ҚОНДЫРЫП КӨҢІЛДЕРГЕ ЖЫР-КӨКТЕМІН…

Қаламын жанына серік етіп келе жатқан журналистердің көбі шығармашылық жолдарын ақындықтан бастаған. Алайда, шабыт қысқан тұста ақын жүректің буырқанып, көктемгі даладай сілкінетін сәті оқырманға беймәлім. Бүгінгі мерейлі мерекеде журналистиканың туын биікте ұстап, оған қоса өмірін өлеңге теліген бір топ журналист-ақындардың туындыларын көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

Арманым, қайда асықтың?..

Ұмтылып еді арманым айға,

Жұлдызға басым соғылды.

«Ағатай» дейтін ардағым қайда,

Мен күтіп жүрмін сол күнді?!

 

Сүйгім келгенмен әне бір айды,

Бермейді түнім рұқсат.

Шашымның көбін тарақ ұрлайды,

Ашылды маңдай жылыстап…

 

Жасымның сөйтіп ұлғайғандығын,

Айнаға қарап аңғардым.

Өтіп барасың нұр жайған түнім,

Асықтың кімге? Таң қалдым!

 

Өмірдің адам бір қонағы екен,

Қонақ боп келіп алдандым…

Жоқтаушысы кім болады екен

Әдірә қалған арманның?!…

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ. 

 

Теңіз бен Дауыл

Дауыл қағынды,

Теңіз сағынды

Алыста қалған дәуренін.

Жал-жал толқындар,

тынбай солқылдар,

Соңында әлсіз сәуленің…

 

Көкке шапшыған,

Дауыл қақшыған,

толқынмен ойнап қақпақыл…

Ұрып жағаны,

Қайтып тауаны,

Сүлдесі құрып жатты ақыр…

 

Дауыл басынды,

Теңіз жасырды

Мөлт еткен кермек көз жасын…

Ұшты шағала,

Толқын жағаға

Сүйейді келіп өр басын…

 

Дауыл тыншымай,

Көкке ыршыды-ай

Толқындар тулап, сұрапыл.

Айтқан бұлттарға,

Мұңыңды ұққан ба,

Тыншымай дәурен құра тұр…

 

Дауыл тынбады,

Теңіз қыңбады,

Ағыспен долы үйіріп.

Шағала той-тойлап,

Жартас қой-қойлап,

Аспан тұр үнсіз түйіліп…

Гүлзада

НИЕТҚАЛИЕВА. 

 

Жырларым менің – өмірім

Жүре алмай жұрттай жайланып,

Қағазға қалам байланып.

Жүрегім үні күнді орап,

Арманды кетем айға алып.

 

Озғанды несін күндейін,

Тарқалсын әрі тіндейін.

Берілсем ойға тұнжырап,

Бұлттай торлар мұң бейім.

 

Жанғанда сәтті маздағым,

Бұлбұлы сайрап, мәз бағым.

Тұп-тұнық көлім мөлдіреп,

Қаңқылдап ұшар қаздарым.

 

Жыр деген тауып бұлақты,

Үніне тостым құлақты.

Жамандар жиі жирентіп,

Жақсылар кетіп, жылатты.

 

Жақсылар жақса жарықты,

Қараулар кейде налытты.

Содан да менің жырларым,

Арылмай мұңнан қамықты.

 

Көз жетпес кешіп кілең түз,

Күндерді таптым сүреңсіз.

Көктемі жырақ жырымның,

Көбісі болар күрең күз.

 

Жеткізбей ерте биігім,

Басылды умен күйігім.

Солай да жүріп қу жаным,

Сезімге нардай иіді.

 

Жыр деген құдірет ием ғой,

Өмірдей оны сүйем ғой.

Ақ қағаз – аппақ жолдарым,

Қаламым қолда – кием ғой.

 

Жеткенмен баста ен қайғым,

Тасыса арнам, кем бе айдын.

Жырларым туған сәттерде,

Дүние кең де, мен баймын.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Құрманғазы ауданы.

 

Сағыныш

«Адамдардың ұлылығын

сағынышымен есепте»

Т.Айбергенов

 

Жаза алмаса жайып бір жыр қанатын,

Жөнім жоқ, тұлданатын, бұлданатын.

Аруақ қысқан бақсыдай тілді шайнап

Секілдімін баз кешіп, жынданатын.

 

Қан тамырым соғады білеуленіп,

Ағаларды жүреміз тіреу көріп.

Әлсін-әлсін есікке қарайлаймын

Қуантса деп, шіркін-ай, біреу келіп.

 

Біреу келсе, алдымнан ақ жарылып,

Үзілдірмей үкілеп, жалғап үміт.

Бар ісім алға басып, оңғарылып

Құшақ жайып, қарсы алам сонда күліп.

 

Жамылайық содан соң жыр шекпенді,

Жанарларда бір ұшқын жылт еткен-ді.

Отырайық бақыттан бас айналып

Көңілдерге қондырып гүл көктемді.

 

Өнер жайлы сыр шертіп, қауқылдасып,

Қиялымыз кеткендей тау, қырды асып.

Көзайым боп отыршы, маңғазданып

Мендегі сағыныштың мауқын басып.

 

Бұл өмірден неше бір тарпаң өткен,

Ақындарын тәңірі арқалы еткен.

Ақ жауындай себелеп ағам келіп

Шөлімді қандырса ғой аңқа кепкен.

 

Сен едің, сырласымдай, құрдасымдай,

Өзіндік бет-бейнеңді жүр жасырмай.

Жерік әйел секілді зауқы соққан

Сағынышым қойды ғой бір басылмай…

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Махамбет ауданы.

 

Таспа-таспа бұрымдай…

Таспа- таспа бұрымдай мың өрілген,

Ұмтылсам баспақ болып жолымды мен.

Үзеңгісі жоқ атымның, таралғысы,

Бір қырсық бар жолымды торып жүрген.

 

Қолтығына су бүркіп бақ талайдың,

Танаулап тұғырлардың шапқаны-ай мың.

Өлең  деген бәйге емес алашапқын,

Бәсіремді мен оған баптамаймын.

 

Күн сап қарай жолыма бақыт менің,

Ұмсынып, ұсынбай тұр уақыт төрін.

Төбелерін тақ қылып кең далама,

Келеді өлеңімді оқып бергім.

 

Жырымды сол биіктен берем оқып,

Қол соғады сонда елім өре тұрып.

Ал, әзірге мая жыр, нар жырымды,

Көзге ілмейді ешбірі көре тұрып.

 

Аймалап жүректерді сағы сынған,

Жабырқап, жараланған хәлін ұғам.

Қараша үйіне жетсем ғой қазағымның,

Сәуле болып сіңсем ғой жабығынан.

 

Алдымнан тұзақтарын самсап құрып,

Қырсық жүр жолым торып… шаршатты үміт.

Айламды асырам да бұл қырсықты,

Айналып өтем енді сан соқтырып.

Сәулеш Шәтенова,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз