Турнир Айсанаға арналды

Сенбі күні «Балықшы» спорт кешенінде ауыр науқасқа шалдыққан сәби – Айсана Саясатқа қолдау көрсетуге арналған волейболдан қайырымдылық турнирі өтті. Додада «Қазақстан-Атырау» теле-радио корпорациясы, «Атырау-Ақпарат», «Ақжайық» ЖШС, «Альфа банк» мекемесі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы командалары бақ сынасты.

Бұл шараның өзге жарыстардан ерекшелігі – турнирден түскен ақша балалардың церебральды сал ауруының ауыр түрімен ауыратын үш жасар Айсана Саясаттың емі үшін жұмсалатын болады.

Жарыстың өтуіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Турнирдің ашылу салтанатында басқарма басшысы Азамат Бекет сөз алып, командаларға сәттілік тіледі.

Ал, Айсананың апасы Айгүл Саясатқызы қайырымдылық турнирін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Қазіргі таңда Айсана ата-анасымен бірге Алматыда кезекті емін алып жатыр. Осындай кезде қолұшын беріп   жатқан барлық азаматтарға алғысымыз шексіз, ізгілікке толы ниеттеріңізге басымызды иеміз, – деп көзіне жас алды.

Ең алғашқы болып «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен облыстық мұражай командалары кездесті. БАҚ қызметкерлері 2:1 есебімен озып, келесі кезеңде «Қазақстан-Атырау» телеарнасы ұжымымен бақ сынасты. Бұл жолы да ойын тағдыры үшінші партияда шешіліп, «ақпараттықтар» финалға жолдама алды. Ал, өз жолында «Альфа банк», «Ақжайық» командаларын жеңген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы командасы финалдық кездесуде де басымдық танытты. Ойын 2:0 есебімен аяқталып, «атамекендіктер» турнир жеңімпазы атанды. Қола жүлде жарысты ұйымдастырушы «Қазақстан-Атырау» телеарнасы ұжымына бұйырды.

Жарыс соңында әртүрлі аталымдар бойынша үздік ойыншылар марапатталды. Атап айтсақ,  «Атырау-Ақпарат» ЖШС командасының ойыншысы, әріптесіміз Нұрислам Ғұмар «Үздік ойыншы» атанса, «Үздік байланыстырушы» аталымын Нұрлыбек Бисенов жеңіп алды. Жанар Балғабекова  «Үздік шабуылшы», Гүлшара Зайденова «Үздік қорғаушы», Ерлан Тілекқабылов «Үздік қабылдаушы» ретінде танылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз