Жарнама
Қоғам

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ

Белгілі болғанындай, бүгінге дейін кәсіпкерлердің құқын қорғауда бірқатар іс атқарылыпты. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың наурыз айындағы кеңес отырысында Байшонас елді мекенінің Атырау қаласына көшуіне байланысты  кәсіпкерлер — Құлғазиев пен Жолмағамбетовтің жылжымайтын мүлкінің коммерциялық бағасын өндіру, сондай-ақ, «Лава транс» және «Тенгизавтокөлік» ЖШС-терінің үстінен «автобекеттен заңсыз жолаушы тасымалдайды» деген арыздар қаралған болатын. Осы аталған жайлар бойынша тексерулер жүріп, бүгін оның шешімі шықты. Алғашқы мәселе бойынша бизнес иелерінің құқықтары қорғалды. Ал, екінші сауал бойынша автобекеттің заңдылыққа сәйкес жұмыс жасауы сенімді өкіл ретінде «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігіне тапсырылды.

Бұл жайларды мәлімдеген облыстық Кәсіпкерлер палатасы басшысы Асылбек Жакиев бүгінге дейін аталмыш палатаға 85 жазбаша өтініш түскенін айтты. Оның 61-і қаралған, ал, 20 арыз әлі тексерілуде. Жергілікті Кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша, қаралған арыздардың 37-сі заңдылық аясында кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Ал, үш өтініш Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына жолданған.

 «Мәселен, Биғалиев Ж. есімді кәсіпкердің үстінен «аса көп мөлшерде ақшаны қалтасына басқаны үшін» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Ол дәлелденсе, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылушы еді. Алайда, облыстық Кәсіпкерлер палатасының араласуымен оның жалған айып екені заң шеңберінде дәлелденді.

Сол сияқты «Атырау Су Арнасы» мекемесінің «Қожағалиев» жеке кәсіпкерлігіне екі миллион теңге көлемінде айыппұл салу шарасы да заң аясында шешілді. Бұдан басқа бизнес иелерінің жер телімдерін алу немесе мерзімін ұзартуға қолдау көрсетуде бірқатар жұмыстар шешімін тапты» деген А.Жакиев кәсіпкерлерге әлі де жан-жақты қолдаудың қажеттігін баса айтты.

Кәсіпкерлер бизнес-жоспарлар жасау, оны қабылдауда да нәтижелі істердің керектігін айтты. Осы орайда «Атырау қаласы орталығынан балаларға арналған парк салынса» деген ұсыныс та айтылды. «Бала – болашағымыз ғой. Сондықтан, оны серуендете жүріп, ой-өрісін дамыту қажет. Олай болса, Атырау қаласынан ойын алаңдарынан бөлек балақайларға арналған арнайы парк ашылса игі» деді «Медицина» АҚ-ның бас директоры Забира Дәулетжанова.

Жеке кәсіпкер Бауыржан Бимурзин кәсіп иелерінің жер телімін аларда кездесетін қиындықтарына тоқталды. Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын оған су тоғанын салып, балық өсірумен айналысуға 200 гектар жер телімі берілген. Бұл жұмыстарға екі-үш миллион теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Ал, бір жылдан кейін бұл жердің иесі бар екені айтылып, оның жерін мемлекетке кері қайтартуға тура келген. Осы мәселені алға қойған кәсіпкер талай есіктің табалдырығын тоздырып, әлі әділ шешімін таппай жүр екен. «Бұл бизнестің алға басуына кедергі келтіреді. Бұлай жалғаса берсе, экономикамыз қалай алға басады?» деген Б.Бимурзин әлі де кәсіпкерлерге кедергі жасаушылар көп екеніне қынжылды.

Айтылған мәселе аяқсыз қалмайтынын жеткізген Асылбек Жакиев бұдан басқа бизнес иелерінің тұтынған электр энергиясы үшін ақы төлеудегі мәселелер, жер көлемін ұлғайту, жобаларды бекітудегі проблемалардың шешімін табуға ықпал болатынын да айтып өтті.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button