ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Елбасының қазақстандықтарға арнаған Жолдауында және Үкіметке жүктеген тапсырмаларында атап көрсетілген міндеттердің қатарында халықты әлеуметтік қорғау, соның ішінде аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегін беру мәселесі де бар-ды. Осы тұрғыда өңірімізде, нақтырақ айтқанда, облыс орталығында да қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың аз еместігі белгілі. Мәселенің мән-жайымен толығырақ танысу мақсатында осы шаруаға бірден-бір жауапты құрылым саналатын Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Рая ОРАЛОВАҒА хабарласқанбыз.

Сұхбаттасымыздың айтуынша, қабылданған құқықтық-нормативтік актілердің негізінде, тұрғын үй көмегінің мөлшері меншік иесі тұратын пәтер аумағының әлеуметтік нормасы шегіндегі коммуналдық қызметтерді пайдалану шығындары мен отбасының бір айлық орташа табысының немесе кірісінің алты пайызы шамасында белгіленген. Бірден айта кету керек, жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі немесе пәтері бар, сондай-ақ иелігіндегі баспананы қосымша жалға берген тұлғалар тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
Мәлімделгеніндей, тұрғын үй көмегін есептеу үшін, барлық үйлерде әлеуметтік тұрғын үй нормасы бір адамға пайдалы алаңның 18 шаршы метрі мөлшерінде бекітіледі. Мәселен, көп қабатты үйлердің бір бөлмелік пәтерінде жалғыз тұратын тұрғындарға тұрғын үй жәрдемақысын есептеу үшін пайдалы алаңның әлеуметтік нормасы бір бөлмелік пәтер шегінде, ал екі және одан да көп бөлмелі пәтерлерде жалғыз тұратын адамдарға пайдалы алаңның әлеуметтік нормасы екі еселенген (18х2) мөлшерде, яғни 36 шаршы метр есебімен алынады.
– Осы жерде «айтылып отырған тұрғын үй көмегі нақты кімдерге тиесілі және ол үшін қандай құжаттар тапсырылады» деген заңды сауал туындайды.
– Тұрғын үй жәрдемақысын алуға үміткерлердің санатына мыналар кіреді: бірінші, 16 жасқа дейінгі мүгедектер мен 80 жастан асқан және 7 жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын азаматтар; екінші, өзін-өзі қамтитын және жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтар, студенттер мен оқушылар; зейнеткерлер мен 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер. Тұрғын үй көмегін тағайындату үшін одан үміткер меншік иесі халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) өтініш береді және төмендегідей құжаттарын ұсынады: 1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 2) тұрғын үй иелігіне құқық беретін құжаттардың көшірмесі; 3) пайдалы алаң көлемінің мөлшері, бөлме саны туралы мәліметтердің көшірмесі; 4) мекен-жайын немесе тұрғылықты жерін анықтайтын құжат; 5) алдыңғы тоқсандағы отбасының табысын немесе кірісін растайтын құжаттар; 6) №1 үлгідегі анықтама (ХҚКО-нан); 7) күрделі жөндеуден немесе терможаңғыртудан өткен тұрғын үйлердің төрт жақты келісім-шарттары және ай сайынғы жарналардың төленгендігін анықтайтын түбіртектер; 8) арызданушының «Қазпошта» АҚ бөлімшесінен ашылған жеке есепшоты.
– Енді қалалық мәслихаттың шешімі бойынша бекітілген ережелер мен белгіленген нормативтерге сәйкес тұрғын үй жәрдемақысының нақты қалай, қандай жолмен есептелінетіндігіне тоқталсақ.
– Мысалы, жалғызбасты зейнеткер әйел екі бөлмелі пәтерде тұрады, ай сайын 41330 теңге көлемінде зейнетақы алады. Бұл соманың 6 пайызы 2479,8 теңгені, ал әлеуметтік норма бойынша есептегендегі коммуналдық қызмет үшін төлейтін шығындары 6895 теңгені құрайды. Көп қабатты үйді толықтай алғандағы күрделі жөндеуден өткізуге кеткен шығын 33 615 000 теңге, ал оның жалпы тұрғын ауданы 4831,3 шаршы метрді, ал меншік иесі тұратын пәтерге тиесілі аудан 44,7 метрді құрайды делік. Сонда оның жүргізілген күрделі жөндеу немесе терможаңғырту жұмыстары үшін ай сайынғы төлейтін ақысы 2591,76 теңгені құрайды екен. Осының ішінен пәтердің пайдалы алаңын 36 шаршы метр деп есептеп, толықтай тұрғын үйдің күрделі жөндеуіне жұмсалған қаржылай шығынды 120 айға (10 жыл) бөліп, жоғарыда көрсетілген пәтердің пайдалы алаңына (36 ш/м) көбейткенде, ай сайынғы төлем көлемі (2087,33 теңге) анықталады. Осы сомаға әлгінде айтылған коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарын (6895 теңге) қосып, одан отбасы табысының алты пайызын (6502,53 теңге) есептеп шығарғанда тағайындалатын тұрғын үй жәрдемақысының немесе көмегінің көлемі (6895-2479,80=4415,20 теңге шамасында) айқындалады. Бұл соманы бір тоқсанға, яғни үш айға көбейткенде тиесілі тұрғын үй көмегінің сомасы 13245,60 теңгеге шығады.
Дәл осындай жүйемен үш бөлмелі (ауданы 72,9 ш/м) пәтерде тұратын меншік иесіне тиесілі көмектің көлемін есептегенде, ол 6058 теңгеге теңгерілген. Өйткені, мұнда тоғыз адам тұрады, оның бесеуі – 18 жасқа дейінгі балалар, екеуі жұмыс жасайды, біреуі екінші топтағы мүгедек және біреуі зейнеткер болып отыр. Отбасының бір айдағы кірісі 160 мың теңгені, ал оның алты пайызы 9600 теңгені, коммуналдық қызмет шығындары 15658 теңгені құрайды.
Жалпы ауданы 4831,3 шаршы метрден тұратын көп қабатты үйді күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған қаржылай шығын 33 млн. 615 теңгені құраса, содан пәтер иесінің өзіне тиесілі баспананың ауданы 72,9 ш/м, ал оны жөндеуден өткізу үшін төленетін ай сайынғы қаражат сомасы 4226,84 теңгеге тең болатындығы есептеп шығарылған. Сөйтіп, күрделі жөндеуді есепке алғандағы тағайындалатын тұрғын үй көмегінің сомасы 10284,84 теңге болатындығын білдік. Тағайындалған тұрғын үй көмегі арызданушы тараптың «Қазпошта» АҚ арқылы ашылған жеке есепшотына аударылады.
Жалпы алғанда, Үкіметтің №473, 30.04.2013 жылғы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Атырау қаласында да тілге тиек етерліктей жұмыстар атқарылған. Нақтылай кетсек, аталмыш бағдарлама күшіне енген 2011 жылдан бері қала бойынша 44 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткізілген. Оның 29-ы «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, қалған 15-і «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Осы күрделі жөндеумен қамтылған көп қабатты үйлердің ішінен 18 пәтер иесіне халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған құжаттары негізінде 2012 жылы республикалық бюджеттің есебінен 200,0 мың теңге қаражат тұрғын үй көмегі ретінде тағайындалып, төленген. Осылайша, 2013 жылы терможаңғыртудан өткен көп қабатты үйлердің арасынан талапқа сай деп танылған 36 пәтер иесіне немесе осынша отбасына 711 295 теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалған.
Сөйтіп, алдыңғы жылдың есептік қорытындысымен тұрғын үй көмегі 248 отбасына тиесілі болып, 3 млн. 899,1 мың теңге қаражат төленсе, өткен жылы 287 отбасы 6 млн. 684,1 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алуға қол жеткізген. Бұл көрсеткіш 2012 жылғымен салыстырғанда 50 отбасына немесе 21,1 пайызға артқан. Нәтижесінде, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен қаралған 9 млн. 200,0 мың теңге көлеміндегі қаражаттың 6 млн. 684,1 теңгесі игерілген.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз