 – Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әр алуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесінде 140 этнос пен 40 конфессия өкілдері Қазақстанмен қоян-қолтық бейбіт өмір сүретіндей айрықша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, түрлі этностардың ұзақ уақыт қатар өмір сүруі қоғамда төзімділіктің орнықты дәстүрлерін қалыптастырды.

Тәуелсіздікке ие болған алғашқы күннен бастап қазақстандық қоғамды ұйыстыру, барлық этностық топтардың тең құқықты өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекеттің ұлттық саясатының арқасында Қазақстанда этносаралық негіздегі қақтығыс, тұрақсыздық пен қоғамдағы жіктелу бола қойған жоқ. Этностық емес, азаматтық қауымдастық құруға бағытталған бастапқы таңдау келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланды. Этностық ерекшелігіне қарамастан елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екендігін уақыт көрсетіп берді. Қазір Қазақстанда әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғарғы бағаға ие болған этносаралық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасты.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»дейді қазақ халқымыз. Ал қазіргі жағдайда негізгі мемлекет құраушы ұлтқа жүктеліп отырған жауапкершілік бұдан да жоғары. Өйткені ол тек өз арасындағы ауызбіршілікке қол жеткізумен бірге, этносаралық келісімді сақтап нығайтуға да бастамашы болуы тиіс, — деп қорытты сөзін баяндамашы.

Расында,  «–Ырыс, қайда барасың? – Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген емес пе, бірлігі мен берекесі жарасқан елге ырыс қонады. Бүгінгі конференцияның да түйіні осы болды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button