ЕЛОРДА – МӘҢГІЛІКТІҢ ҚАЛАСЫ, БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

astanakynБұл сөздердің астарында үлкен мән-маңыз бар. Ерке Есіл жағасын бойлай орналасқан келбетті де, сәулетті қала – Отанымыздың жүрегі. Ал, әлем қай елді болмасын, бас қаласына қарап танитыны ақиқат. Осы ретте 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астананың «Әлем қаласы» атағын алуы да ел мерейі, айшықты Астананың шетелдіктер назарына ілігіп, лайықты бағалануы деп білеміз.

 

БІЗ КӨБЕЙІП КЕЛЕМІЗ!

Әр өңірдің өз ерекшелігі бар десек те, бас қаланың бүгінгі бет-бейнесі барлық талаптар бойынша өзгелерден оқ бойы озық. Қазақ елінің қай өңірі де өркенді өзгерістерге толы, ілкімді жобалар іркіліссіз жүзеге асуда. Десек те, басқа өңірлерге өнеге болған бас қаланың бейнесі ерек. Сөзіміздің шынайы дәлелі ретінде жергілікті халықтың әлеуеті артып, тұрмыс-тірлігінің түзелгендігін айтсақ та жетеді. Себебі, күн санап болашақтың көшінен қалмай қарыштаған қаланың тұрғыны жыл санап артып келеді. Астананы ауыстыру туралы шешім қабылданып, Ақмола үлкен құрылыс алаңына айналған сәтте жергілікті халық саны 225 мың ғана болған. Ал, 2004 жылы Елорда тұрғындарының саны екі есеге өсіп, жарты миллионнан асып кетсе, бұл күнде жалпы аумағы 700 шаршы шақырымнан асатын Астананың тұрғылықты халқы 800 мыңдай. Сонымен қатар, білім ордасына айналған бас қалаға асқақ арман жетегіндегі жастардың көптеп келіп жатқаны тағы бар.

СӘНІ МЕН САЛТАНАТЫ ЖАРАСҚАН…

Қала төріндегі бірегей нысан Бәйтерек сынды биіктеген Астана айшықтары әлем назарында. «Елорда – мәңгіліктің қаласы, болашақтың бастауы. Оның түлеуі мен түрленуі әлі алда» деген пікірлердің жаны бар. Еуропалық сән мен қазақы сымбат қатар өрілген кешендер мен теңдесіз ғимараттар түрлі өркениеттердің сәтті табысуы іспетті. Әлемге аты әйгілі сәулетшілердің небір үздік жобалары Сарыарқа төсінде жүзеге асып, көз қуанышына айналды.
Ұлт мақтанышына баланған Бәйтерек – Астананың мызғымас символы. Белгілі британдық архитектор Норман Фостердің пирамида үлгісіндегі «Бейбітшілік және келісім» сарайы бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарынан орын алған алып кешен. Ал, «Хан шатыры» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат болса, «Думан» орталығы теңізден алыс орналасқан океанариум ретінде танымал. Сонымен қатар, «Қазақстан» концерт залы, «Триумф Астана» және «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешендері, «Қазмұнайгаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының ғимараттары, 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған он мың орындық «Сарыарқа» бірегей велотрегі, халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны, күні кеше тұсауын кескен «Астана Опера» секілді ғимараттар Астананың сәулетіне әр беріп тұрғанын атап көрсетуге болады.

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ
ТОРАБЫ

Инфрақұрылымдық желінің дұрыс жолға қойылуы – ел өркендеуінің басты кепілі. Бұл саланы дамыту жолдарын кеңінен қарастырған Қазақстан да осынау әлемдік талаптың үдесінен шығуға тырысуда. Елбасы дәстүрлі Жолдауында инфрақұрылымды дамыту жолдарын нақты көрсетіп, ұдайы назарда ұстаумен келеді. Нәтиже айқын. Арнайы мемлекеттік жобалар жаңартылып, жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі болып отырғандығына күмән жоқ.
Айта кету керек, тұтастай алғанда Қазақстандағы жолға қойылған мәселенің бірі – темір жолдың жайы. Еліміздің Солтүстігі мен Шығысын тікелей байланыстыратын Ақсу-Дегелең төте жолы салынып, ел игілігіне айналған. Астықты Қостанай өңірі мен Батысты байланыстырған Алтынсарин-Хромтау жолаушылар үшін де жағымды жаңалық болды, жүру уақыттары бірнеше есе азайып, күтілген нәтижеге қол жетті.
Сонымен қатар, кейінгі төрт-бес жыл ішінде мемлекеттік шекара темір жолдарын салу қарқын алып, Өзен-Түркіменстан болат магистралі төселді. Таяу болашақтағы жоспарға сай, осы магистраль арқылы Парсы шығанағы елдеріне шығу көзделуде. Бұл өз кезегінде әлемдік сауда орталықтарына оңай жетуге ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, салынып жатқан Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл темір жол желілерінің де ел экономикасының өрістеуіне тигізер әсері орасан.

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ЖАЛҒАСТЫ

Қазақстандағы автожолдарға қатысты күрмеулі мәселелер өз ретімен шешімін табуда деп айтуға да негіз бар. Жаңа жолдарды салу мен қайта қалпына келтіру жұмыстары да жүйеленген. Жыл санап, транзиттік тынысы ашылып келе жатқан ел жолдарын салу барысында әлемдегі озат елдердің тәжіри¬бесі меңгеріліп, озық технологиялар енгізілді.
Бұл ретте халықаралық талаптарға сай Астана – Бурабай автобанының ақылы жүйемен жұмыс жасауға көшкенін айрықша атап өтуге болады.Ал, Ресей, Қазақстан, Қытай арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, соның 2 787 шақырымы біздің ел аумағы арқылы өтеді. Өз кезегінде республиканың бес облысын басып өтетін халықаралық трассаның бойынан орын тебетін түрлі нысандар арқылы жұмыссыздық секілді мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік туып, сервистік қызмет жүйесі дамитыны сөзсіз.
Еліміздің бас қаласы Астана мен оңтүстік астана Алматы арасындағы тасжолды жаңғырту, кеңейту жұмыстары 2017 жылға дейін жүзеге асырылса, нәтижесінде бас жолдардың бірі 200 шақырымға қысқармақ. Ал, бас қаладан бастау алып Батысқа бет алған Астана-Ақтау жолының құрылысы 2016 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады деп күтілуде.

МҰНАЙ – ЕЛ ШЫРАЙЫ

Экономикалық әлеуеттің негізгі күре тамыры мұнай-газ саласы екендігі сөзсіз. Жаңа бағыттар арқылы тартылған құбырлардың нәтижесінде бұл сала қарыштап дамып, экспорттау шаралары тиімді жүзеге асуда. Отандық «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ мен Қытай ұлттық мұнай корпорациясының бірлескен жобасына сай, Қазақстан – Қытай мұнай құбырының құрылысы бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы құрылыс екі кезеңге жоспарланған. Бірінші Атасу–Алашаңқай болса, екіншісі Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбыры құрылысының жобасы.
Ел игілігіне айналмақ ірі жобаның және біреуі – Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры құрылысы. Жұмыс соңында республиканың оңтүстік аймағының шетелдік газға тәуелділігі толық жойылады деп күтілуде
Әр елдің астанасы – сол елдің төл¬құжаты. «Астанасына қарап, елін таниды» деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Мемлекет басшысының «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбайтын өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен бе묬гілері бар» деген жолдар бар. Расында да, жаңа Астана тарихы – ертегіге бергісіз ақиқат.
Елорданың өзгелерге үлгі боларлық тұстары жетерлік. Тұрғындарының он бес жыл ішінде бес есеге көбеюі Астанамыздың дүние жүзі бойынша дамып келе жатқан ең жас қала екенін білдіреді. Сонымен қатар, ертеңіне қол созған Елорда – жастардың қаласы, болашақтың бастауы, келер күннің келісті боларының берік кепілі. Астана қарыштап дамып, кеңге құлаш жаяры, қазіргіден де дамып, көркейе түсері сөзсіз. Қарыштай бер, Астана! Асқақтай бер, Астана!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз