Төрт жылға созылған кес кілескен соғыстың жанына жара салмаған шаңырағы жоқ десе де болады. Біздің анамыз Төлеуқыз Таласбаева 1926 жылы Бақсай ауданы, Қазбек ауылында өмірге келген. Тоғызыншы сыныптан кейін бастауыш мектепке мұғалім болып орналасады. Сол кезден бастап ол ұстаздық қызметке біржола ден қояды. Әкеміз Нысанғали Құрақовпен бас қосып, өмірге онға тарта ұл-қыз әкеледі. Олардың бәріне жоғары білім алып беріп, бір-бір отау етеді. Қазіргі күні әкеміз өмірден өтсе де, ұрпақ қызығын асыл анамыз көруде. Ақжаулықты ананы айтулы мерекелерде оннан астам немере-жиені, жиырмадан астам шөбере-жиеншары құттықтап барады.
Жасының біразға келіп қалғанына қарамастан анамыз сол қиын-қыстау кезеңде өзімен бірге қызметтес болған әріптестері – Мағрипа Мұхтарова, Сыдиық Шерубаев, Қазиза Жансалиева, Құбаш Мурзин, Ақжігіт Ерубаев, Ислам Жұмашев, Тұрғанәлі Үсенғалиев, Серік Еңсеповтарды сағынышпен еске алып отырады. Біз соғыс жылдарында қажырлы еңбек еткен барша ұстазға бас иіп, аман-есен отыруларын тілейміз.
Рая ҚҰРАҚОВА, Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі.