Атырау облысының әкімі махамбеттіктермен кездесті

img 20220420 wa0131 Қоғам

Серік Шәпкенов: Халықты толғандыратын өзекті мәселелер қолданыстағы заңнама аясында кезең-кезеңімен шешіледі.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов ауданда құрылысы жүріп жатқан нысандар бойынша тұрғындарға ақпарат берді

  • – Бүгінгі күні Махамбет ауылында 300 орынға арналған интернат пен 600 оқушы орнына арналған мектеп құрылысы жалғасуда. Аяқталу мерзімі 2023 жыл деп күтілуде. Мамыр айында 160 орындық спорт кешенін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Сарайшық сапар орталығының» құрылысы биылғы жылдың аяғына дейін аяқталады. Бұл нысандарды ертеңгі күні қолданатын – тұрғындар. Сондықтан осы бағытта қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Өйткені әрбір нысан халық игілігіне қызмет етеді, – деді аймақ басшысы баяндамасында.

Кездесуге қатысқан тұрғындар әлеуметтік және экологиялық мәселелер, Жайық өзенінің жағалауын бекіту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, білім беру сапасын жақсарту секілді тақырыптар аясында сауал жолдады.

Өңір басшысы тұрғындар көтерген өзекті сұрақтар заң аясында кезең-кезеңімен шешілуі керектігін жеткізді.

  • – Заң бәрімізге ортақ. Оған бәрі бағынады. Заңның үстемдігі орнаған елде ғана тәртіп болады. Егер сіз бен біз конструктивті диалог арқылы кез-келген сұрақты заң аясында шеше аламыз. Сонда ғана Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан өзгерістерді бірігіп орындап, өңіріміздің дамуына үлес қоса аламыз. Дала философиясын жоғалтпаған текті, дана халықтың ұрпақтары «Жаңа Қазақстанды» бірге құрайық. Еліміз жаңа бағытқа бет бұрған тарихи сәтте, бабадан қалған ел бірлігін жоғалтпайық,- деді облыс әкімі кездесу соңында.

Кездесуден соң аймақ басшысы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Айта кетейік, облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Махамбет ауданының Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетілді.


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз