Жарнама
Қоғам

ІСКЕРЛІГІ ІСТЕ ТАНЫЛҒАН

Қазақша да, орысша да саңқылдап тұрған тілі өткір, ойы ұшқыр, көпшіліктің көкейіндегі ойды батып айта алатын жас жігітке жиналғандар риза болды. Аудандық «Каспий таңы» газеті редакторының орынбасары қызметіне жаңа келген кезім болғандықтан, жанымдағы адамнан баяндамашының аты-жөнін сұрадым. Осы комбинаттың кәсіподақ комитетінің төрағасы Батырбек Юсупов жанып тұрған жігіт деп таныстырды.

 Кейін газет бетінде Батырбекпен арнайы сұхбат ұйымдастырып, сол кездің өзінде оның іскерлік қасиетімен қатар, қазақтың салт-дәстүрі, тіліне, дініне деген көзқарасын біліп, нағыз ұлтжанды азаматтығына тәнті болдым. 1990 жылы Балықшы ауданы қайтадан құрылғанда біріміз партия, біріміз кеңес органдарында үзеңгілес жұмыс жасадық. Сол бір таныстығымыз, сырластығымыз ағалы-інілі жолдастыққа ұласты.

Батырбек 1955 жылдың 4-ші қаңтарында Ресейдің көршілес Астрахан облысының Қызылжар ауданында дүниеге келген.

Өзінің айтуынша, ата-тегі Исатай ауданының Нарын құмын мекендеген. Әкесі Данбас 1928 жылғы «кәмпескелеу» науқанында Жоныс байдың баласы болғандықтан, Ресейге жер аударылған. Содан, 1967 жылы туған жері Гурьев облысының Балықшы ауданына көшіп келіп, сол жылы дүние салған.

Әкеден ерте айырылған Батырбек он алты жасында Гурьев қаласындағы Н.Крупская атындағы орта мектепті аяқтап, балық консерві комбинатында қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастап кетеді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң балық консерві комбинатына электрик болып жұмысқа орналасады және Гурьев политехникалық техникумына сырттай оқуға түседі.

Сол мезгілдерде Бәкеңнің алғырлығы, жауапкершіліктігі комбинаттың партия комитетінің хатшысы Нариман Кенжеевтің көзіне ілінеді. Себебі, Батырбек әскер  қатарында жүргенде КПСС мүшелігіне кандидат болып өткен және әскер қатарындағы белсенділігі үшін әскери бөлімнің «Құрмет кітабына» аты енген еді. Партком хатшысының ұсынысымен 1976 жылы Бәкеңді инженерлік жұмысқа ауыстырады және партком хатшысының көмекшісі етіп тағайындайды.

Білімге құштар, әрдайым ізденісте жүретін Батырбек өндірістен қол үзбей жүріп, Астрахан қаласындағы балық өнеркәсібі институтын инженер-экономист мамандығы бойынша, кешкі марксизм-ленинизм университетін саяси ұйымдастырушы және қазіргі заманның гуманитарлық институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды.

Балық өнеркәсібінің әр саласының орта буынында басшылық қызметтерде болған, отыздан жаңа асқан Батырбекті 1986 жылы құрамында бес мыңнан астам мүшеcі бар өндірістің кәсіподақ ұйымы өздеріне басшы – бірлескен кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Бұл Батырбекке көрсетілген үлкен сенім және үлкен жауапкершілікті талап ететін лауазым еді.

Сол бір қиын кезеңдерде бірлестіктің бас директоры Сүлейменов Бостан Шәмшіұлының қолдауының арқасында, кәсіподақ комитеті өз міндетін абыроймен атқарғанын Батырбек ізгі ілтипатпен еске алады.

Осы кезде Батырбектің іскерлігі, әділдігі, қоғамдық мақсатты өз жеке басының мүддесінен артық санайтыны айқындалды. Дегенмен, оның принципшілдігін, әділдігін жақтырмаған адамдар да табылды. Жоғарғы органдарға Батырбектің үстінен домалақ арыздар қарша борады. Бұл туралы кезінде аудандық «Каспий таңы» газетіне мақала да жарияланған болатын.

Дегенмен, «аққа құдай жақ» дегендей, Бәкең бұл сындардан да абыроймен өтіп, 1989 жылы Гурьев қалалық партия комитетіне нұсқаушы болып жоғарылатылды.

Ал, Балықшы ауданы қайта құрылғанда аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және бюро мүшесі болып тағайындалды.

Батырбек – аудан халқының алғысына бөленген азамат. «Тұрғын үй–91» бағдарламасы бойынша 400-ден астам адамның жаңа қонысқа көшуіне, балаларын балабақшаға, өздерін жұмысқа орналасуына қол ұшын берді.

Үлкен сенімге ие болған Батырбекті Балықшы ауданының тұрғындары 1989-1994 жылдары аудандық халық кеңесіне депутаттыққа сайлады.

1992 жылы Батырбек салық қызметіне жұмысқа орналасады. Қатардағы салық инспекторынан бастаған ол бір жылдан кейін бөлім басшысы, аудандық салық басқармасының орынбасары, Атырау қаласы бойынша салық комитетінің орынбасары, ал 1999-2008 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық салық Департаментінде басқарма басшысы, ал үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап жаңа мемлекеттік орган – Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің салық және кеден заңнамаларын Түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы лауазымын үлкен абыроймен атқарып жүр.

Батырбектің еңбексүйгіштігі, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын абырой-беделмен атқарып жүргені жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасы Салық қызметінің үздігі» атағы беріледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің екі мәрте Алғыс хаттарының иегері.

Ал, мерекелік медальдар, Құрмет грамоталары мен мақтаулардың орны бір төбе.

Бүгінгі күнде 60 жылдық мерейтойын атағалы отырған Батырбек Данбасұлы – өнегелі шаңырақтың бәйтерегі. Жолдасы Галина Өтегенқызы (ол кісі де салық қызметінің ардагері) екеуі – үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендерінің қызықтарын көріп отырған үлгілі отбасы. Балаларының бәрінің де жоғары білімдері бар, замандарына сай еңбектеніп жүр.

Қыз-күйеу балалары Бибігүл мен Бауыржан, Бибінұр мен Асылхан кәсіпкерлер. Ұлы Ерген – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері, келіні Анара – шетелдік компанияда, қызы Ұлболсын Біріккен Араб Әмірліктерінде қызметте. Кенжелері Ермұрат пен келіндері Гюзель – кәсіпкерлер.

Менің отыз жылдан астам уақыттан бергі досым, азамат Батырбек Данбасұлының  келбеті осындай.

Өтеген НӘУКИЕВ,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button