Жарнама
Қоғам

Іскерлік пен ізденіс іздері

1962 жылы 26 наурызда Гурьев обкомының ІІІ пленумы КОКП Орталық комитетінің 1962 жылғы наурыз айындағы ауыл шаруашылығы жайы бойынша шешімдерін талқылай келе, Нұртас Оңдасыновты зейнеткерлікке шығуына байланысты І хатшы қызметінен босатып, орнына Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы болған Қосай Егізбаевты сайлады.

537059b13fd01e324

Меже – мұнайлы мекенді дамыту

Қосай Әліқұлұлы облыс үшін жаңа адам болатын. Өз өмірбаянында ол: «1928 жылы Жамбыл облысы, Гродеково селосында тудым. 1944 жылы Ташкент теміржол транспорты инженерлері институтын 1949 жылы бітіріп, 1953 жылға дейін Түркістан-Сібір теміржол басқармасында жол мастері, аға инженер болып қызмет еттім. 1953-1955 жылдары КСРО Мемлекеттік бақылау министрлігінің Түркістан-Сібір темір жолы жөніндегі бақылаушысы, саяси бөлім нұсқаушысы, бөлім бастығының комсомол жұмысы жөніндегі көмекшісі, 1955-1962 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Алматы облысы партия комитеті хатшысы қызметтерін атқардым» деп жазады. Мұның өзі жаңа басшының ел басқарудағы өмірлік тәжірибесі болғанымен, Гурьев облысындағы мұнай өндірісі мен ауыл шаруашылығы мәселелерімен таныс еместігін көрсетті.

Бұл кезеңде облыстағы экономикалық көрсеткіштер де, ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері де өсу үстінде болатын. Сонымен қатар, «Прорва», Жетібай, Өзен жаңа мұнай кен орындары ашылып, нәтижесінде мұнай өңдеу көлемі де арта бастады. 1961 жылы Гурьев балық консерві комбинатында бір мезгілде 1000 тонна өнім сақтайтын мұздатқыш іске қосылды. Ел экономикасындағы осындай өзгерістер облыстың дамуына жаңа қарқын берді.

Ендігі меже – бекіре зауытын салу, Аралтөбе су қоймасы құрылысын бастау, Форт-Шевченко халқын ауыз сумен қамтамасыз ету, Бағырлысай, Құрайлысай каналдарының іске қосылуын тездету, 1962 жылы Гурьев қаласында басталған 1560 орындық үш мектепті аяқтау және өзге де маңызды мәселелерді шешу. Обкомның алғашқы бюроларында-ақ облыс басшысы Қ.Егізбаев мұнай өндірісіне айрықша мән беріп, Құлсары, Жылқоса ауданына, балық шаруашылығына, облыстағы күрделі құрылыстарға назар аударады.

Облыс басшысының назарынан аймақтың әлеуметтік ахуалы да тыс қалмады. 1962 жылы 29 маусымда «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан қашан мектеп құрылысына кіріседі?» тақырыбындағы сын мақаланы талқылауды ұйымдастырады. Алдымен, облыста көтерілген мәселе бойынша соңғы бес айда жоспардың 28,9%-ға, ал, денсаулық саласы 19,8%-ға орындалғаны анықталады. Сондықтан, мәселені 16 шілдеде ел азаматтарын жинап қайта көтереді. Бұл кезеңде Гурьевте 520 орындық мектеп, 125 орындық балабақша, облыстық өкпе аурулары ауруханасы, Доссорда 300 орындық мектеп-интернат жатақханасы, Құлсарыда 100 орындық балабақша, 40 орындық бөбекжай іске қосылады. Дегенмен, жаңа басшы: «Гурьевмұнайхимияқұрылыс», №2, 6, 7 «Құрылыс монтаждау басқармалары» мектеп, балалар мен денсаулық сақтау мекемелеріне назар аударуын төмендетті», «Құлсарыда балабақша екі жыл салынды, Балықшы поселкесіндегі 50 орындық аудандық аурухана 1959 жылы басталғанымен, бүгінде берілген қаржының үштен бірі ғана игерілді, Байшонастағы мектеп құрылысы, Құлсары мен Доссордағы мектеп-интернат жатақханасының құрылысы созылып кетті» деп орынды сынға алады.

Осы аралықта облыстық партия комитеті, облыстық кеңес депутаттары атқару комитеті өзара келісе отырып Шевченко ауданындағы Форт-Шевченко қаласын тікелей облысқа бағындыру үшін республика басшылығына ұсыныспен шығады.

Screenshot_5

Әлеуметтің әлеуеті үшін!

Егізбаев ұйымдастырған алғашқы ІV пленум 1962 жылы 9-10 тамызда өтеді. Басты мәселе облыстағы күрделі құрылыс жайы болатын. І хатшы соңғы үш жылда күрделі құрылыс бойынша бірде-бір жоспардың орындалмағанын, 15 млн. сомның игерілмегенін жария етіп, нәтижесінде облыс тұрғындарына 20 мың шаршы. метр тұрғын үй, 5100 оқушы, 783 балабақша, 145 аурухана орны берілмегенін хабарлады.

Пленум материалдарынан 1950 жылы басталған Гурьев полиэтилен құрылысының 12 жылда бітпей, ақыры 1962 жылы үкімет бақылауына алынып, 1963 жылы іске қосу талап етілгенін байқаймыз. Ауылдық жерлерде, тіпті мұнайлы аудандардағы да жағдай мәз емес еді. Мақат ауданы хатшысы С.Нұржанов: «Аудан мұнайшылары тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген. Мұнай кәсіпшілігіндегі мұнайшылар ауылдарында, қолайсыз үйлерде тұрады. Доссордағы 500 адамның 100-і ғана арнайы корпустарда тұрады. Ал, аудандық мұнайдың 50% беретін Қарсақ кәсіпшілігіндегі 102 адам қолайсыз үйлерде тұрақтауда. Байшонас құрылысшылары Қарсақ жұмысшыларына үш жылда небәрі 26 тұрғын үй берді. «Қазмехмонтаж Доссорда трактор цехында, су құбырында, наубайханада маусым айында монтажды жұмыстарын бастап, ешқайсысын бітірместен тастап кетіп қалды. Олар былтырдан Байшонаста жүргенімен ештеңе бітірмеді» деп баяндайды.

Құрылыс саласында қордаланған осындай мәселелер облыс басшысына жаңа міндеттер жүктеді. Оларды шешуде Қ.Егізбаев облыстық атқару комитеті төрағасы С.Құбашев, Бақсай ауданы хатшысы Ө.Есмағамбетов, Жылқоса ауданы хатшысы С.Мұқашев, Маңғыстау ауданы хатшысы Т.Қағазов, Қызылқоға ауданы хатшысы У.Жайықов, Теңіз ауданы хатшысы Б.Ахметқалиев, Есбол ауданы хатшысы Қ.Қуанышбаев, Балықшы ауданы хатшысы Ө.Аленова, Мақат ауданы хатшысы С.Нұржанов және өзге де азаматтармен қоян-қолтық жұмыс жасады. Бұл жылдары облыстағы мал шаруашылығы жаңа жетістіктерге жетті. Соның ішінде Есбол және Бақсай аудандары алда еді.

Есепті құжаттарға назар аударсақ, 1962 жылғы тамыздағы көрсеткіште жоғарыдағы екі аудан 100 қойдан 123, 117 қозыдан алған. Еңбек озаттары ретінде «Передовик» колхозының малшылары Е.Бисенов, Б.Молдашев, Ә.Қажыкенов, И.Сүндетов, Қ.Сүндетов, А.Қабдолов, С.Дәулетқалиев, Бақсай ауданынан Қ.Төлешов, Д.Жаралиндердің атағы елге жайылады. Облыста осы мезгілде жоғары білімді 25 агроном, 56 зоотехник, 68 мал дәрігері, 19 инженер механик, орта білімді 68 агроном, 158 зоотехник, 297 мал фельдшері, 67 инженер механик жұмыс жасаған.

Олқы тұсқа – баса назар

Қ.Егізбаев облыстағы 156-шы авиабөліміне назар аударады. Өйткені, облыста ұшақтың уақытында ұшпайтыны, оған қоса жеті рет ұшқан самолет кері қонуға мәжбүр болып, бір рет аварияға ұшырағаны анықталады. Авиабөлімнің кадр мамандары да, инженер-техниктері де жеткіліксіз еді. Облыста бұл кезеңде шеткері аймақтағы 18 аэродромның 13-інде қызметкерлер мен жолаушылар үшін арнайы үй-жай, байланыс телефондары, қатынас жасайтын автобустар болмаған. Тіпті Гурьев аэропортының өзінде ұшу-қону аймағы талапқа сай емес еді.

Ашық талқылау нәтижесінде кадрды күшейту мақсатында «Гурьевмұнайхимияқұрылыс» тресіне 80 пәтерлі үй салу жүктеліп, арнайы автобус шығару реттеледі. Аудандарға ұшақ алаңын талапқа сай келтіру, соның ішінде Теңіз ауданына ЛИ-2 самолетін қабылдау мәселелері шешіледі. Ең бастысы, алғаш рет 1963 жылы орта мектепті бітірген облыс жастарынан 50 адамды авиаучилищеге жіберу мәселесі көтеріледі.

Облыс басшылығы баспасөзде жарияланған сын мақалалармен жұмыс жасауды жалғастырады. Мәселен, «Правда» газетіндегі Гурьев облысындағы балық өнеркәсібінің жағдайы туралы авторы көрсетілмеген хат бойынша балық қоймаларындағы талан-тараж, «Социалистік құрылыс» газетіндегі «Болған істің қулары» мақаласы арқылы мектеп жасындағы қыздардың ерте тұрмысқа шығуы, ол арқылы тәлім-тәрбие берудегі кемшіліктер, «Труд» газетіндегі тұрғын үй бөлудегі қателіктер, «Казахстанская правда» газетіндегі Аралтөбе суармалы жүйесіндегі орындалмаған жұмыстар, Гурьев полиэтилен зауыты құрылысындағы кемшіліктер облыстағы ауыз су, емдік сулар туралы ұсыныстар  сараланып, нақты шешімдер алынды.

Бірлескен іс – берекелі

Қ.Егізбаев 1963 жылы 23-25 маусым аралығында нөсерлі жаңбырдан Махамбет, Қызылқоға аудандарында орын алған үлкен зардаптарды жоюға бар күшті жұмылдыра білді. Нөсерлі жаңбыр әсерінен үлкен мал шығыны орын алып, тұрғын үйлер, мал тұрақтары бұзылады. Жайықтың азиялық бетіндегі Қарой, Жем өзендері маңында 40-82 мм жауын түсіп, Махамбет өндірістік басқармасындағы Жамбыл, Бақсай, Зауральный совхоздарында 18 мың, Қызылқоға өндірістік басқармасындағы «Коммунизм таңы», «Эмба», «Қазақстан» совхоздарында 24 мың қой шығын болады. «Коммунизм таңы» совхозындағы Жыңғыл тоғай поселкесі толық қирайды.

Облыс басшысы осы мәселеге орай арнайы жиын өткізеді. Басқосуда жергілікті малшылар, Жамбыл совхозының аға шопаны Қ.Айжарықовтың, Аманкелді совхозының шопаны С.Саптыаяқов пен М.Сыдықованың, Зауральный совхозының аға шопаны Т.Жамановтың стихия кезінде жауапкершілігіндегі малды аман сақтағаны мақтан етіледі. Облыс малды қайта жинақтау мақсатында аудандық атқару комитеттеріне халықтан мал сатып алуға рұқсат етеді. Әйтпесе совхоздың мал шаруашылығын қалпына келтіру мүмкін емес-ті.

1963 жылы 27 қыркүйекте өткен Гурьев облыстық партия комитетінің ІХ пленумы Қ.Егізбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатады. Көп ұзамай Қосай Әліқұлұлы Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Кейінгі жылдары Кәсіподақтардың Қазақстан Республикалық Кеңесінің төрағасы (1968 ж.) қызметінде болады.

Ел алдында атқарған қызметтері үшін КСРО үкіметінің «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталады.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Райхан Нұржанова,

Атырау облысы мемлекеттік мұрағаты маманы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button