ӘКЕСІН ІЗДЕГЕН ҰЛ

Қоғам

Әкесі соғысқа аттанғаннан кейін Сату аға бір айдан кейін өмірге келген екен. Нысан атамыз сол кезде 29 жаста болған. Майданнан «Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатынасамыз. Қасық қанымыз қалғанша жаумен шайқасып, Отанымызды кеудемізбен қорғаймыз» деп соңғы рет хат жазған. Есіл ер 1942 жылы қараша айының 24-жұлдызында Сталинград қаласы үшін болған кескілескен шайқаста Скляров хуторы маңында ерлікпен қаза табады. Ауылға «қара қағаз» келіп, отбасы қара жамылады. Сол кезде Нысан ағаның зайыбы Қансұлу әжеміз небәрі 28 жаста екен. Ерінің отын өшірмей, жалғыз ұлын ержеткізген әжеміз Қансұлу 1991 жылы 77 жасында дүниеден озды. Анасының соңғы сәтіндегі арманы ері Нысанның зиратын іздеп тауып, басына тағзым етіп, туған жерден бір уыс топырақ апару еді. Әжеміздің тілегі орындалып, жуырда Сату ағамыз Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің іздестіру жұмыстарының нәтижесінде әкесі Нысан Қуанышбековтің зиратын тапты.
– Мен 2009 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің кеңсесіне әкемнің жерленген жерін іздестіру жөнінде өтінішімді берген болатынмын. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Ресейдің Волгоград қаласының әскери комиссариатымен байланысып, әкемнің нақты қайда жерленгені туралы, қалай баруға болатыны жөнінде хабар берді. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Құрманғазы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, капитан Ермек Жазбаев екеуміз жолға шықтық. Нысан әкем Волгоград қаласынан 65 шақырым қашықтықтағы «Новый Рогачик» елді мекеніндегі бауырластар зиратына жерленген. Әкенің зиратына тағзым етіп, туған елдің бір уыс топырағын апарып, қабір бетіне септім. Сол жерде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар жайлы мәліметтер беретін үлкен мұражай бар. Мұражайда болып, қан майданда қапияда қаза болған боздақтар жайлы әңгімелерді тыңдадым. Менің әке зиратын іздеп тауып, баруыма жағдай жасап, мені қолдаған Елбасына деген алғысым шексіз,- дейді Сату аға көзінен аққан жасты тыя алмай.
«Орнында бар оңалар» деген, Сату ағамыз зайыбы Қалимаш екеуі алты ұл, алты қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған шаңырақ иесі. Бір өкініштісі, Қалимаш апа осыдан екі жыл бұрын 66 жасында өмірден озды. Өзім соғыстың салған зардабынан білімімді жетілдіре алмадым. Кеңшарда әртүрлі жұмыстарды атқардым. 12 ұл-қыздан 28 немере-жиен сүйіп отырмын. Бір шөберем бар. Ұл-қыздарым жоғары оқу орындарын тәмамдады. Үлкен қызым Балсекер – Ақтөбеде дәрігер, Аманкелді – округте бас маман, Ақмоншақтың жеке шаруа қожалығы бар. Қазір кенже ұлым Амандықтың қолында тұрамын, – дейді Сату аға.

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған