Су болса, ну да болады

usk0adibpatpwaed lg Қоғам

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ХАЛҚЫН СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРҒАН НЕГІЗГІ АРТЕРИЯ – ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІНІҢ ЖАЙ-КҮЙІ ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА МҮШКІЛДЕНІП БАРАДЫ. ОНЫ ҚАЛАНЫ ҚАҚ ЖАРЫП АҒЫП ЖАТҚАН ӨЗЕННІҢ АРНАСЫНАН-АҚ АҢҒАРА АЛАМЫЗ. ӘРІ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕН БОЛҒАНДЫҚТАН, КӨРШІНІҢ «КӨҢІЛІНЕ» ҚАРАУҒА ТАҒЫ ТУРА КЕЛЕДІ.

Соңғы он жылдағы Жайықтың жағдайы өзеннен пайдалануға алынатын су көлемін мейлінше азайту мүмкіндіктерін қарастыруды қажет ететіні анық. Ал, тіршілік нәрін сақтаудың нақты тетіктері бар ма? Осы тақырып та батыс өңіріндегі төрт облыстың су көздеріне жауапты ЖайықКаспий бассейндік инспекцияның кеңсесіне арнайы барып , мекеме басшысы Ғалидолла Әзидуллинмен сұхбаттасқан едік.

КІСІДЕГІНІҢ КІЛТІ АСПАНДА

Жайық өзеніндегі су қорының 80%-ы Ресей Федерациясының аумағында болғандықтан, өзеннің төменгі ағысындағы Батыс Қазақстан және Атырау облыстары жоғарыдан келетін су көлеміне тәуелді. Ал, өзеннің көпжылдық орташа су көлемі – 9,46 текше километр. Қазір су көлемі Қазақстан Республикасымен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасында 1996 жылы бекітілген Жайық өзені бассейні су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі хаттамалық шешімге сәйкес жіберіліп келеді. Ал, «Қазгидромет» РМК мәліметтерін сараласақ, соңғы жылдары су аз келгені байқалады.

– Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданының аумағындағы, Жайық өзенінің Қазақстанға құяр тұсында орналасқан Январцево гидробекетіндегі өр суының көлемі 2019 жылы 3,5 текше шақырымға түсіп кетті. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Одан кейінгі жылдары жайлап көтеріле бастады. Маман ретінде биыл 400 миллион текше метрдей су көбірек келгенін топшылап отырмыз. Өйткені, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда су деңгейі 30-50 сантиметрдей биік болды. Мұның басты себебі – Ресейден келетін су көлемінің ұлғаюы, яғни өзеннің жоғарғы ағысында биыл жауын-шашын жиі болды. Негізгі қағидаға сәйкес, өзеннің сулы болуы қыста жауған қардың көлеміне, жердің ылғалы мен көктемгі жауын – шашынға тәуелді . Барлық өзенде жылдық су көлемінің 70-80 пайызына дейін көктемде өтіп кетеді де, қалған уақытта жауын-шашын мөлшеріне қарай келеді. Биыл Ресейде жаз жаңбырлы болып, су созылмалы келді. Мысалы, мамыр мен маусымда көрші елде жауын-шашын жиілеп, маусым мен шілдеде өзен суы тағы да көтерілді. Былтырғыдан гөрі биыл су мол келді деуімнің басты себебі осы. Нақты есебін алдағы жылдың басында «Қазгидромет» берген мәліметтен көре аламыз, – деді инспекция басшысы.

САРҚЫЛМАЙТЫН СУ БОЛМАС

Бұрыннан қалыптасқан тәртіп бойынша Индер және Махамбет аудандарындағы су арналары, шаруашылықтар мен каналдарға су Жайықтан шығады. Тіпті, Атырау қаласындағы өндіріс ошақтары да Жайықтың суын тұтынып отыр. Өндіріс артып, қала халқының саны ұлғайған сайын сұраныстың да арта түсетіні заңдылық.

Оған қоса , жаһандық жылынудың салдары мен жоғары жақта «иесі» бар өзеннің суы жылдан-жылға азаймаса, көбею мөлшері мандымай тұр. Сол себепті, Жайыққа тәуелді Қазақстанның қос облысына келген суды барынша тиімді пайдаланып, су көзін сақтау ләзім. Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың да түрлі жиындарда айтып жүрген пікірі осыған саяды.

Арнайы рұқсатқа сай Жайықтан су алған тиісті құрылымдар жерүсті нысандарына су пайдаланғаны үшін салық декларациясын тапсырып, тиісті төлем жасайды. Бұл – Салық кодексінің негізінде заңдастырылған тәртіп. Атырау облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген алым мөлшеріне көз жүгіртсек, өзеннен шаруашылықтұрмыстық қажеттілікке алынған 1000 текше метр су үшін 143 теңге төлейді. Мысалы, «Атырау облысының Су арнасы» мекемесі осы санатқа жатады. Ал, мұнай өңдеу зауыты, жылу-қуат орталығы тәрізді ірі кәсіпорындар өндірістік бағытта пайдалану үшін алған суына 817 теңге, тоған және ауыл шаруашылығы мақсатына тұтынылса, әрбір 1000 текше метр суға 111,3-115,1 теңгеден төлем жасауға тиіс.

 – Осыдан отыз жылдай бұрын Атырау облысы Жайықтан суды миллиардтап алған. Ал, қазір олай емес, біріншіден, ондай су көлемі жоқ. Екіншіден, облыстағы көптеген шаруашылықтар суды үнемдеп пайдалану технологиясына, әсіресе жаңбырлатып немесе тамшылатып суару тәсілдеріне көшіп кетті. Олардың саны жыл санап көбейіп келеді. Бұл осы салаға субсидия бөліп жатқан мемлекеттің қолдауы деп толық айтуға болады. Ал, өндіріс саласында суды үнемдеу үшін тұтынылған суды қайта өңдеп, екінші рет пайдалану жүйесі бар. Қазір көпшілігі осыған көшіп жатыр, – деді Ғалидолла Әзидуллин. Инспекция өз тарапынан су пайдалану лимитін бекіте отырып, оны пайдаланушыларға үнемі көлемін азайтуды ұсынып, үнемдеп пайдалану тетіктерін қолдануға кеңес беріп отыр. Бірақ, оларды егжей-тегжейлі тексеріп, салаға түбегейлі өзгеріс жасауға міндеттей алмайды. Бұл іске жергілікті әкімдік пен тиісті басқарма басшылары тізе қосып жұмыла кіріспесе, мәселе ешқашан шешімін таппайтыны сөзсіз.

P.S.Ғалымдардың зерттеуі бойынша ас ішпеген пенде бір айға шыдайды екен. Ал, су ішпеген жан үш күннен артық өмір сүруге дәрменсіз көрінеді. Судың өзге қажеттіліктерден гөрі «тіршілік нәрі» деп айрықшалануы да осы себептен. Қазір Қазақстан Президентінің өзі осы мәселеге жиі тоқталып жүр. Демек, дабыл дер кезінде соғылып жатыр. Енді осы мәселені шешу үшін не істей аламыз? Заңға арнайы өзгеріс енгізу қажет пе? Әлде қолданыстағы заңдардың орындалысын бақылауды күшейту керек пе?.. Бұл туралы әңгіме – келшектің үлесінде.

Салтанат САНСЫЗБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз