Жарнама
Қоғам

Көшедегі маркетинг немесе баланың торуылына қалай түстім?

Әдеттегідей түскі ас ішуге үйге бармай, бүгін жұмысым көптігі себеп болып, жұмыстың жанындағы асханаға аяқ бастық. Шағын бөлме бір-бірімізді жіті танитын жандарға толы екен. Сол у-шудың арасынан 7-8 жастағы баланы байқадым.

Кәдімгі ойын баласы. Үстіндегі киімі бұл жерге қонақ болып емес, тек кіріп-шығуға келген адам екенін аңғартатындай. Алдында шырын құйылған стакан. Айналасындағы адамдардың бәріне қарап-қарап қояды. «Қасында ата-анасы жоқ, өзінің үстінде «үйге киетін киімдер», мына бала неғып жүр екен?» деген ой болғанымен, қасымдағылардың қызу әңгімесінен ұмытып та кетіппін.

Сыртқа шықсам, әлгі бала алдымнан атып шықты. «Сәлем бердік, апа!». Кәдуілгі танитын адамдай, жылы амандасып тұр. «Жаңа іште жалғыз өзі отырды. Сыртқа шыққандағы қылығы мынау. Телефонымды ұрламақшы ма? Әлде ақша сұрайын деп тұр ма?». Ой жүйрік деген осы-ау. Тіпті, сәлемін де алмаппын. Сатыдан менімен бірге, қатарласып түсе бастады.

«Бірдеңе сұрайын ба?».

«Бітті, ақша сұрайды. Әмиянымды ашқанда қолына ұстата қояр ақшам бар ма еді?». Тағы да ішкі ойым. Есеп-қисап жүргізудемін.

akciya_s_prizami_coca_cola

«Апа, қолыңыздағы соктың қақпағын бересіз бе?»

Аңтарылып тұрып қалдым. «Оны не істейсің?

«Сіз қарамай, тек ашып бере салыңызшы».

Аштым. Қарадым. Тағы бір тегін сусын ала аласыз деген жазба бар екен.

«Бар болғыр. Бағанадан осыны қарап отырсың ба сонда?»

«Иә. Сізден кейін тағы бір аға алды, енді соны күтемін, ол әлі шықпай жатыр».

«Мен тіпті білмеппін. Тегін сокты енді қайдан алады?»

«Жо, жоқ апа, ол қашықта. Сіз таба алмайсыз». Шамасы, мен бермей қалады деп қорықса керек. Қолын созды.

«Ала ғой. Бірақ, екеуін қалай ішесің, күн де салқын».

«Жо, біреуін ішемін. Біреуін сатамын».

«???» Баланың пысықтығына таңданып тұрсам да, мұндай жауап тіпті ойыма кірмепті.

«Кейде 2, кейде 3-4үш-төртеуін аламын. Сосын айырбастаймын да, қасымдағы балаларға сатамын. Өзіме ақша болады, әрі клиент іздеу үшін асханаға кіргенде стакандағы сок сатып алатын тиын да болады. Мынау жақсы әдіс болды. Әйтпесе, қоқыстарға лақтырып тастаған бутылкалар ішінен іздейтінбіз».

Әп-сәтте-ақ артынан аңдыған клиент болып шыға келгенімді қарашы!

«Жақсы, сау бол!»

«Рахмет! Апа… келесіде тағы да осындай алсаңыз, қақпағын маған беріңізші иә…»

«Атың кім, айтпақшы?»

«Райымбек».

Міне – маркетингтік жүйені өмірдің өзінен-ақ үйренген бүгінгінің баласы. Ал, біз… «Қолданбалы экономика» деген арнайы пән оқығанымыз да есіме түсе кетті.

Қолымдағы бөтелкені айналдырып қарап отырмын. Есіме сақтап алайын деген түрім. Әй, бірақ, қайдам. Ұмытып кетіп, лақтыра салатыным анық. Райымбек сияқты баланың тауып алуы да мүмкін екен ғой, ә!    

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button