М І Н Е З: Ол өзі хабарласқан үлкенге де, кішіге де өзін «бұл Мақашев қой» деп таныстырады…

eknkn Жаңалықтар

1946 жыл орыстың күнтізбесінде Ит жылы деп жазылғанмен, ол заманның адамдары үшін жыл наурыздан басталатын. Қаңтардың 1-інен басталатын күнтізбені олар мойындай қоймаған еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесі қойылған Тауық жылы жылнамада ауыр жылдардың қатарында саналғанымен, адамзат тарихында болған небір ауыр құбылыстарды тоқтататын Тауық пен Иттің тоғысы екен. Содан ба, Нұрпейіс Мақашұлы өзінің туған жылын қазақы күнтізбедегі тоғыстан гөрі қаңтардан басталатын Ит жылымен ұштастырады.

Бірақ оның туабітті жинақылығы, ойының жүйріктігі мен әр іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын мінезі Тауық жылғы туғандардың белгілерімен сәйкесетіні аңғарылады.

Қаңтардың 9-нда Нарынқұмның кәрі Каспиймен шектесер тұсындағы Қамысқалада дүние есігін ашқан ол қаладағы М.Калинин атындағы теміржол мектебінен онжылдық білімді тауысқанда, өзгелерден ерекшелеу мамандықты таңдады. Өйткені, күн еңкейсе, іргедегі Сталинград майданының жарқ-жұрқ от-жалыны алыстан көрініп, әуеден тасталған бомбаның дауысы естіліп жатқан шақта, 335 шақырымдық «ГурьевАстрахань» теміржолының құрылысы басталған болатын. Тура бір жылда, яғни 1942 жылғы тамызда «Досанг» немесе «№108 құрылыс» деген шартты атаумен салынып, пайдалануға т а п с ы р ы л ғ а н т е м і р жо л д ы ң 3 0 мың құрылысшысының дені қызкеліншектер, қарттар мен ересек балалар еді. Кавказ мұнайын орталық ауд а н д а р ғ а т а су ма қ с ат ы н д а ғ ы «Кизляр-Астрахань» теміржолының соңғы желісі Гурьев қаласына келіп тірелетін. Сол кездегі Новобогат ауданының өзінен 2 мыңнан астам адам, жүк көлігі ретінде 258 түйе осы құрылысқа алынған. Еш демалыссыз жұмыс жасалған мемлекеттік маңызы бар құрылыстағы еңбекшілердің маңдай терін ештеңемен өлшеуге болмайтын еді. Әйтсе де, өте баяу жүрген құрылыстың әскери-стратегиялық маңызы төмендей берді. Өйткені, неміс әскерлері Сталинградтан шегінген соң Солтүстік Кавказдағы теміржол қатынасы да қалпына келген болатын.

Бұл әңгімені сол кездегі ауыр күндердің бейнетін кешкен әкесі Мақаш пен анасы Рысқалдың өзара әңгімесінен байқампаз жігіт бала кезінен құлағына құйып жүретін еді. Ақыры, тоқтап қалған теміржолдың құрылысын толық аяқтау қажеттілігі ширек ғасырдан кейін қайта көтеріліп, «Гурьев-Астрахань» теміржолы 1967 жылы іске қосылды. Ата-анасы ұлының келешегін шойынжолмен байланыстырып, бұдан өткен жұмыс жоқтай қабылдаған. «Бәленше шойынжолға жұмысқа кіріпті, дырдай беделі бар, еңбеккүні көп екен» деп отыратын жарықтықтар. Осыған байланысты, Қамысқалада туған ұлдың теміржолдың оқуына түсуі заңдылық еді. 1970 жылы Ташкенттегі теміржол көлігі инженерлері институтынан диплом алып келген жігіт еңбек жолын Гурьев теміржол бөлімшесінде бригадир болып бастады. Кейін инженер, жол шебері болып сатылап өсе берді.

Әйтсе де, көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге алынып, одан келген соң Гурьев үй құрылысы комбинатының учаске шебері болып орналасты. Өз мамандығы Мақашевқа ерекше жігер бергендей болды. Жұмысқа ынтасы артып, өз кәсібінің қыры мен сырына қаныға түсті. Құрылыс жұмысына машықтанып, көңілі жайлана түскендей. Лауазымы да сатылай өсіп, комбинат директорлығына тағайындалды. Ол кезде партиялық номенклатура бойынша әр кадрдың жан-жақты қабілеті мен шеберлігі, тіпті мінез-құлқы да қатаң қадағалауда тұратын. Обком соны ескеріпті. Себебі, үй құрылысы комбинатындағы жұмыс қарқынының өсуіне байланысты, Гурьев қаласында жаңа шағынаудандар пайда болып жатыр еді. Бұрын қалада екі-үш қабатты шағын үйлер болса, енді бес қабатты еңселі үйлер і р і п а н е л м е н т е з қ ұ р а с т ы р ы л а бастаған. Сөйтіп, Авангардтағы төрт шағынаудан, Балықшы кентіндегі көп қабатты үйлер облыс орталығының кескін-келбетін мүлде өзгертіп жіберді. 70-інші жылдардың орта тұсынан бастап, сымдай тартылған айшықты Сәтбаев көшесі, басқа да жаңа тұрғын үйлер сәулет-құрылыс заңнамасының талаптарына сай келе бастады.

Сөйтіп, бірер жылда ескі қаланың еңсесі көтерілді. Жаңа ғимараттар көбейгеніне ел ризашылығын білдіріп жатты. Орта арнаулы оқу орындары мен мектеп-балабақшалар, емханаауруханалар, мәдениет мекемелерінің де ғимараттары жаңарды. Соның бәрін үйлестіріп, Жайық жағасындағы қаланы көркейту ісіне Нұрпейіс Мақашұлы мұрындық болды. Тек қалада емес, шалғай ауылдарда да типтік жобамен қос пәтерлі үйлер, аурухана, мектептер мен мәдениет ошақтары бой көтерді.

Айшықты қолтаңба дегеніңіз сол болар, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті зор, күрделі жұмыстарға білек сыбана кірісуден тайсалмайтын Нұрекеңе деген елдің де, тиісті органдардың да сенімі арта түсті. Бұл сенім оның қызмет баспалдағымен өсуіне де септігін тигізді. «Гурьевнефтехимстрой» тресінің партком хатшысы, басқарушысы, « Г у р ь е в с е л ь с т р о й » т р е с і н і ң басқарушысы, халық депутаттары Гурьев қалалық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарғанмен, ол үстел басында отырып, бұйрық беруден гөрі өндірістік нысандарда көбірек жүретін. Әсіресе, құрылысшылардың қамын көбірек ойлап, солардың талап-тілегін қорғады. Жоспардың орындалуы үшін де тер төгуге тура келді. Әрине, ол дәуірде барлық істің кілті «обкомда». Әйтсе де, олар да Мақашевтің тынымсыз еңбегін жоғары бағалаушы еді. Соның арқасы болар, Қазақстандағы 12 құрылыс тресінің бірін басқарған жалғыз қазақ әрі бірден-бір жас жігіт болатын.

О б л ы с т ы ң а г р о ө н е р к ә с і п кешеніндегі жұмыстарды да бірыңғай Одақ көлеміндегі атақты «Азықтүлік бағдарламасын» жүзеге асыру бағытында ұйымдастыру керек болды. Ол үшін сақтау қоймаларын салу, қысқы суық пен жазғы аптапта бүлдіріп алмай, сақтау да қиынның қиыны. Мақашевтің шешімділігі мен үйлестірушілігін сол жерде де пайдалану қажет. Сол үшін облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Нұрекеңнің шешім қабылдаудағы батылдығы мен салиқалы ұстанымын ел-жұрт та жақсы білетін. Сол себепті, қаланың басшылығына баламалы жолмен ұсынылып, басым дауыспен сайлауда жеңіп шықты.

