ҚОШ, АСЫЛ ДОС!

Қайғылы хабарды естіп, төбеме жай түскендей күйде отырмын. Осыдан тура бірер күн бұрын «Осы Есаға қайда екен? Денсаулығы қалай екен? Соңғы кездері көрінбей кетті. Жазушылар Одағында өтетін жиналыстарға да қатыспай жүр» деп ойлап қойғанмын. Сірә, денсаулығы сыр беріп жүрген екен ғой.

1966 жылы мен 5-курста оқып жүргенімде қолыма  Есағаның кітабы түсті. Оның шығармаларын оқығанымда ішек-сілем қатып күліп, «қазақ әдебиетіне сатира, юмор жанрында қалам тербейтін мықты жазушы келген екен» деп қатты қуандым.  Сол кезде «Лениншіл жас»  газетінде бөлім меңгерушісі болған Жұмекен Нәжімеденов осы кітап жөнінде пікір білдіру жөнінде ұсыныс айтқан еді. Гогольдің «Мұрын»  повесін қазақ тіліне Есаға аударған болатын. Екі жазушының «Мұрын» повесі екі бөлек, стильдері басқа. Мен сол екі шығарманы бір-бірімен салыстырып, республикалық басылымда пікірімді жариялаған едім.  Содан кейін Есағаның өзі мені іздеп тауып алып, достасып кеттік.

Бұдан соң ол талай пьесалар жазды. Оның «Біздің кластың қыздары» пьесасы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды. Кейін көптеген романдары шықты. «Жаман Жәутік» деп аталатын романының жазылуы қазақ әдебиетінде үлкен оқиға болды.  Жалпы, оның қай шығармасы да елеусіз қалған емес.

Мен оны «Есаға» деп атап, ағамдай қам-қорлайтын, ерекше сыйлайтын едім. Осындай жаны жайсаң достарымыздан, замандастарымыздан айырылып жатырмыз. Жүрегімде сағыныш, өкініш қалып барады. Қош бол, Есаға! О дүниеде жұмақтың төрінде бол!…

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз