Жарнама
Қоғам

Халықтар достығы – жарқын болашақтың кепілі

Халық ақыны Әбділда Тәжібаевтың: “Бүгін үйрен жалаңаяқ шоқ басып, Ертең отқа лақтырса да күймеуге…” деген жыр жолдары ойға оралады. Өйткені, қазақ халқы өз жылнамасында небір қиындық, ауыр сынақтарды бастан өткерді. Орыспен “тамыр”, өзбекпен “бауыр”, қырғызбен “бір туған”, өзге ұлт-ұлыстармен де жылы лепеспен қарым-қатынас жасады. Сонау зұлмат жылдары кәріс, неміс, шешен, еврей мен украиндарды да бауырына басты. Бауырмалдық деген осы болса керек.

Тәуелсіздік алғаннан бері де осындай ыстық ықыластан бой тартқан емес. Соның бәрінен ортақ мүдде, татулық пен бірліктің айқын көрінісін көреміз. Ынтымақ пен ырыс тек бейбіт тұрмыстың арқасында келеді. Қазақстандағы бүгінгі беймарал тірлік, тыныш өмір соны дәлелдеп отыр. Лайым, сондай тыныштық пен достықтан айырмасын!

Бүгін Астанада “Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл” тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында әр ұлыс өкілі осындай ақпейілдігі үшін қазақ халқына шынайы алғысын білдірді. Геосаяси жағдай, отбасы тәрбиесі, қоғамның ашықтығы, жастарды еңбекке баулу, арандатушылыққа жол бермеу, басқа да өзекті мәселелер ортаға салынды.

Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тыныш өмірді халықтар достығының нәтижесі деп атап көрсетті.

–Тәуелсіздік – ынтымақ, татулық пен бірліктің арқасында нығаяды. Бәріміз соған жұмылуымыз керек. Әйтпесе тек посткеңестік кеңістікте емес, күллі әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың салтанат құруының нәтижесінде қаншалықты реформалар мен сындарлы істер жүзеге асып жатқаны белгілі. Әсіресе мұны жас буын жақсы түсінуі керек, — деді Президент.

Шынында “Адал азамат” тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы халықтың ортақ болмысты қалыптастыру аса маңызды. Бұл мүдде тұрғысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі зор.

Назарбек ҚОСШИЕВ,
ҚХА ХХХІV сессиясының делегаты,
Атырау облыстық ҚХА Журналистер клубының төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button