1990 жылы Одақ көлемінде тұңғыш рет баламалы сайлау жүйесі енгізіліп, депутаттар корпусы мен түрлі деңгейдегі басшыларды демократиялық тәсілмен сайлау жүзеге аса бастаған еді. Халық депутаттары Гурьев қалалық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Нұрпейіс Мақашевтің жасы әлі 45- ке жеткен жоқ-тұғын. Оның саяси билікке араласуы – «қайта құру» саясаты, халық шаруашылығын жылдамдату, жариялылық, плюрализм тәрізді ешкім түсіне бермейтін жалаң ұрандардың өршіп тұрған сәті. Саяси жағдай ушығып барады. Күнде бір жаңалық, жаңа топтар пайда болып, жұртқа уәдені үйіп-төгіп беріп жатты. Экономикалық дағдарыстың кесірінен халықтың тұрмысы әбден төмендеді, иініне ілер дұрыс киімі жоқ тұрғындар ереуілді көбейтті. Аштық жариялап, әкімдік алдына келетіндер де кездесе бастады. Киетін аяқкиімі болмай, дастарқандағы талонға алған нанды қара сумен ішкен отбасылар да бар еді. Мемлекеттік азық-түлік дүкенінде маргариннен басқа ештеңе жоқ. Қаптаған жеке кооперативтердің дүкендері тамақ өнімдерін өте қымбат сатып жатты. Ақшада құн жоқ, бір уыс ақша бір шайдың азығын алуға ғана жететін. Мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық орын ала бастады.

Компартияның беделі төмендеп, жаңа басқару органы – жергілікті Кеңестер құрылды. Осы кезде де ереуілге шыққан жұрт талабын партия комитетінің басшыларына емес, Кеңес төрағасы Мақашевті шақырып алып айтатын. Және оған Нұрекең бейілді болды. Себебі, ол алқалы жұрттың алдына шығу үшін өз ойын пісіріп, алдыартын бағамдап алушы еді. Қалатком мен қалалық кеңестің төрағасы болып жүргенде, Мақашевтің атыл қолға алғаны қаланың атауын «Атырау» деп, еш тайсалмастан өзгертті. Соңынан ел ерді. Тұрмыстың төмендеп бара жатқанына қ а р а м а с т а н ұ л т т ы қ н а қ ы ш т ы жерлестерінің санасына сіңіре берді. Қаланың іргесі қаланғанына 350 жылдық мерейтойын, сондай-ақ республикада алғашқылардың бірі болып Наурыз мерекесін жоғары дәрежеде ұйымдастырып, бүкілха лықтық мерекеге айналдырды.

Дегенмен, күн санап халық тұрмысы қиындап бара жатты. Амалсыздан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік үлестіру, жалғызбасты қарияларға тегін түстік ұйымдастыру, сусақ, жүйке ауруына шалдыққандарға жергілікті бюджеттен тегін талон беруді қолға алды. Жалақы беретін ақша жоқ, амалсыздан еңбекақыны бартерлік әдіспен беру ұйымдастырылды. Одан бөлек қалада жолаушы тасымалын реттеу, тұрғын үйлерді электр жарығы, су, газ, жылумен қамту керек. Сол кезде нан зауытының қуаты тәулігіне 25 тонна ғана нан пісіруге жететін. «Жығылғанға жұдырық» демекші, 1993-1994 жылдары Жайық өзені кемерінен асып, қаланы су басу қаупі төнді. Мақашев ол жұмыстың да бел ортасынан табылатын. Қолда бар техниканы жұмылдырып, жаға бекіту жұмыстарын күні-түні тоқтаусыз жүргізді. Дағдарыспен бетпе-бет келген елге шетел инвестициясын тартып, халықтың әл-ауқатын жақсарту керек еді. Мақашевтің батыл мінезі мен табандылығы бұл жерде де қажет болды. Түрік елінің Магденли деген азаматының Атырау әуежайын қайта жаңғыртуға қаржы салуына тікелей ұйытқы болған да осы Нұрекең. Жұмысқа алынған жергілікті 600 адамның бәрі де қазақ азаматтары.

«АТМА-Атырау әуежайы және тасымалы» акционерлік қоғамының бас үйлестірушісі қызметін атқарған ол жергілікті ұлт өкілдерінің құқығы бұзылмауына ерекше мән беріп, кәсіподақ ұйымын құрды. Осындай ұлтжанды азаматтың асыл қасиетін жоғары бағалаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов те оған қасынан орын беріп, облыстың тұрғын үй-коммуналдық және құрылыс-сәулет салаларын қадағалауды тапсырды. Ол кездегі қаланың қандай болғанын ел біледі. Соны тез арада қалпына келтіріп, қазіргідей көрік-ажарының енуіне Нұрпейіс Мақашұлы айрықша тер төкті. Төтенше жағдай кезінде біз оны біресе шілдеге дейін лайы кеппеген көшелерден, біресе әкім өткізген жиналыстан, аздан соң иісі қолқаны қапқан жертөледен, енді бірде қоқыс полигонынан, тағы бір жердегі жаңа үйдің құрылыс алаңынан көретінбіз.

Соның бәрінде Мақашев қарап тұрмай, енжарлық танытқандардың сыбағасын беріп жатады немесе лайықты бағалап, ақыл-кеңесін де аямайтын және орысқа орысша, қазаққа қазақша ұтымды сөз тауып айтады. Құсұйқылы азамат Иманғали Нұрғалиұлының қасында, оның екпініне ілесіп жұмыс жасау да оңай емес-тін. Одан соң мұнай саласы да оның қабілетін қажетсініп, әлеуметтік мәс елелердің шешімін т абуына тәжірибесі мен күш-жігерін аяған жоқ. «Ембімұнайгаз» ААҚ президенті б о л ғ а н д а м ұ н а й ке н і ш т е р і н д е жатақханалар жаңартылып, жаңадан жатақхана, асханалар салынды. Жатақханалардың ішінде жиһаздар, сауна, бильярд залдары жабдықталды. Мұның өзі жергілікті мамандардың әл-ауқатын шетелдік мұнайшылардың деңгейіне көтеруге талпыныс еді. Оның ұлтжанды мінезін осыдан-ақ аңғаруға болғандай.

2004 жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланған Нұрпейіс Мақашұлы елді мекендерді табиғи газ және ауыз сумен қамту, заманауи емдеу-сауықтыру мекемелерін салу, басқа да мәселелерге ерекше ден қойды. Республикалық басылымда «Мұнайдың мұңы мың батпан» деген тақырыпта мақала жариялап, күндердің күнінде мұнайдың таусылатынын, сол кезде елді асырайтын агроөнеркәсіп кешені екенін, сондықтан материалдық потенциалы жеткілікті азаматтар бұған қазірден көңіл қойғаны дұрыс боларын ашық айтқанын оқығанбыз. Мақашевтің сол айтқаны аумай-төкпей келді де қойды. Қазір ауыл шаруашылығы саласын дамытудың өзектілігін Президент Қ.Тоқаевтың өзі жоғары дәрежеде айтып жүр. Тиісті жұмыстар да басталып кетті.

Одан кейін «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры болған Нұрпейіс Мақашев қазір де жұмыстан қол үзген жоқ, «Теңізмұнайқұрылыс» компаниялар тобы концернінің бірінші вицепрезиденті. Нұрекең қай ұжымда және қандай лауазымда еңбек етсе де, өз міндетіне адал әрі жүктелген істі өз деңгейінен асыра орындайтын жауапкершілігі мол, ақжарқын әрі мінезді азамат. Діттеген ойдың жүзеге асуы үшін табанды әрекет керек, ал табандылық ерекше мінезден туындайды. Қазақта «мінез» ұғымы біреудің табанын тіліп, тұз себу емес, әсте. Сенім артып, жауапкершілікті мойынға алған соң артыңда алыпқашпа қауесет айтылмас үшін жігерлі істер атқарып, қызметкерлердің бір кісідей тату болуына ықпал ету, яғни басшы ретінде ұжымның әкесіндей қамқор болған жөн. Мұқтажын тауып беріп, талабына тоқтау салмай, ілгері сілтеп отырса, болмасты болғызуға, жас маманды тәрбиелеп, артыңда ізбасар маман дайындауға әрдайым ұмтылыс болса қандай ғанибет. Ал, Нұрпейіс Мақашұлы сондай азамат!..

Айтпақшы, ол өзі хабарласқан үлкенге де, кішіге де өзін «бұл Мақашев қой» деп таныстырады. Оның өзі мінезділік, туабітті мінез. Қала берді, кісімсінбей, иықтас тұрып тіл табысар қарапайымдылықтың ерен үлгісі. Айбарынан ат үркер абыройлы азамат төңірегіне адалдықтың нұрлы шуағын шашып жүр. Бұл – мінез! Ол атаның қаны, ананың сүтімен дарыған…

Назарбек ҚОСШИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз