Жарнама
Қоғам

Көгілдір экранның арғы жағында

Материалдық-техникалық жағдайы мен кадрмен қамту жайы заман талабына сай болмауына байланысты Гурьев телестудиясы 1976 жылдың 31 желтоқсанда хабар таратуды тоқтатты. 1967 жылғы 25 желтоқсан, дүйсенбі күні тұңғыш рет эфирге шыққан өңірлік телеарнаны қайтадан жандандыру оңай болған жоқ. Өйткені, телеарнасы жоқ облыстарда оны ашуға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1986 жылдың 29 қазанындағы қаулысына сай рұқсат берілгенімен, бюджет қаржысы есебінен емес, тек мекеме, кәсіпорындар қаржысын жұмылдыру арқылы ғана жүзеге асыру міндеттелген еді. Осыған орай 1987 жылы 2 желтоқсанда халық депутаттары Гурьев облыстық Кеңесінің атқару комитеті телестудия ашуды ұйымдастыру туралы шешім қабылдап, облыстың ірі кәсіпорындарына бұған тиісті қаржы бөлуді жүктеді. Елден асарлатып жиналған қаржы есебінен Ресейдің Новосібір, Литваның Шяуляй қалалары шығаратын телевизиялық құрал-жабдықтары орнатылып, «КамАЗ» көлігі негізінде жасалған жылжымалы телехабар тарату станциясы алынды. Бұл ол кезде республиканың өзінде жоқ қондырғы болатын…

Алғашқы қадам

Атырау телестудиясы Гурьев қаласының 350 жылдығын тойлау кезінде 1990 жылы 1 қыркүйек күні тұсауын ресми түрде кесті. Сол күннен бастап дүйсенбі-жұма күндері бір сағаттық эфирге толыққанды хабармен шығу жүзеге асты. 1990 жылы 1 мамыр күні мерекелік репортажбен Атырау теледидары эфирге байқау-сынақ ретінде шыққан болатын. Хабарды эфирге шығаруды Гурьев облыстық телерадиохабарларын тарату компаниясының бас редакторы Мұрат Дүмбаев, бас режиссер Лира Шарипова, телеоператорлар Серік Бахметов пен Синовер (Сергей) Усманов, инженерлер Айбек Ризуанов, Сергей Удовиченко, Болат Кереев, Расул Кенжеғалиев қамтамасыз еткен.

Алматы Жоғары партия мектебінің күндізгі бөлімінен екі жылдық курсты тәмамдап, Гурьев облыстық партия комитетінің жолдамасымен телерадио хабарларын тарату комитетіне жіберілдім. Комитет төрағасы Айтқали Нұрғалиевтің бұйрығымен 1990 жылдың 31 шілдесінен бастап, телевидениеге аға редактор болып жұмысқа қабылдандым.

Телевидениедегі тәжірибесі мол бас редактор Мұрат Дүмбаев дайындалатын хабарларды жоспарлап, сценарий жазуды тапсырды. Журналистиканың телевидение саласы газетке қарағанда тым күрделі екендігін түсіндім. Газетте қолыңда қалам, қойныңда блокнот болса болғаны. Көрген-білгенің мен естіген-білгеніңді ой елегінен өткізесің де, мақалаңды жазып тастайсың, редактор қарап шығады, жауапты хатшы арқылы макетке түседі. Сосын газеттен бір-ақ көресің ғой. Ал, телевидениедегі негізгі қаруың – микрофон болғанмен, екі-үш минуттық жаңалыққа көрсетілім не жарты сағаттық телехабар болсын, оны дайындауға журналистен басқа түсіруші оператор, жарық беруші, режиссер, сазбен әрлейтін дыбыс режиссері, бейнемонтаждаушы, кадр сыртындағы дыбысты жазушы, инженер мен жауапты шығарушы сынды бір топ маман қатысады. Бір сөзбен айтқанда, ұжымдық еңбектің нәтижесімен көгілдір экран алдындағы көрерменге жол тартатын көркем туынды десе де болады.

…Ол кезде Маңғыстау облысы қайтадан құрыла қойған жоқ. 20 тамыз күні ауыл-село жастарының облыстық спартакиадасынан арнайы телехабар дайындау үшін пойызбен бір топ қызметкер Бейнеуге келдік. Алғашқы іссапардан алған әсер де аз болған жоқ. Микрофонды ұстап, телекамераға қарап, жинақталған ойды жеткізу біреулер ойлағанындай оңай емес екен. Қобалжу, жүрексіну, қалай болып кетер екен деген сенімсіздік те санаға ұя салып алған…

Телеорталық күзге таяу қазіргі Жеңіс (бұрынғы Сутягин) саябағына көшіп келді. Оған дейін облыстық ішкі істер басқармасының санитарлық бөлімшесі орналасқан бұл ғимарат біз үшін өте қолайлы орын екен. Қосымша құрылыс салынып, хабар жүргізетін студия да заманға лайық жабдық-қондырғымен жарақтандырылды. Саябақ ішіндегі қалың тал-терекпен қатар, алма, шабдалы, айва тәрізді жеміс ағаштары төңірекке көрік беріп тұратын.

Қыркүйектің алғашқы жексенбісінде аталып өтетін мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай түсірілетін мерекелік телехабардың бейне түсірілімдерін алдын ала дайындадық. Екі тілде эфирге шығатын хабардың сценарийін, титр, субтитрлерін жазып, журналист оқитын кадр сыртындағы мәтінді де әзірледік. Дауысын бейнетаспалық түсірілімге сәйкестендіріп, монтаждау ісінің соншалықты қиын, әрі жоғары жауапкершілікті талап ететініне де көзіміз жете бастады.

…Хабардың монтажын түн ортасынан ауа аяқтадық. Ол кезде түнгі мезгілде көшеде такси сирек. Вокзал маңы шағынауданындағы қызметтік пәтерімізге жартылай жаяулатып барғанымыз есімізде. Үйге кіре сала жуынып, тамағымызды ішіп, бірер сағат көз шырымынан соң таңертеңгі сағат 8.30-да Отарбай аға жүргізетін қызметтік су жаңа «КАВЗ» автобусына мініп, қайта жұмысқа келетінбіз.

Телерадиокомпанияда жұмыс жасайтындардың дені жастар болғандықтан шаршау-шалдығу, не көңілдегі ренішті сәттер әзіл-қалжыңмен тез ұмытылатын, олардың бойынан жұмысқа деген ынта-жігер, құлшыныс үнемі сезілетін.

Студияның тұсаукесер хабары

Алғашқы студиялық телехабарым 2 қыркүйек күні аталып өтетін мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналды. Тамыздың 31-і, жұма күні түске дейін жаңа студияның тұсаукесер алғашқы хабарына Қазақ КСР еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Теңіз мұнай-газ кен алаңын алғаш ашушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақаш Балғымбаев ағамыз шақырылды. Белгіленген уақытта жарқыраған шамдардың астында, ішімнен «біссімілләмды» айтып телекамераға қарап отырып, хабарды бастап кеттік. Ардагер геологпен мұнайлы өлкенің өткені, бүгіні мен болашағы, мұнай өнеркәсібінің болашақ даму перспективалары, белгілі тұлғалар мен өндіріс озаттары туралы әңгіме өрбіді. Алғашқы хабар болғандықтан шығар, студияда жарқыраған қуаты күшті шамдар мен өзіңе тура бағытталған телекамералардың кімнің болмасын мысын басып, қобалжытатыны рас.

Хабардың жазылымы аяқталып, қара терге түскен біз ауаға шықтық. Әріректе студияның жоғары қабатындағы режиссерлік пульттен төмен түскен компания төрағасы Айтқали Құмарғалиұлы, оның бірінші орынбасары-телеорталықтың директоры Болат Нұрғазыұлы және хабардың дыбыс режиссері Әбілов Мұрат ағаларымыз ағаштың көлеңкесін саялап тұр екен. Қонағымызды сол топқа бағыттадым. Айтекең телехабарға қатысып, біраз әңгіменің тиегін ағытқан Мақаш ағамызға ризашылығын білдіріп, алдағы кәсіби мерекесімен құттықтады. Сосын тұсаукесер хабарымның сәтті шығуымен маған да жылы сөзін айтып, «Қобалжу байқалды, бірақ үйреніп кетесің ғой. Бағытың дұрыс, сәттілік тілеймін!» деп пікірін де білдірді…

Сол жылдың 23 қыркүйегінде 13 жылдық үзілістен соң Атырау теледидарының қайта ашылу салтанаты өтті. Оған сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғазиз Алдамжаров, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Виктор Бегин, қалалық кеңес атқару комитетінің төрағасы Нұрпейіс Мақашев, республикалық телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Мұхамбет Мезгілбаев, телестудия құрылысына демеушілік көрсеткен мекеме-кәсіпорын басшылары мен ұжым мүшелері қатысып, қуанышты сәтті бірге бөлістік. Ән-жырдан шашу шашылды.

Аптасына алты күн бір сағаттан облыс аумағына хабар таратылды. Жаңалықтар екі тілде 20-25 минут, тақырыптық хабарлар 15-20 минутқа дейін, қалғанына көркемөнерпаздар концерті бағдарламаға енгізілді. Телехабарларды түсіріп, дайындау, көркем дүние күйінде көгілдір экран алдындағы көрерменге жеткізудің мехнат-машақаты, қыруар адамның маңдай тері мен ерен еңбегі сарп етіледі екен. Бас редакторға өндіріс пен ауыл шаруашылығында, мәдени-әлеуметтік салада болашақ дайындалатын хабарлардың жоспар-жобасын ұсынып, бекіттірген соң сценарий жазуға отырамыз.

Мұрат Дүмбаев – сценарийсіз хабар дайындауға жаны қас адам. Ұзақ жыл Ақтөбе облыстық телевидениесінде, Қазақ телевидениесінде еңбек еткен, республикалық деңгейдегі журналистік сыйлықтарға да ие болған тәжірибелі тележурналист. Ол жазған телехабарлардың сценарийлерін оқып, өз ой-пікірін айтады.

Бас режиссер Лира Мұхамедқызы да өз ісін жетік білетін және жұмысқа жаны ауыратын білгір кадр екенін алғашқы күннен-ақ байқатты. Бір-бірімізбен құрдас деп қағытып, әзіліміз жарасып, тез тіл табысып кеттік. Оның еңбекқорлығы мен режиссерлік дұрыс шешім қабылдай алатындығына, жоқтан бар жасап, студияны безендіру, декорация дайындау ісіндегі шеберлігіне қызметтес болған бес-алты жылда талай көзіміз жетті.

Телевизиялық техникалар, аппаратура мен жабдықтың дені шетелдік. Айтқали Құмарғалиұлының 1983-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болған Ғаділбек Шаяхметов, Сағат Әшімбаевтармен өзара жақсы сыйластық, жолдастық қарым-қатынаста болуы өз нәтижесін берді. Телеорталықтың директоры Болат Нұрғазиев екеуі кезектесіп, техника тілін жетік меңгерген Сергей Удовиченко, Айбек Ризуанов, Вячеслав Мрякиндермен Мәскеуге, Литваның Шяуляй қалаларына барып, өзге телестудияларда жоқ жаңа техникаларды алуға көп күш салды. Алғашқы жылдары телеорталық КамАЗ автомашинасына орнатылған жылжымалы телевизиялық хабар тарату станциясы (ПТВС), монтаждау қондырғысы, соңғы шыққан студиялық және журналиске аса қажетті бейнекамералар, магнитофондармен жарақтандырылды.

Вокзал маңы шағынауданындағы бес қабатты үйдің екінші қабатынан берілген қызметтік екі бөлмелі пәтерде мен, Жасұлан Көжеков, Ресейдің Новосибирск телестудиясынан бізге бас инженерлік қызметке келген Вячеслав Мрякин үшеуміз тұрдық.

Күнделікті басқосулар мен өндірістік лездемелерде эфирден өткен хабарлар мен ақпараттық бағдарламалардың мазмұны, тақырыптың ашылуы, мәселенің көтерілуі, тиісті атқарушы билік алдына қойылуы немесе кемшіліктерді жою жолдарының көрсетілуі жөнінде егжей-тегжейлі сөз болып, бағыт-бағдар берілетін. Мақтауды да, даттауды да сол лездемеден естіп шығасың. Бірақ өзара ренжісу, кектесу, не артыңа зіл сақтау деген жоқ, Айтекеңнің кабинетінен шыға сала бәрі ұмытылып қалатын.

Журналистер бастапқыда күн сайынғы кешкі жаңалықтарды дайындап, эфирге өздері шығып, хабар жүргізді. Төрағаның орынбасары Георгий Трухин мен идея авторы марқұм Мұрат Диаров әр аптаның бейсенбі күні кешке «Прикаспий: день за днем» атты циклдік бағдарламаны кезектесіп дайындап жүрді.

Облыс өмірінің түрлі саласын қамтитын күнделікті ақпараттық бағдарламаның қазақшасын 1975-1976 жылдары облыстық арнаның дикторы болған Орынша Қапанқызы, кейін Мәскеудің Орталық телевидениесінен арнайы дикторлық курста оқып, білімін жетілдіріп келген Жеміс Дияшева, ол оқуда болған кезде Рәзия Қасымова, Гүлнәзира Мұхтарова, ал орысша шығарылымды Бибігүл Абзалова жүргізді. Аптаның ішіндегі елеулі оқиға-жаңалықтарды қорытындылап, «Дүйсенбіден дүйсенбіге дейін» (ДДД) атты журналистік сараптама мен ой түйген шолуларды біздер, журналистер Бекбол Мақымов, Әндіржан Мұханғалиев, Георгий Трухин, Жасұлан Көжеков, Мұрат Дияровтар болып жүргіздік. Кешкілік эфир арқылы көрерменмен екі тілде жүздесу де бір жүйеге келтірілді.

Кейінгі жылдары қатарымызды газет пен радиода жұмыс істеген Өтепберген Әлімгереев, Төлеген Берішбаев, Төлеген Жаңабаев, Тасмұхан Тінәлиев, Бақыт Қоянақова, Мұзафар Ғабдуллин, Әндіржан Мұханғалиев, Әбілхан Төлеуішев, Аманғазы Жұмағазиев, Гүлжан Елешова, Арыстанбек Кенже толықтырды. Жас мамандар Табыл Досымов, Гүлайым Бакалдина, Гүлнәр Қарашаева, Гүлнар Исмурзина, Жанар Біләлова, Ләззат Мәжитова, Мерует Ахонова, университет түлегі Самат Сағындықов, Маржан Ершуова, апалы-сіңлілі Гүлайым мен Айымгүл Хайруллиналар да жұмысқа келді.

Режиссерлер Дәметкен Құсайынова, Жаңбырбай Жұмашев, операторлар Мэлс Теміров, Талғат Қуанышев, Өнербек Жаңабаев, Фархат Ұланбаев, Темірлан Сұлтанғазиев, дыбыс режиссерлері Есенжан Тұрланов, Абат Сәрсенғалиев, бейнемонтаждаушылар Нұрбек Әдепқалиев, Жанат Қалдыбаева, Ақшолпан Байқұтова, Назарбек Қосшиевтар бас режиссер Лира Шариповадан жақсы тәжірибе жинақтады. Өз кәсіптерінің қыр-сырын меңгеріп, кейінгі буынды да операторлыққа, режиссерлікке машықтандыруға үлес қосты.

…Өмірден тым ерте кеткен құрдасым Мұрат Дияровты, Ауған соғысының ардагері Бекбол Мақымовты құрметпен еске алуды парызым деп білемін. Мұраттың мамандығы физика пәнінің мұғалімі болғанымен журналистиканы жанындай сүйетін, ұшқыр ойлы, проблеманы көре білетін, оның қалай шешілу жолдарын да көгілдір экран арқылы көпшілікке түсінікті тілмен жеткізе алатын азамат еді.

Ал, Бекбол ініміздің хабарларында бүгінгі күннің өзекті тақырыптары жиірек көтерілетін. Ақпараттық хабарға түсірілген шағын ғана бейнекөрсетілімдерінде үлкен хабарға жүк болатын өзекті мәселелердің ұшы көрініп қалатын. Облыстық «Атырау» газетінде жұмыс істеген аяулы жары Елена Таңбаеваның өңір журналистикасында өзіндік орны мен қалдырған қолтаңбасы ерекше еді. Әттең, ерлі-зайыптылардың ғұмыры тым қысқа болды. Бекбол мен Ленаның журналистік жолдарын қос ұлы – Нұрберген мен Дәурен, келіні Айнагүл Қалбаева жалғастыруда.

Телеарнада көрермен талғамына сай тарихи-танымдық тұрғыда салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттауды мақсат еткен «Маздақ» телеальманахы мен «Алдаспан» атты студиялық хабарды Өтепберген Әлімгерейұлы, Төлеген Жаңабаев, жастарға арналған «МВК» (Молодежный видеоканал) хабарын Жасұлан Көжеков жүргізді.

Студияны декорациялық көркемдеуге Қапия Сейітова, Виктория Ли сүбелі үлес қосса, камерамен жұмыс жасау, жарық беру, дыбысын реттеуде Алексей Ермұхашев, Серік Есқалиев, Руслан Хабиров, Болат Дәулетияров, Бақыт Байтоқовтар өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаратын.

Жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын көпшілікке таныту «Ән шырқайық!» бағдарламасы арқылы жүзеге аса бастады. Аудандардан келген вокалды аспаптар мен ұлт-аспаптар ансамбльдерінің, өзге де өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары режиссер-операторлардың, техниктердің ұйғарымымен Жайық өзенінің жағасындағы жасыл алқапта немесе тал-терекпен көмкерілген тыныш жерде түсіріліп, көрерменге ұсынылатын.

Нарық қиыншылықтары кезінде ұжым қызметкерлерінің жалақысын есептеп, көңілімізді табуға есепшілер Оңай Қосмағамбетова, Халила Әділбаева апайлар, Айнаш Юсупова, Жанна Назарова, Гүлнар Құспанова, кейінірек осы топқа қосылған Масрипа Есенғалиева, кадрлармен жұмысты тиянақты жүргізген Гүлжамал Құрмашева, хабарлардың сценарийлерін теруді электронды машинкамен көзін жұмып қойын, қатесіз басып беретін Қымбат Әбдірахманова, Зылиха Ахметова апаларымыз мен замандасымыз Зәру Сұлтанованың еңбегін де айтпай кетуге болмас. Ал тәуліктің қай мезгілінде болмасын темір тұлпарын сақадай-сай ұстап, түсіру тобын діттеген жерге кешіктірмей жеткізетін Абай Насихатов, Руслан Ахметов, Есенжан, Жантілеу, Әсет сынды жігіттер де сенім үдесінен шығатын-ды.

Иә, Атырау телеарнасы қайта ашылғаннан бергі 35 жылда қос қоғамдық формацияны – социализм дәуірі мен мызғымастай көрінген Кеңес Одағының ыдырап, Казақ елінің өз егемендігіне қол жеткізген тарихи шақтарды басынан өткерді. Өз тәуелсіздігін жариялап, әлем мойындаған азат еліміз бейбіт аспан астында көк байрағын биікте желбіретіп, мәңгілік егемендігімізді баянды ете бергей!..

Бақытжан ЖҰМАТ,

телеарнаның 1990-2000 ж.ж. аға редакторы, бөлім меңгерушісі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button