ІСІНЕ АДАЛ ЖАНДАР

Адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын жандар – дәрігерлер. Кез келген науқастың көңіл-күйіне, ем алуына аса ұқыптылықпен қарау да – ақ халатты абзал жандарға тән қасиет. 

Мен Махамбет ауданының денсаулық сақтау саласында 45 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Қазіргі таңда біздің орнымызды басқан кәсіби білікті мамандар көп екендігі қуантады.

Осыдан үш жылдай уақыт бұрын қатты науқастанып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түстім. Ең алдымен, дәрігерлік көмек көрсеткен   Нұрсәуле Қанафина, Ерсайын Маев, Ермек Сабыров, Үміт Күшенбаева, Ержан Лақпаевтың кәсіби біліктіліктерінің арқасында өмірге қайта келгендей болдым.           

Кейін аурухананың неврология бөлімшесіне ауысып, бөлімше меңгерушісі-невропатолог Айман Телеуішеваның өз ісіне деген адалдығын, адам саулығына ерекше қамқорлықпен қарайтынын көріп, көзім сүйсінді. Күні-түні науқастарға барлық жағдай жасап, уақытпен санаспай, медициналық қызмет көрсеткеніне еріксіз тәнті боласың.

Айман Шәріпқызын Махамбет аудандық ауруханасында жас маман болып еңбек жолын бастағаннан бері білемін. Бірге еңбек еттік. Осыдан алты жыл бұрын халықтың денсаулығын сақтау ісіне деген айрықша еңбегі үшін аталған сала үздігі белгісімен марапатталды. 2008 жылы Австрияның Вена қаласында инсульт (ми қан айналымының бұзылған аурулары) бойынша өткен дүниежүзілік конгреске қатысып, кәсіби біліктілігін көтеріп келді. Сонымен қатар, аурухана емдеу-сауықтыру кешенінің нұсқаушылары Гүлмира Оралбаева, Әлия Қасимова, медбикелер Айсұлу Сырлыбаева, Күләнда Наурызғалиева, Қазима Мырзағалиева, Балзия Тасимова, Сәуле Нұрсафина, Қалилаш Сариева және Нәсіп Қағазғалиеваның да адам саулығы үшін жасап жатқан еңбектерін емделушілер жоғары бағалайды.

Шағия ЕСМАҒАМБЕТОВА,

еңбек ардагері.

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз