Алыптың ашылу тарихы

7 Шаһар шырайы

Конкурсқа

Мұнай қоры мен өнім көлемі жөнінен ең ірі, әлемдік маңызы бар кеніш – Теңіз кеніші. Теңіз кеніші (Теңіз, Королевск, Огайск кен орындары – Л.Б.) Атырау облысы Жылой ауданы аумағында, дәлірек айтсақ, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, облыс орталығынан 230 шақырым қашықтықта орналасқан.

?????????????????????????????????????????????????????????

Мұнай алыбы тарихына көз жіберсек, геологиялық барлау жұмысынан бастап, әлемдік стандарттағы ірі біріккен кәсіпорынның құрылуына дейінгі орасан зор жұмысты, мұнайшы мамандардың ерен еңбектерінің үлгісін көреміз.

Каспий маңы ойпатын зерттеумен «Ембімұнайгаз» бірлестігі, «Саратовмұнайгеофизика», «Ембімұнайгеофизика», «Нижневолжскмұнай» тресттері және ғылыми-зерттеу институттары сынды бірнеше еңбек ұжымы айналысты.

Қазақстандық белгілі ғалым геологтар Жолдасқали Досмұқанбетов, Сәкен Шақабаев, Таумыш Жұмағалиев, т.б. еңбек ұжымдарының барлау қорытыңдыларын талдап, Қаратон – Прорва аумағының (оның ішінде Теңіз аумағы – Л.Б.) мұнай қорына бай екенін дәлелдеді.

«Саратовмұнайгеофизика» тресі 1976 жылы Теңіз аумағына сейсмикалық-барлау жүргізіп, алаңды терең бұрғылау жұмысына дайындады. 1979 жылдың 17 қарашасы мен 1980 жылдың 17 қаңтары аралығында № 1 ұңғыда арнайы сынақ байқауы жүргізіліп, нәтижесінде мұнай бұрқағының қосындылары алынды.

Теңіз алаңын терең бұрғылау ісімен «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігі мамандары айналысты (Бас директор Бөлекбай Сағынғалиев, бас инженер Құмар Балжанов, бас геолог Мақаш Балғымбаев, бөлім басшылары Орынғазы Есқазиев, Серго Дүтбаев, Болат Еламанов – Л.Б.). Бұрғылау жұмысына Волгоград бұрғышы-геологтары көп көмек көрсетті. Себебі, бастапқы бұрғылау қорытындысы кезінде-ақ, Теңіз кенішінің игерілу мүмкіндігі өте қиын екені белгілі болды. Кеніш орталықтан алыс, жолсыз, сусыз және ауа-райы өте қолайсыз аймақта орналасты. Табылған мұнай қоры құрамы жағынан улы, күкірт қышқылы мол болды. Мұнайды алған жағдайда күкірт қышқылы тотығына шыдамды құрал-жабдықтар, ұңғы тетіктері елімізде болмады. Коррозияға шыдамды құрал-жабдықтар Жапонияда ғана жасалды.

Бұл іске одақтық lәрежедегі басшылардың араласуын қажет етті. Барлық шешім Мәскеуде, СОКП Орталық Комитетінде қабылданды.

1981-1987 жылдары «Теңіз кенішін игеруді жеделдету шаралары»  атты СОКП қаулысы екі мәрте қабылданды.

«Мұнай алыбын» игеру ісімен Одақ көлемінде СОКП Орталық Комитеті хатшысы В.И. Долгих, КСРО мұнай өнеркәсібі министрі С.А. Мальцев, КСРО мұнай-газ өнеркәсібі құрылысы министрі ВД.Щербина, оның орынбасары Игревский, КСРО жоспарлау комитеті төрағасы Н.К.Байбаков айналысты.

Қазақстанда кенішті игеру мәселесімен Қазақстан КП орталық комитеті өнеркәсіп ісі хатшысы Н.Ә. Назарбаев, Гурьев облысы партия комитеті бірінші хатшысы О.Көшеков, өнеркәсіп ісі хатшысы Ю.Г.Викулов, өнеркәсіп бөлімі меңгерушісі Р.О.Бердіғожин, облыстық атқару комитеті төрағасы Е. Тасқынбаев тікілей айналысты.

1985 жылы шілде айының аяғында Теңіз кен орнының № 37 ұңғымасында 4487 метр тереңдікте бұрғының механикалық, жылдамдығы шұғыл артып, нәтижесінде айдалған су тез арада забойға сіңіп кетті.

Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бас инженері Черкасов құралды көтеруге шешім қабылдады.

Соның салдарынан 1985 жылы 24 шілде күні № 37 ұңғымада мұнай мен газдың күшті бұрқағы атқылап, ол жана бастады. Жанған от 150-200 метр биіктікке жетіп, ұңғымен 100 метр қашықтықта температура 2000 С болды. Одақтан жанған өртті сөндіруге арнайы мамандар шақырылды. Одақ көлемінде бұндай ірі мұнай-газ бұрқағы бұрын-соңды болмағандықтан, оны сөндіру тәжірибесі де, материалдық-техникалық жабдықтары жоқ еді. №37 ұңғымадағы өрт толассыз 14 ай бойы жанып, нәтижесінде американдық мамандар көмегімен ауыздықталды .

1986 жылы күзде Гурьевке жұмыс барысындағы сапармен КСРО Министрлер Кеңесі төрағасы Н.И.Рыжков келіп «Мұнай алыбын» игеру ісімен жақын танысты.

Жаңа кенішті пайдалану ісімен Болат Еламанов басқаратын жаңадан құрылған «Теңізмұнай» басқармасы және Сатыбай Дүзбаев басқаратын «Құлсарымұнай» басқармасы айналысты. Кейін екі басқарма біріктіріліп, тәжірибелі маман Г.Ясавеев басқарған «Теңіз-мұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Теңіз мұнай кеніші одақтық маңызы бар құрылыс болып жарияланып, оған КСРО-дан және Венгр, Чех, т.б. Шығыс Еуропаның елдерінен мамандар көптеп келе бастады. Бұл істе облыстық жастар ұйымы басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің ұйымдастыруымен өткен «Теңіз достарды қарсы алады» атты фестиваль ерекше әсер етті.

Кеніш басында ауысымдық тұрғын жайлар және күкірт қосындысын ілеспе газдан тазалау зауыты құрылысы қарқынды жүргізіле бастады. Бұл үлкен жұмыс күшін, қаржы, техникалық ресурстарды қажет етті. 1990 жылдары еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қомақты ресурстар табу мүмкін болмады. Сондықтан, республика басшылығы 1989 жылдардан бастап, әлемдік тәжірибелерді сындарлы зерделей отырып, американдық «Шеврон Оверсиз»  мұнай компаниясымен байланыс жасай бастады.

Атырау жеріне шетелдіктер арасынан алғашқы болып 1990 жылы «Шевронның» мынадай мамандары келді: Гильберт Акенбауэр – геологиялық барлау ісі менеджері, кейін «Шевронның» Алматы кеңсесі президенті, Рик Каски, Актан-Тунч, Робишоу, Марк Хелдридж, Чак Рубинс, Джей Прайор, Рой Любожаки, Кевин, Алекс Криворучко.

Құлсары қалашығында (қазір қала – Л. Б.) өткен кездесуде, американдық мамандар мен «Құлсарымұнай» басқармасы бастығы Қ.Құдабаев, геология бөлімі басшысы А.Байымбетов, бас инженер В.Михайлов, ЦНИПР басшысы Ж.Оразов әңгімелер өткізіп, жергілікті жермен таныстырды.

1992 жылы қыркүйекте бірлескен кәсіпорын құру жұмыстары жөніндегі жұмыс тобының кездесуі өтті. Оған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы президенті Б.Еламанов және «Шеврон Оверсиз» компаниясы президенті Ричард Мацки қатысты.

1993 жылы «Шеврон» компаниясы шақыруымен бір топ қазақстандық мамандар америкаға барып, жергілікті мұнай кеніштерімен танысты.

Төрт жылға созылған өзара байланыс, тәжірибе алмасу нәтижесінде 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев пен «Шеврон» компаниясы басқармасы төрағасы Кеннет Дерр 40 жыл мерзімге арналған, бірлескен «ТеңізШевройл» кәсіпорнын құру келісіміне қол қойды. Сол күні Елбасы Н.Назарбаев өз жарлығымен Равиль Шырдабаевты бірлескен кәсіпорын директоры етіп тағайындады. Америка жақтан бас директор қызметіне Морли Дюпре тағайындалды.

Біріккен кәсіпорын қызметі осы күннен бастап қалыпты арнаға түсіп, өндіріс қуаты жылма-жыл арттырылды. 1993 жылы – 940 мың тонна, 1994 жылы – 1,8 млн. тонна, 1995 жылы – 2,7 млн. тонна, 1996 жылы – 5,2 млн. тонна, 1999 жылы – 9,6 млн. тонна, 2000 жылы – 10,5 млн. тонна, 2001 жылы – 12,48 млн. тонна, 2002 жылы – 13,0 млн. тонна мұнай өндіріліп, ал 2006 жылы – 23 млн. тонна мұнай өндірілді.

Кәсіпорын ұжымының осындай қомақты жұмысында Қазақстандық директорлар Р.Шырдабаев, Б.Саппаев, Б.Шырдабаев, А.Байымбетовтің еңбектері ерекше.

Сондай-ақ, біріккен кәсіпорында 3 400 қазақстандық мамандар жұмыс жасайды. Бұл барлық қызметшілердің 78 пайызы. Ал, 1993 жылы бұл көрсеткіш 50 пайыз еді.

Теңіз мұнай-газ кенішін ашудағы Қазақстан мұнайшы маман кадрларының еңбегін марапаттау бағытында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1995 жылғы 4 сәуірдегі № 403 шешімімен Ж.Досмұхамбетов, Б.Сағынғалиев, Б.Еламанов, А.Хисметов, Қ.Балжанов, О.Есқазиев, В.Авров, М.Балғымбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алды.

Лесқали Бердіғожин

тарих ғылымдарының докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз