МОНОҚАЛАДА МҰҢ БОЛМАС…

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауы болашағымыздың басты бағыты, дамуымыздың даңғыл жолы екенін барша халыққа түсіндіру барған сайын арта түспесе, кеміген емес. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық мәслихатының депутаттары Бөріхан Беркімбаев, Сүйінішбек Әбуғалиев және Мария Қаражігітова Жылыойға ат басын бұрып, «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында жергілікті депутаттар, ауыл-село әкімдері және бөлімдер басшыларымен кездесіп, аса маңызды құжаттың басым бағыттарын саралаумен қатар, көпшілікті толғандырып жүрген сауалдарға да жауап іздеді. 

С.Әбуғалиев Жолдаудың жеті бағытына талдау жасап, оны өңірде қалыптасқан ахуалмен сабақтастырды. Астанадан желі тартатын Ақтөбе-Атырау автожолдар жобасы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға зор септігін тигізеді, экономикалық жағынан дамуымызға ықпал етеді. Өңірде салына бастаған технопарктің де өндірісте үлкен маңызы бар. Әлеуметтік инфрақұрылымды сөз еткенде облыс көлемінде апатты жағдайда тұрған мектептер әлі де бар екені еске түседі. Алда энергетикалық инфрақұрылым одан әрі дамиды. Қызылқоға, Индер аудандарында газдандырылмаған ауылдар әлі де бар. Азғыр өңірінде осындай мәселелер бар. Осының бәрін жөнге келтіруге қаржының көзі табылғалы тұр.

Тұрғын үй кешендерін салу-аса елеулі мәселе. Сондықтан, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарас қайта қаралғалы жатыр. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақмерзімді жалға ұсынады. Бұл ретте Мария Жапаққызы нақтылап түсіндірді.

Депутаттар өңірде қалыптас-қан ахуалды біле түсуге ыңғай танытқасын, жиынды жүргізіп отырған аудан басшысы Мақсым Ізбасов біраз жайлардан хабар берді. Құлсарыда он жеті шақырым жол салынды. Шоқпартоғай жолы келесі жылы бітеді. Қосшағыл және Ақкиізтоғай елді мекендерінің автокөлік жолдарын күрделі жөндеу – қазір күн тәртібінде. Моноқала аясында әк шығаратын зауыт келесі жылы бітеді. Темір жол қалашығында кәріз жүйелері түбегейлі жаңартылды. Шағын және орта бизнесті  дамытуда жеті пайыз өсім бар. ТШО компаниясымен жылыжай салу мәселесі шешіле келді. Жылыжай жылына 15 тонна көкөніс өнімдерін шығарады. Тұрба жөндеу және қатайтатын зауыт құрылысын іске қосу келер жылдың еншісінде. Энергетикалық инфрақұрылымды  дамыту іс-шаралары  да осы жылы іске асады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Ақкиізтоғай, Майкөмген елді мекендерінде су құбырларын тарту, оның желісін әр үйге кіргізу өз шешімін табу үстінде.

Келе жатқан жаңа жылда жергілікті тұрғын халықты қуантатын елеулі жаңалықтар күтіп тұр. Атап айтқанда, үш қабатты алпыс пәтерлік бес үй құрылысы аяқталады. Одан артылып қалатын 90 пәтер мұғалімдер мен  дәрігерлерге берілмекші. Бұған Шоқпартоғай, Майкөмгенде салынып жатқан  төрт үй құрылысын қосыңыз. Ал, қазақ-түрік лицейінің ашылуы да үлкен оқиға болмақшы.

Облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу жиынында мекеме жетекшілері мен мамандары тарапынан жұртшылықты толғандырған мәселелер орынды көтерілді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз