ҚҰРЫШТАН ҚҰЙҒАН ҚҰДІРЕТ…

Эссе

Ару ақ Жайықты бойлай қоныстанған алтын бесік ауылым – Сарайшыққа барған сайын өткен күндерге деген сағынышқа толы аңсаулы сезімге берілемін. Көз алдымда алыс қалған жылдардың ізі сайрап жатады. Торқалы туған жердің әр сайы мен қыраты, сыңсыған сұлу тоғайлары көзге де, көңілге де ыстық тартып, өткеннің аяулы да, қимас естеліктеріне жетелеп әкетеді.

 

Иә, ауылды алтын бесікке жайдан-жай теңемейсің. Өйткені, ол – қазақы тәрбиенің қайнар көзі, мөлдір бұлағы. Қай уақытта да солай болды. Кеңес заманында өсіп-өнген ұрпақтың көбі ауылдың арқасында ұлттық болмысын сақтап қалған еді.

Әрине, тәрбие мен өнеге аспаннан жаңбыр болып жаумайды. Оны беретін және кешегі күнде де бойымызға дарытқан – аға ұрпақ. Солардың адамгершілік болмысы, ізгі істері, еңбекқорлық, отансүйгіштік қасиеттері кейінгі буын үшін ғажап үлгі болды. Сондықтан, олардың өнегеге толы өмір және еңбек жолын ұмытпай, керісінше өскелең ұрпақ үшін ғибрат етіп, естелік жазу біздің қаламгер ретіндегі парызымыз деп ойлаймын.

Ақ Жайықтай топырағы торқалы туған жерінің болашағы үшін сонау кеңес өкіметі алғаш орнаған кезеңнен бастап ащы тері мен қызыл қанын төккен аға ұрпақ өкілінің бірі – Жексембай Ешекенов еді. Біздің бұл эссеміз осы бір ғажап адам туралы болмақ…

* * *

Жайықтың Бұқар бетінде, бүгінгі Махамбет ауданының аумағында 16-ауыл деген елді мекеннің орны жатыр. Негізгі атауы – «Балықшы». Кеңес өкіметі орнап, ұжымдық шаруашылықтар алғаш құрылған кезде қазіргі Индер және Махамбет аудандарының осы беттегі жиырмаға тарта ауылы осылай нөмірленген болатын. Солардың бірқатары елуінші жылдардың аяғында ұжымшарлар кеңшарларға біріктірілген кезде қаңырап, бос қалды. «Балықшы» да соның кебін құшты. Біздің кейіпкеріміз Жексембай Ешекенұлы осы ауылда, 1904 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келген еді. Бір ата-анадан Нұрбиға есімді апасы ғана болды. Әкесі Ешекен жарлылық кешкен, кедей шаруа екен. Жайық бойына өктемдігін жүргізген Ресей империясының озбыр саясатынан жапа шеккен, қара шекпенділерден қағу көрген жандардың бірі-тін.

Жалпы, «Балықшыны» мекендеген ел негізінен Адай, Келімбердіден тарайтын Құнан орыс ұрпақтары еді. Жексембай әулеті осы атадан тарайды. Бұл ауыл Жайықтан балық аулап, су шыққан жерге егін салып, күнкөріс жасаған. Асып-тасыған байлық, дәулет бұларда болмаған.

1928 жылы «Қосшы» ұйымы құрыла бастағанда тұрғындардың көбі артельге мүшелікке кірді. Жас жігіт Жексембай осы артельде балықшы болып жасады. Кейін артель «Жаңа шаруа» ұжымшары болып құрылғанда Жексембай да ұжымшарға мүше болды. Ұжымшар, негізінен, балық аулаумен айналысып, қосымша егін, мал шаруашылығын жүргізген еді. Жексембай шаруашылықтың сан салалы жұмысына араласа жүріп, оқуды да қатар алып жүрді. Нәтижесінде сауатты оқу, жазу дәрежесіне жетті. 1936 жылы партия қатарына мүшелікке қабылданып, басқару ісіне де араласа бастады. 1937-1938 жылдары ұжымшардың басқарма мүшелігіне сайланды. Сол кездері ұжымшарда балық шаруашылығы мамандарының тапшылығы ескеріліп, Жекең 1938-1939 жылдары Гурьев қаласындағы арнайы курста оқып, білім алды. Оқудан оралған соң ұжымшардың балық шаруашылығы саласында әртүрлі лауазымдық қызметтер атқарып, басқарма мүшелігіне де сайланды.

Сөйтіп жүргенде, Ұлы Отан соғысының отты күндері басталып, ел басына күн туды. Жексембай да өз тұстарымен бірге әскерге шақырылды. Оның да жас кеудесінде жауға деген өшпенділік оты лаулады. Бірақ,  ол кезде балықшыларға бронь берілетін. Өйткені, майданды балықпен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің қатарына жатты. Осы себепті, Жекең тылдағы жауапты жұмысқа қалдырылды. Жайықтан, ашық теңізден, мұз үстінен балық аулау жұмыстары жыл бойына жалғасып жатты. Елден жырақта, теңіз үстінде бірнеше айлап балық аулау оңай болмағаны анық. Осы жұмыста Жекең көпті ортақ шаруаға жұмылдыра білді. Тұтас бір ұжымның табысты еңбек етіп, майданға мігірсіз азық-түлік жіберуін қамтамасыз етті.

Көп ұзамай Жексембай Ешекенұлы аудандық партия комитетінің жұмсауымен 1944-1948 жылдары ауданның «Қарашығанақ», «Жаңа тұрмыс» ұжымдық шаруашылықтарында басқарма орынбасары, бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. Мұнда да жұмысы абыройсыз болған жоқ.

Сол кездегі партиялық қағида бойынша үкімет кадрларды бір жерге байлап қоймай, әр қилы шаруашылық пен еңбекшілер ортасына жаңа қызметке жіберіп отыратын. Жекең де бұл дәстүрден айналып өте алмады. 1949-1952 жылдары Сарайшықтағы ІІІ интернационал ұжымшарына басқарма орынбасары болып тағайындалды. Осы тұста қанша тәжірибелі, іскер маман болса да, білімнің қажеттілігі сезілді. Сөйтіп, 1952 жылдың күзінде Орал қаласындағы басшы кадрлар дайындайтын екі жылдық мектепке жолдамамен оқуға жіберілді. Оқудан келген соң 1953-1956 жылдары ІІІ интернационал ұжымшары бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметіне бекітілді. Ол шаруашылық жұмыс, партиялық міндет, лауазымдық қызметтерді үлкен-кіші деп бөлмеді. Барлығына бірдей қарап, оның орындалуын өзінің парызы ретінде түсініп, соған бар жігер-қайратын сарп етті.

Ал, 1956 жылы үкімет қаулысымен шағын ұжымшарлар ірілендірілген тұста Сарайшықтағы ІІІ интернационал ұжымшары Сорочинкодағы «Путь к коммунизму» ұжымшарына біріктірілді. Ол жерде бұрынғы атқарып келген қызметі ұсынылды. Бірақ, Жекең отбасы жағдайы, балалары оқитын мектептің жайын ойластыра келе көшуден бас тартты. Содан соң бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметінен босап, Сарайшықтағы ІІІ интернационал ұжымшарының орнына ашылған Гурьев ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына қарапайым жұмысшы болып орналасты.

Жексембай Ешекенұлына тәжірибе станциясындағы жаңа жұмысы қатты ұнады. Себебі, ол қазіргі Ескі Сарайшық ауылының іргесінде сол кезде жұмысы жаңа-жаңа басталып жатқан алма бағына бригадир болып бекіген еді. Бұл Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы ғылыми жұмыс жүргізетін бірден-бір тәжірибе алқабы болатын. Сол себепті де мамандардың кеңесін тыңдай жүріп, оның талап-тілектерін орындау, баптап-күту шараларын ғылыми негізде іске асыру оңай шаруа емес-тін. Жекең қарауындағы жұмысшы, бағбандармен бірге осы талаптарды мүлтіксіз орындай білді.

Осы тұста Жексембай атамен алма бағында бірге жұмыс жасаған, жоғары біліміне қарамай өзін ол кісінің шәкірті санайтын агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Сарайшық ауылының тұрғыны Сағидолла Асанов ағамыздың мына бір әңгімесіне назар қойған дұрыс деп ойлаймын:

– Мен 1965 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтының жеміс, жидек, жүзім және көкөніс факультетін бітіріп, Гурьев мемлекеттік ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясына жолдамамен келгенде Жексембай ақсақал ескі Сарайшықтағы №2 алма бағында бригадир екен. Сол сәттен бастап мінезі жайлы, байсалды ағамызбен жұмыстас болып, тез тіл табысып кеттім. Ол өзі бір бекзат пішінді, мейірбан, мөлдіреп, төгіліп тұратын жан еді. Қарауында небәрі тоғыз бағбан әйел бар болатын. Осы адамдармен ұлан-ғайыр алқапты – 30 гектар (екі шақырым, 800 метр) алма бағын қоршап жатты. Қоршау үшін бір жарым шақырым жердегі Қазынаталдан қазықтар дайындап, Жекең соны өзі жаяу тасыды. Ол кезде шаруашылықта техника жетіспейтін және алма бағына басшылар тарапынан мүлдем көңіл бөлінген де жоқ еді. Осыған қарамастан, баққа жаны ашыған қария оны түгел қоршап, мал мен ұры-қарыдан аман сақтап қалды. Жылма-жыл жақсы күтіп-баптаудың арқасында алма бағынан 200-250 тона сапалы өнім алынып, мемлекетке өткізіліп тұрды. Алма піскен кезде оны жинауға Сарайшық орта мектебінің оқушыларынан бастап бүкіл облыстағы мекемелер ұжымдары көмекке келетін…

Жексембай Ешекенұлы ақырғы демі таусылғанша жұмыстан қол үзген жоқ. Еткен еңбегі, төккен тері елеусіз қалмады. «Ерен еңбегі үшін», «Лениннің туғанына – 100 жыл!» медальдары, облыстық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің екі дүркін Құрмет грамотасы, ауыл шаруашылығы басқармасының Алғыс хаты – соның айғағы.

Жекеңнің ауылдастары, ағайын-туыстары, көзін көргендер бұл кісінің мәдениеті сол кездің біраз адамдарынан жоғары болғандығын айтады. Елді мәдениетке, тазалыққа, ұйымшылдыққа шақырып, өзі соған үлгі бола білді. Білетіндер оның өте жай кісі болғанын, қарапайымдылығын, еш уақытта кісіге дауыс көтеріп сөйлемейтінін, шыдамдылығы мен сабырлылығын ілтипатпен еске алып отырады.

Жексембай ақсақал бәйбішесі Қалима екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Олар Аманғали, Шабаш, Қуан, Тойған, Айман, Мусағали, Бақтығали және Тілепқали есімді ұрпақтар еді. Өкініштісі, бүгінде олардың біразы бұл өмірде жоқ. Бірақ, «орнында бар оңалар» демекші, олардан тараған ұрпақтар еліміздің түкпір-түкпірінде жапырақ жайып, өсіп-өнуде.

Сөз соңында Сағидолла ағамыз айтқан Жексембай Ешекенұлының еңбекке соншалықты берілгендігін айғақтай түсетін мына бір эпизодты келтіре кеткім келеді:

– Ол кезде екі бригада бір су жүйесінен су алатын. Осыны ескерген Жекең таңсәріден суды алма бағына қарай бағыттап, алқаптарды бірінші болып суарып алатын. Ауыл жұрты жұмысқа енді бара жатқанда ол бақты суарып болатын.

Мұны біз бүгінгі қара жұмыстан қашатын көп жастарға үлгі болсын деп те айтып отырмыз. Міне, биыл туғанына 110 жыл толып отырған Жексембай Ешекенұлы осындай азамат болып еді…

1971 жылдың жайсаң жазында, алма бағындағы жұмыс сәтінде қадірлі қария о дүниелік болды. Қазақ әдебиетінің классигі Сағи ақынның өлеңіне жазылған белгілі әнде айтылғандай, құрыштан құйған құдірет іспетті қарияның еңбек өнегесін бүгінде шәкірттері мен ұрпақтары алға қарай жалғастырып келеді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз